Электронды Сәулелік Түтік

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Электронды Сәулелік Түтік – басқарылатын бір немесе бірнеше электрондар ағынымен жұмыс істейтін электр вакуумдық прибор. Ауасы аса сиретілген түтік ішінде электрондар сәулесінің пайда болатындығын 1879 ж. ағылшын физигі У.Крукс байқады. Э. с. т-тің алғашқы түрін неміс физигі К.Браун 1897 ж. құрастырған. Оның түтігі суық катодтан, диафрагмадан, анодтан және люминесценцияланатын экраннан құралды. 1905 ж. неміс физигі А.Венельттің қыздырылмалы катодты ойлап табуы жоғары вакуумды Э. с. т-тің жасалуына әсер етті. Э. с. т-ті кемелдендіру бағытындағы үлкен бетбұрыс фотоэлектрлік эффектінің (бұл құбылысты бір-біріне байланыссыз неміс ғалымдары Г.Герц пен В.Гальвакс және орыс ғалымы А.Г. Столетов зерттеген) ашылуына және электрондық оптика мен катодтық люминесценция саласындағы қол жеткен табыстарға байланысты болды. Қарапайым Э. с. т. ішінен ауасы жоғары дәрежедегі вакуумға дейін сорылып алынған шыны колба түрінде болады. Колбаның бір ұшына флуоресценцияланатын экран, келесі ұшына электрондардың бағытталған жіңішке шоғын тудыратын электрондық прожектор орнатылады. Электрондық прожектор электрондар ұшып шығатын қызған катодтан, электрондар ағынының қарқындылығын өзгертіп отыратын модулятордан (басқарушы электродтан) және бірнеше анодтан құралады. Электрондардың жіңішке шоғы прожектордың электрстатик. не эл.-магн. линзаларының көмегімен түзіледі. Электрондар сәулесі бұрушы жүйенің магнит не электр өрісі әсерінен Э. с. т. экранының бетінде орын ауыстырып отырады. Э. с. т. құралымына және қолданылуына қарай әр түрлі болып келеді. Э. с. т-тер көрінетін кескінді электр сигналына және керісінше түрлендіру (таратқыш электронды сәулелік түтіктер), көзге көрінбейтін сәулені (мыс., инфрақызыл сәулені) көрінетін кескінге түрлендіру (қабылдағыш электронды сәулелік түтіктер) және электр сигналдарын жинақтап қайта шығарып отыру (электронды оптик. түрлендіргіш) үшін пайдаланылады. Электрондық коммутатор, электрондық микроскоп та Э. с. т-ке жатады.

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}