Ықтағы аралдар
Ықтағы аралдар , Оңтүстік Антиль аралдары – Кариб теңізіндегі Кіші Антиль аралдарының оңтүстік-батыс тізбегі, жанартаулық және маржанды аралдар тобы, Аруба, Кюрасао, Бонайре (Нидерланд құрамында), Авес, Лос-Рокес, Орчила, Бланкилья және Лос-Эрманос (Венесуэлаға қарайды) аралдарынан тұрады. Ауданы 1,2 мың км-ге жуық, биіктігі 372 м-ге дейін. Ірі аралдар беті жанартаулық және шөгінді жыныстармен (негізінен әктас) жабылған метаморфтық және кристалдық жыныстардан тұрады; ұсақ аралдар маржаннан түзілген, жазық келеді. Климаты тропиктік. Жылдық жауын-шашын мөлшері 500 – 600 мм. Мәңгі жасыл қатты жапырақты ормандар мен бұталар өскен. Лос-Рокес аралында ұлттық саябақ (ауданы 225 мың га, 1972 ж.) құрылған. Ауыл шаруашылығында сорго, батат, банан өсіріледі, қой, ешкі ш. дамыған. Кюрасао және Аруба аралдарында Венесуэла мұнайын өңдейтін зауыт бар. Лос-Рокес және Орчила аралдарының маңынан інжу өндіріледі. Ықтағы аралдар аты солтүстік-шығыс пассат ағысының ық жағында орналасуына байланысты қойылған. Ірі қалалары: Виллемстад (Кюрасао аралында), Ораньестад (Аруба аралында).
Сілтемелер
Қазақ энциклопедиясы, 9 т.