Шыңғыстау-тарбағатай қатпарлы жүйесі
Шыңғыстау-Тарбағатай қатпарлы жүйесі – алғашқы палеозойда тұрақтанған каледондық құрылым.
Геологиялық құрылымы
Жүйе солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай созылған құрылымдар жиынтығынан тұрады. Ол батысында Орталық Қазақстан терең жарылымы арқылы Көкшетау-Тянь-Шань жүйесінің Майқайың және Баянауыл құрылымдарымен тоғысса, оңтүстік-батысы мен оңтүстігінде герциндік Жоңғар-Балқаш қатпарлы жүйесіне жататын Шыңғыс маңы құрылымдық-формациялық белдемімен жапсарласқан.
Сипаты
Жүйенің солтүстігінен Ертіс маңы ойысы көмкерсе, Тарбағатай жоталарынан тұратын оңтүстік-шығыс бөлігі Қытаймен жалғасқан. Жүйе Шыңғыс терең жарылымы арқылы екі бөлікке бөлінген. Бұл жарылымның оңтүстік-батыс бөлігінде Ақшатау және Абыралы (Майбұлақ) құрылымдық-формациялық белдемдері оқшауланса, ал солтүстік-шығыс бөлігінде Ханшыңғыс және Арқалық құрылымдық-формациялық белдемдері жатыр. Жарылымның шығыс бетінде Батыс Тарбағатай белдемі орналасқан. <ref>Қазақ энциклопедиясы, 9 т.</ref>