Шығыс Ғұн Империясы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Шығыс Ғұн империясы - б.з. 48 жылы ғұндар екіге бөлінген кезде құрылған мемлекет. Осы кезде шығыс ғұндарда билік басына Хуханьенің немересі Би келген болатын. Ол өзінің күшінің әлсіз екенін сезіп, солтүстік ғұндармен бірге Қытай жағына шығып соғысты. 50 жылы солтүстік ғұндармен болған шайқаста Би әскері жеңіліске ұшырады. Император оған Мэйцы уезіне (оңтүстік-шығыста қазіргі Моңғолия аумағының ішкі жағы) Сихэ аймағына көшуді бұйырады. 55 жылы тәңірқұт Би қайтыс болады.
Шығыс ғұндардың жаңа билеушісі Сюень ел билеуде ешқандай талантымен көріне алмады. Сюеньнің орнына келген Тунтухэ тәңірқұт 93 жылы қайтыс болып, Анго тәңірқұт билікті қолына алды.
Билікке келген соң Анго тәңірқұт шығыс ғұндардың өзіне достық ойламайтындығын сезініп, соғыста бағынған батыс ғұндарды өз жағына тарта бастады. Бұдан қатты қауіптенген Шығыс Ғұн қолбасшысы Шығы Қытай шекарасына қарай жылжиды.
Қытайдың жергілікті билеуші өкілі Ду Чун Шығыны жақтап, императорға "Анго мұрагерді өлтірмекші болды" деп жала жабады. Император оған әскер беріп, тексеру жүргізуге жібереді. 94 жылы ол қытай әскерін бастап Анго ордасына қарай беттейді. Анго мұның жай тексеру емес екенін сезіп, далаға қарай шегініп кетеді. Оның жанына батыс және шығыс ғұндардың біразы топтасады.
Анго сатқын інісі Шығыны жазалау үшін жорыққа шығады, бірақ Шығы қытайдың Мансянчен деген қамалына барып тығылып үлгереді. Ду Чун шығыс ғұндарды әскеріне қосып алып, оның санын көбейткен соң, Ангоға шабуыл жасайды. Анго жағындағы шығыс ғұндар бұл жағдайдан зәре-құты қашып, Ду Чун жағына беріліп, Ангоны өлтіреді. Содан кейін Шығы билікке келеді. Бірақ батыс ғұндар түнде шығып, шабуыл жасайды.
Шығының билігі кезінде оған қарсы көтеріліс басталды. Алайда қытайлардың көмегімен көтеріліс күшпен басылды. 89 жылы Шығы қайтыс болып, орнына інісі Тхан билікке келеді.
142 - 215 жылдар аралығында шығыс ғұндар екіге бөлінді: бірі бірте-бірте солтүстікке қарай жылжыса, енді бір бөлігі мекендеген жерінде қалып қойды. Ғұндардың көп бөлігі сәнбилерге қосылып кетті. Ал көшпенді тұрмыс-салтты аңсағандары солтүстік көшпенді тайпаларға қосылды. Қытайлардың арасында қалған ғұндар түрі, мінез-құлқы жағынан қытайларға барған сайын жақындай берді.
215 жылы шығыс ғұндар өз мемлекеттігінен айырыла бастады. Билеушісі Хучуцуань тұтқындалған соң, оларды енді жергілікті билеушісі басқаратын болды. Сөйтіп, Қытай империясы мен Ғұн империясының арасындағы 300 жылдай уақытқа созылған қырғын қытайлардың жеңісімен аяқталды.