Шарль Луи Монтескье

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Үлгі:Infobox Biography Монтескье Шарль Луи (Үлгі:Lang-fr; 18 қаңтар 1689 — 10 ақпан 1755), Шарль де Секонда, барон де Ла Бред и де Монтескье – француз ағартушысы, философ, социолог.

Негізгі еңбектері: “Парсы хаттары” (1721), “Заңдардың рухы туралы” (1748). Монтескье теология мен дінді қатты сынға ала отырып, адамзат қоғамының дамуында белгілі бір объективті заңдылық бар екендігін мойындайды. Дінді қоғамда тәртіпті сақтау үшін, адамгершілікті қалыптастыру үшін қажет деп есептейді. Монтескье адамның табиғи еркіндігі теориясына сүйене отырып, оның бақытты болуға құқылы екендігін түсіндірді. Оның саяси идеялары классикалық либерализмге негізделген. Монтескье “Заңдардың рухы туралы” еңбегінде заңдардың шығу себептерін, қалыптасуын зерттеді. Монтескье пікірі бойынша, нағыз әділ заң адамның табиғи құқығына негізделуі қажет. Монтескье адамның ақыл-ойы, парасаты құдай белгілеп берген нәрсе емес, оның өмір сүріп отырған ортасының жемісі, сол ортаның өзгеруімен ол да өзгеріп отырады, заңды қатаң сақтау бостандықты қамтамасыз етуге, мемл. төңкерістерді болдырмауға қызмет етеді деген пікірде болды. Ол мемлекеттік биліктің үш сатысын:

  1. заң шығарушы,
  2. атқарушы
  3. сот билігін бөлу арқылы басқару азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, өкімет билігін теріс пайдаланып, қиянат жасауды болдырмайды деген ой айтты.<ref>Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Әлеуметтану және саясаттану бойынша / Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е. Арын - Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ. 2006. - 569 б. ISBN 9965-808-89-9</ref>

Аталған еңбекте басқарудың республика, монархия және деспоттық түрлерін айқындап, олардың өзіндік ерекшеліктерін атап көрсетті. Билікті бөлу теориясына ерекше көңіл бөлді. Билікті әділ бөлмейінше, оны заңдастырмайынша еркіндіктің, саяси бостандықтардың жүзеге асуына жол жоқ. Монтескье мемлекет, демократия басқару жүйесін ұсына отырып, оның объективтілігін негіздеуге ұмтылды. Қоғам, оның ойынша, біртұтас әлеуметтік құрылым және тек халықтың жалпы рухы арқылы тануға болатын процесс. Монтескье философия тарихында алғаш рет географиялық орта мен оның қоғам дамуындағы орнына ерекше көңіл бөлді. Оның ойынша табиғаттың объективті заңдылығы әрбір халықтың психологиясы мен тұрмысына ерекше әсер етеді. Әсіресе климаттың, топырақ пен жер қыртысының адамдардың мінез-құлықтары мен халықтық әдет-ғұрыптардың қалыптасуына ықпал ететіндігін атап көрсетті.<ref>Саяси түсіндірме сөздік. – Алматы, 2007. ISBN 9965-32-491-3</ref>

Өмірбаяны

Монтескье француз ағартушыларының ішінде ең үлкені болды. Ол 1689 жылы Ла-Бред сарайында орташа дәулетті дворян отбасында дүниеге келген. Оның ағасының баласы жоқ болғандықтан, Монтескьеге бар дүниесін, атағын, қызметін мұраға қалдырады. Бұл болашақ жазушының бүкіл ғұмырын толығымен әдебиетке арнауына мүмкіндік берді. 1705 жылға дейін бес жыл бойы діни училищеде білім алды. Монтескье француз қоғамының заң саласын толық оқып, жетік меңгеріп шыққандықтан елдегі экономикалық, әлуметтік және саяси келеңсіздіктерді айқын аңғарып отырды. Оқуын бітірген соң Бордо академиясының мүшесі болып тағайындалады. 1720 жылы Монтескье «Парсы хаттары» деген шығарма жазып, бір жылдан кейін бұл шығармасын жасырын атпен жариялайды. Бұл романдағы автордың негізгі идеясы кейіннен «Рим империясының ұлылығы мен құлауының себептері туралы ойтолғамдар» және «Заңдар рухы» еңбектерінде кеңінен әңгімеленеді. Монтескье ғылыми мәселелерді академиялық қызығушылық үшін емес, адамдардың қоғамдық өмірін жақсарту үшін зерттеп, ғалым-күрескер ретінде танылды. «Парсы хаттары» деп аталатын туындысында бай әрі атақты Өзбек Европамен, оның мәдениетімен танысуға барады. Өзбек өз жерінде достарын, керемет сарайын, көптеген әйелдерін қалдырып кетеді. Соларға көрген-білгені туралы, Европа өркениеті туралы хатқа жазып жіберіп отырады. Осылайша Монтескье патшаның сақ цензурасынан құтылады. Яғни француз жерінде болып жатқан түрлі жағдайларды Өзбектің хаты түрінде баяндайды. Өзбек өз хаттарында француз қоғамының мансапқорлығын, жалқаулығын, екіжүзділігін, көрсе қызарлығын және басқа кемшіліктерін әшкерелейді.<ref>История зарубежной литературы ХУІІ-ХУІІІ в.в. С.Д.Артамонов, З.Т.Гражданская, Р.М.Самарин. Москва, Просвещение, 1973</ref> Эпистолярлық романның шегінен шықпай-ақ, Монтескье өз романын саяси трактатқа айналдырады. Ол өзі бұл шығарманы ХҮІІІ ғасырда ағартушылар тудырған философиялық трактат жанрына жатқызады. Онда шығыстық деспотизм мен батыстық монархияны сынға алып, республиканы қолдайды. Монтескье католиктік шіркеуді, патша билігін нысанаға алады. Оның пікірінше құдай адамды емес, адам құдайды өздеріне ұқсатып қиялынан жаратқан. 1751 жылы Готье атты бір аббат жазушыға қарсы «Парсы хаттары» – бұл сұрқия кітап» деген брошюра шығарады. Монтескье өркениетті елдердің басқыншылық саясатына, сол жердің тұрғындарын қанауына түбегейлі қарсы. Құл сату, қара нәсілділерді Америкаға зорлықпен, күштеп апарып, сатуға қарсы. Ол соғыстың екі түрін ғана мойындайды: біріншісі өз отанын сыртқы жаудан қорғау, екіншісі, басқыншылыққа ұшыраған жақтасыңа көмектесу. Ал басқа соғыстардың барлығы әділетсіз және заңсыз деп түсінеді.<ref>История зарубежной литературы ХУІІІ века. С.Д.Артамонов, З.Т.Гражданская. Москва, Просвещение, 1956</ref> Монтескьенің «Парсы хаттары» өте сәтті шығады. Автор есімі баршаға танылады. Біраз оқырманды шығарманың шын мәніндегі астарлы мазмұны емес, жеңіл, біршама еркін формасы, онда суреттелген аристократтық салондар, сарай өмірінің ұрыс-керісі қызықтырды. Ал шіркеу бұл шығарманы оқуға тыйым салды. «Парсы хаттарынан» кейін Монтескье «Кандидадағы ғибадатхана», «Пафосқа саяхат» атты шығармаларын жазады. Алайда Монтескье өзі бұл шығармаларына аса мән бермейді. Ол түбегейлі зерттеу жұмыстарымен айналысып, батыс Европа елдерін аралайды. Үш жыл бойы ол Франциядан тыс жерде өмір сүріп, Италия, Голландия, Германия, Англия елдерінің саяси-әлеуметік құрылымын зерттейді. Монтескье Англияда көрнекті саяси қайраткерлермен – Уолполоммен, Боллингброкпен, граф Честерфилдпен, Свифтпен, әуелі ағылшын патшайымының өзімен кездеседі. Англияда патша ғылыми қоғамының мүшелігіне тағайындалады. «Заңдар рухы» атты еңбегін Монтескье өзінің осы негізгі еңбегін 20 жыл бойы жазады. Мұнда ол заңдар табиғаты туралы өз көзқарасының жүйесін жасайды. «Әділ заң адамның табиғи құқықтарынан туындайды. Ол қоғамның ар-ұяты болады. Заң бәрінен де биік тұруы қажет. Халықтың және жеке тұлғаның еркіндігі заңға бағынғандығынан көрінеді. Заңға қанаушылардың қолын сұқпауын қамтамасыз ететін мемлекеттің болашағы бар» деген ой айтады. Дидро мен Гельвеций Монтескье ойларына сыни көзбен қарады.<ref>Артамонов С.Д. История зарубежной литературы ХУІІ-ХУІІІвв. Москва, Просвещение, 1988</ref> «Заңдар рухы» шығармасынан кейін Монтескье әдеби еңбекпен шұғылданған жоқ. 1755 жылы дүниеден өтеді. ХУІІІ ғасырдағы француз ағартушыларынан Дидро ғана Монтескьені соңғы сапарға шығарып салысады.

Дереккөздер

<references/>