Халықтардың қоныстану географиясы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Халықтардың қоныстану географиясыЖер шары бойынша халықтың таралу заңдылықтарын зерттейтін ғылым, экономикалық географияның бір саласы. Әр түрлі әлеуметтік, экономикалық, тарихи және табиғи жағдайлардағы халықтың құрамын, елді мекендердің қалыптасуы мен дамуының кеңістіктегі ерекшеліктерін қарастырады.

Халықтардың қоныстану географиясының зерттейтін бағыттары:

  • халықтың табиғи қозғалысының, демографиялық құрылымының аймақтық ерекшеліктерін;
  • халықтың әлеуметтік және этникалық құрамын;
  • еңбек ресурстары мен оларды пайдалануды;
  • көші-қон бағытын, қарқыны мен құрамын;
  • халықтың тығыздығын және аумақ бойынша қоныстануын зерттейді.

Дүние жүзінің әр түрлі аймақтарындағы халықтың тыныс-тіршілігі ежелден бері саяхатшылардың назарында болғанымен, 18 ғасырға дейін халықтар елтанушылық бағытта танымдық-сипаттамалық түрде ғана зерттелді. Сол замандағы халықтардың қоныстану географиясы мазмұнындағы еңбектерде кереғар бағыттағы қағидалар да орын алды. Мәселен, 18 ғасырдың соңында ағылшын діндары Т.Мальтустің «Халықтың қоныстану ұстанымы очеркі» трактатында халықтың тез өсуі нәтижесінде тағам жетіспеушілігі туындайды, сол себепті оның тууын тежеуші зұлмат күш керек, – деп адамзат баласына жат теріс пиғылдағы тұжырымға келді. 19 ғасырда география ғылымынан антропогеография бағыты бөлініп шықты. Оның негізін салушы неміс ғалымы Ф.Ратцель халықты табиғатқа тікелей тәуелді тұрғыдан қарастырып, оны биогеография ғылымының саласы ретінде ұсынды. Ал француздық «адамдар географиясы» мектебін құрушы Видаль де ла Блаш адам мен табиғат арақатынасын тарихи, экономикалық, психологиялық, тағы да басқа факторлармен байланыста түсіндірді. КСРО-да Халықтардың қоныстану географиясы жеке сала ретінде 1940 жылдардан дами бастады. Оның негізін құрушы Н.Н.Баранский 2-дүниежүзілік соғысы жылдары Қазақстанда тұрып, республикамызды экономика-географиялық аудандастыру бағытындағы зерттеу еңбектерінде елді мекендердің орналасуы мен еңбек ресурстарына үлкен мән берді. Республикадағы халық санының өсуі мен даму заңдылықтарын зерттеумен М.Тәтімов, У.Шалекенов, Ұ.Ысқақов т.б. ғалымдар айналысуда. Қазіргі таңда Халықтардың қоныстану географиясы қоғамдық және нарықтық, өндіріс пен өндіргіш күштердің даму үрдісін, халықтың аумақтық орналасуы мен оның құрылымын зерттеумен айналысады. Халықтың саны, оның ұдайы өсу заңдылықтары, құрамы мен құрылымындағы айырмашылықтар, халықтың аумақтық қоныстануы мен көші-қоны, еңбек дағдылары мен мәдени-тұрмыстық ерекшеліктері, елді мекендер мен олардың жүйелі орналасуы геогр. тұрғыда зерттелуде. Халықтың саны мен құрамын зерттеп білуде халық санағын жүргізудің маңызы зор. Дүние жүзі бойынша халық санағын Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықтар туралы комиссиясы жүргізеді. Халықтардың қоныстану географиясы құрамының күрделіленуі мен мазмұнының кеңейіп дамуы барысында бірнеше жеке тармақтарға: ауыл халқының географиясы, геоурбанистика, көші-қон, т.б. жіктеледі. Халықтардың қоныстану географиясының басқа ғылымдармен тоғысуы нәтижесінде жаңа ғылым салалар пайда болады. Мысалы, оның демография және этнография ғылымдарының түйісу шебінде демогеография салалары бастау алды. Адамзат қоғамының даму үрдісін кешенді зерттеу мәселесінде Халықтардың қоныстану географиясының өзіндік орны мен болашағы бар.<ref>Қазақ ұлттық энциклопедиясы</ref>

Дереккөздер

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}} {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}


{{#ifeq:|Үлгі

| Бұл үлгі мақалаларды автоматты түрде Үлгі:C қосады. {{#ifeq:Халықтардың қоныстану географиясы|Документация||}}{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}} |{{#if:||{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}}}} }}