Халықаралық ғарыш құқығы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Халықаралық ғарыш құқығы – бұл халықаралық құқық субъектілерінің ғарыш кеңістігін, аспан денелерін қоса алғанда, зерттеу және пайдалану қызметтеріне байланысты олардың арасындағы қатынастарды реттейтін құқықтық нормалар мен қағидалар жиынтығын көрсететін осы заманғы халықаралық құқықтың бір саласы. Оның тарихы Жердің алғашқы жасанды серігін 1957 ж. жіберуден басталады. 1961 және 1963 жж. желтоқсан айларында мемлекеттердің ғарыш кеңістігін пайдалану және зерттеу жөніндегі қызметтерінің құқықтық қағидалары мен нормаларын айқындайтын БҰҰ Бас Ассамблеясының қарары қабылданды.

Негізгі қағидалар қатарына: ғарыш кеңістігін зерттеу, пайдалану еркіндігінің қағидасы; ғарыш кеңістігіне мемлекеттердің тәуелсіздіктерінің таралмау қағидасы; ғарыш кеңістігін ұлттық иемденуге тыйым салу қағидасы жатқызылады.

БҰҰ аясында 1959 ж. БҰҰ Бас Ассамблеясының қосалқы органы – ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарға пайдалану жөніндегі Комитеті құрылды.

Қайнар көздер

Халықаралық ғарыш құқығының қайнар көздері жүйесін БҰҰ шеңберінде жасалған мемлекеттердің ғарыштағы бірлескен қызметін реттейтін ғылыми-техникалық сипаттағы көптеген халықаралық шарттары; мемлекеттердің жердегі және әуе кеңістігіндегі ғарышты зерттеу және пайдалануға байланысты қызметін айқындайтын шарттар құрайды.

Қайнар көздердің бірінші тобына

  • ғарыш кеңістігін, Айды және басқа да аспан денелерін зерттеу және пайдаланудағы мемлекеттер қызметінің қағидалары туралы 1967 ж. Шарт;
  • ғарыш кеңістігіне жіберілген ғарышкерлерді құтқару, ғарышкерлерді және объектілерді қайтару туралы 1968 ж. Келісім;
  • ғарыш объектілері келтірілген залалдар үшін халықаралық жауапкершілік туралы 1972 ж. Конвенция;
  • ғарыш кеңістігіне жіберілетін объектілерді тіркеу туралы 1976 ж. Конвенция;
  • мемлекеттердің Айдағы және басқа аспан денелеріндегі қызметі туралы 1984 ж. Келісім жатады.

Халықаралық ғарыш құқығының қайнар көздерінің екінші тобы ғылыми-техникалық бағыт сипатында, оларды Еуропа ғарыш агенттігі; Интерспутник және басқа да көптеген үкіметаралық ұйымдар қабылдаған. Екі жақты және көп жақты сипаттағы мұндай шарттар мемлекеттердің ғарыштағы бірлескен қызметінің нақты және жалпы мәселелеріне қатысты болады.

Үшінші топтағы шарттар ғарышкерлерді және ғарыш объектілерін құтқару және қайтаруға байланысты жерде жүргізілетін операциялардың құқықтық мәселелерін реттейді. Сонымен бірге, ғарыш объектілерінің немесе олардың құрамдас бөліктерінің жерге құлауы кезінде келтірілген залалдарды өтеуді қамтамасыз етуге байланысты мәселелерді реттейді.

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}