Франктер империясының құрылуы және құлдырауы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Үлгі:Мемлекет


Майордомдар билігі. "Майордом" латынша "үйдің үлкені", "басшысы" дегенді білдіреді. 511 жылы Хлодвиг өлгеннен кейін оның мұрагерлері жер мен билік үшін қиян-кескі күрес жүргізді. Ел біресе бөлшектеліп, біресе қайта бірігіп, тұрақсыз жағдай орнады. Меровингтер әулетінен шыққан корольдердің билігі әлсіреп, майордомдардың ықпалы күшейе түсті. Король майордомдарды сарай шаруашылығын басқаруға тағайындайтын. Біртіндеп майордом қызметі әкеден балаға мұра ретінде қала беретін мемлекеттегі ең жоғарғы лауазымды қызметке айналды.

Майордом Карл Мартелл 715-741 жылдары корольмен санаспай-ақ өз билігін жүргізді. Оның билігі кезінде араб әскерлері Испаниядан өтіп, Галлияға шабуыл жасады. Бірақ оларды франктер 732 жылы Пуатье түбінде талқандады. Арабтар тарапынан төнген қауіп Карл Мартеллді күшті атты әскер құруға итермеледі. Атты әскер қатарына қабылданғандар майордомнан тұрғылықты шаруаларымен қоса жер үлестерін алды. Ол жерден түсетін табысқа иесі өзіне ат пен қару-жарақ сатып алуға міндетті еді.

Алғашында жер жауынгердің меншігіне мәңгіге емес, тек әскерде қызмет атқарып жүрген кезінде ғана берілетін. Кейін ол жер үлестері әкеден балаға мұра ретінде қалып отырды. сөйтіп оның балалары да әскери қызметті жалғастыруға міндеттенді. Атты әскерлеріне жер үлестіру үшін Карл шіркеу иеліктерінің біраз бөлігін тартып алды.

Карл мартеллдің сыйлыққа жер үйлестіріп беруі Еуропада жаңа қоғамдық құрылыс - феодализмнің қалыптасуының бастауы болды.

Меровингтер әулетінің ақыры. Қортық Пипиннің билігі. 741 жылы Карл Мартелл өлген соң майордомдық оның баласы Қортық Пипиннің қолына түсті. Ол Меровингтерді құлатып, кароль атағын алуды аңсады. Пипиннің карольді тақтан күшпен құлатып, өзін король деп жариялауы да болатын еді. Бірақ ол таққа заңды жолмен отыруды дұрыс деп ұйғарды. Бұл мақсатына жету үшін ол құдай атынан сөйлеуге құқы бар Рим папасын падаланды.

Лангобардтардан қысым көріп жүрген Рим папасы франктердің көмегіне зәру еді. Сондықтан ол Пипиннің кароль атанғанына келісім берді. 751 жылы папаның келісімі бойынша, франк ақсүйектерінің Суассондағы жиналысында Пипин ресми түрде франктер каролі болып жарияланды. Ол 768 жылға дейін корольдік етті. Меровингтер әулетінің ең соңғы королі Хилдерик монастырьға қамауға алынып, сол жерде қайтыс болды.

Қортық Пипин папаның жақсылығына жақсылықпен жауап қайтарды. Ол Италияға Лангобард корольдігіне қарсы екі жорық жасап, жаулап алған жерлерін рим папасына сыйлады. Ол жерде 756 жылы Папа мемлекеті құрылып, 870 жылға дейін өмір сүрді. Римдегі қазіргі Ватикан сол "Пипин сыйлығының" жұрнағы болып табылады.

Ұлы Карл және оның империясы. Қортық Пипин франктер мемлекетіндегі жаңа аулеттің негізін қалады. Бірақ ол пипиннің емес, оның әкесі Карл Мартеллдің атымен Каролингтер аулеті деп аталды. Ол әулеттің ең атақты королі Ұлы Карл болды. Ол 768-814 жылдары билік құрды. Карл ұзын бойлы, алып денелі, батыл адам болған. оның ерліктері мен тапқырлығы көп аңыздар мен өлеңдер жазылды. Тіпті "король" деген сөздің өзі соның атынан шыққан.

Ұлы Карлдың билік құрған жылдарының бәрі соғыспен өтті. 53 әскери жорықтың 27-сін Карлдың өзі басқарды. Оның жорықтыры Испанияға, герман тайпаларына және Италияға бағытталды. Франктер Рим папасына көмектесу үшін Италияға екі рет жорық жасап, лангобардтарды талқандады. Италияың көпшілік бөлігін өзіне қосып алды.

778 жылы Карлдың Испанияға жорығы сәтсіздікке ұшырады. Тек 801 жылы арабтарға қарсы соғыста жеңіске жетіп, Испанияның шағын аумағын жаулап алды. жылдары Карл сакстарға сегіз рет қанды жорық жасап, әрең дегенде олардың ақсүйктерін өз дегеніне көндірді. Саксония бірнеше графтықтарға бөлінді. Графтықтар басшылығына король ақсүйек франктер мен сакстарды тағайындады. Сакстар Карлдың күштеуімен христиан дінін қабылдады. 788-803 жылдары франктер славян тайпаларымен одақтаса отырып, VI ғасырда қалыптасқан аварар қағанатын Паннонияда талқандады.

Ұлы Карл билігінің соңына қарай Франк корольдігі өзінің жер көлемі жағынан бұрынғы Батыс Рим империясына жақындады. Карл империясының астанасы Аахен қаласы болды. Қиын кезде өзіне көрсеткен көмегіне алғыс ретінде папа 800 жылы Римде Карлға тәж кигізіп, император деп жариялады. Сөйтіп батыста жаңа империя өмірге келді.

Империяның ыдырауы. Қарудың күшімен және Ұлы Карлдың беделімен ғана құрылған Франк империясы ұзақ өмір сүре алмады. Ұлы карл өлгеннен кейін-ақ оның империясы ыдырай бастады. 843 жылы Карлдың балалары мен немерелері Верден қаласында империяны бөлісу жөнінде келісім жасады. Кіші ұлына империяның батысы, ортаншысына - шығыс бөлігі, ал ең үлкен немересіне Италия тиді. Сөйтіп Ұлы Карлдың империясы үшке бөлініп, үш корольдік пайда болды. Кейіннен олардың орнында Фанция, Германия және Италия мемлекеттері дүниеге келді.

Ұлы Карл кезіндегі империя мәдениеті. Ертедегі орта ғасырлардағы Еуропа мәдениетінің дамуына IV ғасырда мемлекеттік дін деңгейіне дейін көтерілген христиан діні елеулі үлес қосты. Жаңа дін сауатты қызметшілерге мұқтаж боды. Сол себепті монастырьлық мектептер көптеп ашылды. Халықтың сауатын ашып, білімін көтеруге Ұлы Карл қамқорлық жасап отырды. Ол өзінің білімі аз болса да, ұлан–ғайыр мемлекетті дұрыс басқару үшін сауатты адамдар керек екендігін жақсы түсінді. Императо өз сарайына Италиядан Павел Диакон, Испаниядан гот Теодульф сияқты көрнекті оқымыстыларды жинады.

Білім беу саласында, әсіесе ағылшын-сакс Алкуин көрнекті рөл атқарды. Ол тек оқыту ісін ұйымдастырумен шектеліп қоймай, оқулықта жазумен де айналысты. VI ғасырдағы ойшылдар Боэций мен Кассиодор антикалық мектептегі білімнің негізін құраған "жеті керікті өнерді" тривиум(грамматика, тіл өнері, диалектика) және квадривиум (геометрия, арифметика, астрономия және музыка) деп екіге бөлді.

Карлдың сарайында да мектеп болды. Ол мектепте императордың жан-жақтан жинаған оқымыстылары сабақ берді. Сондай-ақ сарайда академия деп аталған үйірме құрылды. Аңыз кейіпкері Академнің атымен аталған бұл философиялық мектептің негізін Платон қалаған еді. Оның мүшелері өлең жазды, философиялық мәселелерді талқылады,ежелгі авторлар мен шіркеу басшыларының еңбектерін оқып үйренді.

Ертедегі орта ғасырлардағы еуропалық мәдениеттің жетістіктері жинақталып, кітаптарға жазылды. Ол кітаптардың сапасын жақсартуға Ұлы Карл көп көңіл бөлді. Осы кезде кітаптардың сапасы да жақсара бастады. Кітаптар арнаулы өңделген бұзаудың немесе қойдың терісі - пергаментке жазылатын.

Ұлы Карл тарихқа, тарихи шығармаларға зор мән берді. Оның сарайында аннал (латынша "жыл") деп аталатын иаңызды оқиғалардың шежірелік тізбегі жазылып отырды.

V ғасырда Рим империясын жаулар алған варварлар ежелгі мәдениетті құлдыратып жіберген еді. Ұлы Карл ол мәдениетті, әсіресе ежелгі Рим мәдениетін қалпына келтіруге, одан әрі жетілдіріп, дамытуға үлес қосты. Сондықтан да Карл мен оның мұрагерлері билік жүргізген кезең тарихта "Каролингтердің қайта өрлеуі" деп аталып кетті.


Дереккөздер

<references/>Орта ғасырлардағы дүние жүзі тарихы. 2003 жыл. С.Мәшімбаев, С. Тортаев, М Мәженова.