Фосфорорганикалық қосылыстармен улану

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Фосфорорганикалық қосылыстармен улану (ФОҚ) - мақта, дәнді дақылдарды, жемісті ағаштарды, декорациялық дақылдарды, шөптердің т.б. зиянкестерімен күресуде пестицидтер ретінде қолданылады. Олардың кейбіреуі (хлорофос, байтекс) шыбындарды, масаларды, паразиттерді жою үшін қолданылады. Олардың барлығы тиімді инсектофунгицидтер болып табылады. Қазіргі кезде жиі орта улылыққа ие байтекс (тигубон, лейбацид, фентион), бутифос (фолекс), карбофос (малмтион, малатон), метафос (метипаратион, метацид), хлорофос (дифлокс, дилокс) және т.б. қолданылады.
Ағзаға улар негізінен тыныс алу, асқорыту жолдары мен тері жабындылары арқылы енеді. Фосфорорганикалық пестицидтер тұрақтылығы салыстырмалы түрде төмен болуымен ерекшеленеді. Олардың басым бөлігі топырақта, суда бір ай көлемінде ыдырайды. Олар хлорорганикалық қосылыстарға қарағанда, тағамдық өнімдерді аз ластайды. Тағамдық өнімдер құрамындғы ФОҚ термиялық өңдеу кезінде тез жойылады.
ФОҚ өзіндік ерекшелігі – олардың жергілікті өзгерістерді тудырмай-ақ, бұзылмаған тері арқылы ағзаға ену қабілетке тән. Бұл ерекшелігі жұмысшылар үшін өте қауіпті болып келеді, себебі ол жіті улануға алып келуі мүмкін. Жоғары температура жағдайында ФОҚ-мен жұмыс істеу белгілі өндірістік қауіп тудырады, себебі бұл жағдайда, олардың ауадағы уының құрамы жоғарылайды, сонымен қатар ылғалды тері беткейі арқылы сіңірілуі күшейеді және тыныс алу мүшелері арқылы тез түседі.

Патогенезі.

Уланудың патогенетикалық механизмі эстеразаларға жататын ферменттерді, атап айтқанда маңызды физиологиялық рөлге ие (ацетилхолинді ыдыратады) холинэстеразалардың тежелуімен сипатталады. Сонымен бірге, ацетилхолин әсер ететін, холинреактивті жүйелердің тікелей әсері де жоққа шығарылмайды. Бұл топтың қосылыстары политропты әсер етіп, көбінесе орталық жүйке жүйесі мен паренхиматозды ағзаларды (бауыр, бүйрек, көкбауыр, жүрек, өкпе) зақымдайды. ФОҚ холинэстеразалар ферментін тежеп, жүйке жүйесінің медиаторы ацетилхолинді жинайды, бұл жүйке жасушалары мен ганглионарлы синапс арқылы жүйке қозуының берілуін, тіндік тыныс алуын бұзады, осының нәтижесінде улану көріністері байқалады. ФОҚ-мен уланудың негізгі симптомдары ацетилхолиннің орталыққа әсері мен мускарин тәрізді парасимпатикалық әсеріне (құсу, лоқсу, іштің өтуі, кеуденің қысылуы, тершеңдік, брадикардия, көз қарашығының тарылуы, ішек, қуық, бронхтар бұлшықеттерінің жиырылуы, көз, сілекей, бронх бездері секрециясының белсенділігі) байланысты. Осымен қатар ФОҚ-ға никотин тәрізді әсерінің болуы тән: постганглионарлы талшықта импульстің берілуі бұзылады, осыдан көз, тіл, мойын, бет бұлшықеттерінің тартылуы - дірілдеуі және жалпы дененің гиперкинезиялары байқалады.
Ацетилхолиннің орталыққа әсері ми қыртысына, сопақша миға токсикалық әсерімен (бастың ауыруы, ұйқысының бұзылуы, қозу, психикасының бұзылуы, есін білмей тоникалы-клоникалық құрысулар, салданулар, сопақша мидағы өмірге қажетті орталықтардың тежелуі) сипатталады.

Клиникалық көрінісі.

Жіті улану бірнеше сағат жасырын өтеді. Жіті уланудың түрлері:
а) жеңіл дәрежелі;
б) орташа дәрежелі;
в) ауыр дәрежелі.
ФОҚ-мен жіті уланудың жеңіл дәрежесінде науқастың клиникасы мынандай болады: бас ауруы, бас айналу, аяқ - қолдың әлсіздігі, көрудің төмендеуі, жүрек айнуы, сілекейдің бөлінуі, көзден жас ағу, іш тұсының ауыруы, кейде іш өту. Көздің қарашағы кішірейген, көруі нашарлаған, нистагм, беттің ісінуі, көп тершеңдік пайда болады. Пестицидтер әсері әрі қарай жалғасса тыныс қиындайды, кеуде қуысы қысылып, ауа жетіспей, ұстама тәрізді жөтел қосылады. Өкпеде қатаң тыныс алу, құрғақ сырылдар; жиі жүрек соғуы, артериалдық қан қысымының жоғарылауы, кейде ауыр жағдайда төмендейді.
Орта дәрежесінде қозу күшейіп қорқыныш сезімі, өте қатты бас ауруы, бұлшықет әлсіздігі пайда болады. Тыныс алу мен тыныс шығару қиындайды, тыныс алуы ысқырық тәрізді, өкпеде құрғақ және ылғалды сырылдар, сықырлаулар естіледі. Объективтік жағдайы орташа, көгеру, ентігу, демікпе, дене қызуы көтеріліп, дірілдеу байқалады. Миоз, көз ауырып, аккомодация спазмы, бұлшықет тонусының төмендеуі, бет бұлшықеттерінің мимикасы мен қозғалысы бұзылып дизартрия, бет-мойын, аяқ-қол бұлшықеттерінің тартылуы, іштің тұсы ұстама тәрізді ауырғаны және үлкен дәреті сұйық болып, кейде галлюцинациямен депрессия пайда болады. Қанда холинэстераза 50%-ға дейін төмендейді. Ацетилхолин мөлшері жоғарылайды.
Жіті уланудың ауыр дәрежесі сирек кездеседі. Мұнда үш кезеңді ажыратады: қозу, құрысу-тырысу және паралитикалық немесе салдану. Науқастың жағдайы ауыр, алдында қозу, тынышсыздық, кейін тыныс алу бұлшықеттерінің салдануы нәтижесінде диафрагманың жиырылуы әсерінен ықылық пайда болады. Тыныс алу мен тыныс шығаруы едәуір қиындайды, ол шуылмен аз қашықтықта естіледі, көбік тәрізді қақырық (өкпе ісінуінің клиникасын еске түсіреді) және демікпе пайда болады. Есі тұманданып, көздің қарашығы соншалықты кішірейгендіктен жарыққа сезімталдығы төмендейді немесе жойылады, оқтын-оқтын жайылмалы құрысу, бас және аяқ-қолдың треморы, парезі, салдануы, диэнцефальдік криздер дамиды. Брадикардия тахикардиямен ауысып, кейде жүрек қызметі бірден төмендеп коллапске, комаға әкеледі. Көбінесе асфиксия мен жүрек қантамыр қызметінің жетіспеушілігінен науқас қайтыс болады. Қанда холинэстераза толық инактивацияланады, гипохромды анемия, ретикулоцитоз, базафильді түйіршікті эритроциттер көбейеді. Қан сарысуында Гейнц денешіктері пайда болып, метгемоглобин көбейіп, лейкопения, ЭТЖ баяулап, диспротеинемия байқалады. Зәрде ақуыз, эритроциттер және цилиндрлер көрінеді.
Жеке жағдайда ФОҚ-дан хлорофос шеткі жүйке жүйесіне әсер беріп, полиневропатияларды шақырады: полиневрит, жиі ауру синдромы аяқ-қолда, жүйке жолымен, бұлшықетте, буындарда және әлсіздік, парестезиялар, гипо-, гиперестезиялар тершеңдікпен көрінеді. Қалпына келу бірнеше жылға созылады.
Созылмалы уланудың клиникасы жайлап басталып, бас ауруы, бас айналуы, дезориентация, есте сақтау қабылеті төмендеп, ұйқысы бұзылады, тәбеті төмендеп жүрек айну, әлсіздік әсіресе екі аяғында, кейде миоз, нашар көру, конъюнктивит, риниттермен көрінеді. Айқын білінетін түрлерінде интелект төмендеп, қысқа уақыт есін білмейді. Сонымен қатар, токсикалық гепатит, қанда лейкопения немесе лейкоцитоз, кейде МеtHb аздап көбейеді, гипохромды анемия байқалады, холинэстераза алдында қалыпты кейін ол төмендейді, ЭТЖ баяулайды. Хлорофос, карбофос, бромофос жиі дерматиттер, конъюктивиттер тудырады. Осы айтылған әсерлерден кейбір фосфор органикалық қосылыстар әскери дала жағдайында армияны қатардан шығару үшін қолданады.
ФОҚ-мен улануда көрсетілетін көмек және емдеуі. Уланған адамға противогаз кигізіп қауіпті аймақтан тез алып шығару керек. ФОҚ теріге түскен жағдайда - 5-10% мүсәтір спиртімен, 2-5% хлорамин ерітіндісімен немесе 2% сода ерітіндісімен өңдеп, сүртіп, былғанған киімді шешеді. Көзге түссе сумен көзді жуып 0,1% атропинді немесе 30% сульфацил натрийді тамшылатады. Асқазанға түссе, асқазанды Жіті түрде жуып, бірнеше стакан су ішкізіп, жасанды құсық шақырады. Белсендірілген көмір, іш айдатқыш дәрілер беріледі.
Улану белгілері болса холинолитикалық препараттар: ішке 0,001г амизил немесе 0,02г тропацин; холинэстераза антидоттары бұлшықетке 15% 1 мл дипироксимді әр 50-60 минут сайын жағдай жақсарғанға дейін қайталанады (жинақты доза 5-15 мл барады), 0,1% 1 мл атропинмен бірге қайталанып тұрады; аналептиктер тамыр дәрілерімен (кордиамин, лобелин, мезатон) салынады. Тыныс жолдарын шырыштан механикалық тазалау жүргізіледі. Құрысуға қарсы препараттар - магний сульфаты, хлоралгидрат; пневмонияның алдын алу үшін антибиотиктер, дезинтоксикациялық дәрілерін берген жөн. Жүрек- қантамыр дәрілері де көрсеткіштерге қарай беріледі.

ФОҚ-мен істеген жұмысшыларды сараптау.

Фосфорорганикалық қосылыстармен созылмалы уланудың алғашқы белгілерінде жұмысшыларды уақытша жұмыстан босатып, кәсіптік дәрігерлік қағаз беріп емдеуін белгілеу қажет. Улану айқын ауыр жағдайда және созылмалы түрі жиі рецидив беретін болса, ФОҚ-мен жұмыс істеуге рұқсат етілмейді.

Алдын алуы.

Жұмысшылар улануының алдын алу үшін кезекті медициналық қаралудан уақытында өтіп, күніне 2-3 рет 0,5г панкреатин немесе фестал, емдік-алдын аллатын тамақтану, күнде сүт ішу, жұмыстың алдында ыстық тамақ ішу, т.б. шаралар жүргізіледі. Жұмыс уақыты 6 сағаттан, кей жағдайда 4 сағаттан артық болмауы керек.<ref>«КӘСІПТІК АУРУЛАР» Бекмурзаева Э.Қ., Сейдахметова А.А., Сейдалиева Ф.М., Абдукаримова Ж.М., Умиралиева Г.А., Ибрагимова Р.Б., Садыкова Г.С., Қорғанбаева Х.Т., Байдуллаев Б.М., Азизова А.А., оқу құралы, Шымкент 2012 </ref>

Дереккөздер

<references />