Усама бен Ладен
Усама бен Ладен (Үлгі:IPA; Үлгі:Lang-ar, Үлгі:Transl; 10 наурыз 1957, Джидда немесе Эр-Рияд, Сауд Арабиясы — 2 мамыр 2011, Абботтабад, Пәкістан) - Әлемдегі нөмірі бірінші лаңкес деген атқа ие болған, қарама-қайшылыққа толы саяси тұлға. Әл-Қаида ұйымының басшысы болған.
Ол Вашингтон мен Нью-Иорктағы 2001-ші жылғы 11-ші қыркүйекте орын алған лаңкестік шабуылдады деп АҚШ-тың ең басты жауы деп саналатын. 2001-ші жылдан бастап АҚШ арнайы қызметі Усама бен Ладенге «номері бірінші лаңкесші» деген мәртебе беріп, оның банктық шоттарын қамап, оны ұстауға көмектескен адамға $5 млн тағайындайтынын жариялады. Пәкістан өзінің премьер-министрі Биназир Бхуттоны да Осама бен Ладен өлтірді деп күдіктенеді. Кейбіреулерінің паймдауынша - осама бен Ладен АҚШ-тың Әлемдегі өз империялистік саясатын іске асырудағы жасанды тұлға, яғни құралы деп санайды.
Әкесі, түбі йемендік Мұхаммед бен Ладен Сауд Арабиясындағы құрылыс саласында байыған алпауыттардың бірі болыпты, ол өз карьерасын қарапайым жұмысшыдан бастаған-ды. 1931-жылы «Сауди бен Ладен групп» атты компания құрған. Бірте-бірте байып, атағы шет мемлекеттерге дейін жайылған, көп елдерде бизнесі болыпты. Туған елі – Сауд Арабиясына адал қызмет етіп, король әулетінің назарына іліккен, король отбасымен өте жақын қарым-қатынаста болған. Бүгінде оның байлығы 100 миллионнан 5 миллиард долларға дейін жетеді деп есептеледі. Жалпы, бен Ладендер әулеті Сауд Арабиясындағы мұнай өндірісі, кеме жасау, құрылыс, телекоммуникация салаларында қызмет етеді, ел экономикасы кірісінің басым бөлігін береді деседі. Олардың ықпалында бірнеше бұқаралық ақпарат құралдары бар екені айтылады.
Кейбір ақпарат көздерінде жарияланған деректерге қарағанда, Усама бен Ладенге мирасқа туған әкесінен мол байлық қалған, ол әлемдегі көптеген фирмалардың қожайыны, қыруар қаржысы Батыс Еуропадағы өзге адамдардың, кейбір қайырымдылық қорларының есеп-шоттарында сақтаулы тұр. Ал Мұхаммед бен Ладен 1967-жылы АҚШ-та болған ұшақ апаты кезінде қаза тауыпты. Апат себебі анықталмай қалған. Усама осы әйгілі адамның 17-ші баласы, оның 10-шы әйелінен туған жалғыз ұлы. Жалпы, Мұхаммед бен Ладеннің 52 баласы болыпты. Ол Усаманың анасымен бала туыла салып ажырасыпты, Усама өгей әкесі Мұхаммед әл-Аттас деген кісінің тәрбиесінде өскен.
Кезінде Кеңес әскерімен де күрескен
Усама бен Ладен 1979-жылы Жиддадағы король Әбділ Әзіз атындағы университеттің экономика және менеджмент факультетін бітірген. Сол жылы-ақ Ауғанстанға аттаныпты. Бұл кезде Ауғанстанда соғыс басталғаны белгілі. Усама бен Ладен 1989-жылға дейін Ауғанстандағы Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентіне қарсы шайқастарға қатысқан көрінеді. Кейін «Мұсылман бауырлар» ұйымының мүшелерімен бірігіп, «Қызмет көрсету» атты ұйым құрады. Бұл ұйым соғысқа сарбаздар даярлап, олардың іс-әрекеттерін қаржыландырып отырған деген дерек бар.
Бен Ладен 1989-жылы өз еліне оралып, құрылыс бизнесімен айналысқан. Дегенмен ол құрған ұйым Сауд Арабиясы мен Йемендегі оппозициялық қозғалыстарға көмек беріп отырған. Сондықтан Сауд Арабиясы үкіметі 1991-жылы Усама бен Ладенді елден кетіруге шешім шығарады. Бен Ладен бұдан кейін Суданда тұрған. Ал 1995-жылы Эфиопияда Мысыр (Египет) президенті Хосни Мүбәракқа қастандық жасалады да, АҚШ үкіметі бұған Усаманың қатысы бар деп байбалам салады, Біріккен Ұлттар Ұйымы оны елден кетірмесе экономикалық санкциялар жасайтынын айтып Суданды қорқытады. Сосын Судан үкіметі 1996-жылы Усама бен Ладенді өз елінен қуып шыққан. Осыдан кейін бен Ладен Ауғанстанға өткен. Осында жүріп ол 1998-жылы әлемге «Еврейлер мен крестшілерге қарсы қасиетті күрес жүргізетін ислам майданы» атты ұйым құрғанын, оның негізгі бағыты – әлемге ықпалын жүргізіп отырған АҚШ пен Батыс елдерінің «демократиясына» қарсы күрес болатынын жария еткен. Кейін бұл ұйым ішінен атышулы «Әл-Каида» шығады.
Лаңкестік іскерлігі
Усама бен Ладенді көптеген террорлық әрекеттердің ұйымдастырушысы, террористерді қаржыландырушы деп атайды. Солардың бірі – 1993-жылы АҚШ-тың халықаралық сауда орталығында болған жарылыс. Кейін бұл жарылысты іске асыруға қатысқандар тұтқындалып, әрқайсысы 240 жылға сотталған еді. 1995-жылғы Эр-Риядтағы Сауд Арабиясы ұлттық гвардиясының жаттығу орталығында болған жарылысты ұйымдастырған да бен Ладен деп айтылды. 1996-жылы Дахрам қаласындағы АҚШ әскери әуе күштері казармасына, 1997-жылы Мысырдағы Луксор храмында еуропалық туристерге жасалған шабуыл үшін де ол сырттай айыпталған. 1998-жылы Найроби мен Дар-эс-Саламда (Кения, Танзания) болған жарылыстардан соң оның есімі жиі атала бастады. 2001-жылы 11-қыркүйекте «Егіз мұнараларда» болған жарылыстан соң АҚШ арнайы қызметі оның соңына шырақ алып түскен еді. Оның қайда жүргенінен хабар берген адамға 5 миллион доллар сыйақы береміз деп жариялаған. Кейін бұл сыйақы мөлшері 1 миллиард долларға дейін өскені мәлім. Ал бүгінде бен Ладеннің ізін көрсеткен адам ретінде оның жақын көмекшісі болған араб азаматының аты аталуда.
Өлтірілуі де қарама-қайшылыққа толы
АҚШ БАҚ-ның айтуынша Бен Ладен 2 мамырға қараған түні америка әскерінің спецназы тарапынан Пәкістан астанасының маңындағы Абботабад қаласындағы бекініп отырған үйінде өлітірліген. Терроршының денесі теңізге мұсылманша' көмілді.
АҚШ билігі бен Ладенды өлтіру арнайы шара туралы айтқанда, өздері шатасып отырғанға ұқсайды. 5 мамырда Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джей Карни жариялаған соңғы мәліметтер бастапқы деректерге мүлдем сәйкес келмей кетті. Оның айтуынша, бен Ладен операция барысында әйелдің артына жасырынбаған. Сонымен қатар бұған дейін арнайы жасақ сарбаздары қарулы қарсылыққа тап болдық деген еді.
Алайда 5 мамырда Ақ үйдің баспасөз хатшысы бен Ладеннің қолында ешқандай қару болмағанын айтты. Және о баста оның жанында болған әйел оққа ұшып өлді делінген болса, бүгін оның тек аяғынан жараланғаны сөз етілді. Сарапшылардың ойынша, 2012 жылы тағы да сайлауға қатысқалы жатқан АҚШ президенті Барак Обама соңғы оқиғалар арқылы ұпай жинап жатқан көрінеді. Соңғы сауалнама қорытындыларына қарағанда, оның рейтингісі 9 пайызға өскен.