Уоллис және Футуна
Уоллис және Футуна – Мұхиттық Аралдардағы жанартаутекті топаралдар, Францияның иелігінде. Аумағы 274 км², халқы 15000 адам, әкімшілік орталық Мата-Уту. Уолли топаралы өзі аттас үлкен арал мен 20 ұсақ аралдардан құралады. Салыстырмалы түрде ойпаттық, жанартаутекті Уоллис аралдарына құз жағалаулар мен су толған жанартау кратерлері тән. Футуна топаралының құрамына екі арал – Футуна мен Алофи кіреді. Аралдарға нөсер жауындар мол жауатын тропиктік климат тән. Аралдар ағылшын теңіз саяхатшысы Самюэль Уоллистің құрметіне аталған. Екі аралдық топ та 1842 жылы Францияның бақылауына өтіп, кейінірек оның теңіздің аржағындағы аумағына айналды. Еңбекке қабілетті халқының 80%-дан астамы ауыл шаруашылығымен айналысады, кокос, нан ағашын, манго мен көкөністер, шошқа мен тауық өсіреді. Арал тұрғындары сондай-ақ шағын кемелермен балық аулайды. Халқының 5%-ы жергілікті әкімш. жұмысқа тартылған, олар Франциядан қаржы көмегін алып, Оңтүстік Корея мен Жапонияға балық аулау құқығы үшін лицензиялар сатады. <ref name="source1">Қазақ Энциклопедиясы X том</ref>
Дереккөздер
<references/>