Уильям Блейк

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Үлгі:Infobox writer Уильям Блэйк (ағылшынша William Blake; 1757-1827) - ұлы ақын, суретші, философ. Ағылшын әдебиетіндегі романтизмнің негізін салушы Уильям Блейк халыққа гравер және суретші ретінде де танымал болды. Өлеңдері өзі өмірден өткен соң жарық көрді.

Сурет:William Blake - Sconfitta - Frontispiece to The Song of Los.jpg
Жаратушы — Блейк шығармашылығының негізгі туындыларының бірі. Суретте «Лос әнінен» өзі жаратқан әлем алдында демиург Уризен сиынып отырғаны бейнеленген. Бұл Блейк жұбайымен бірге салған «Құрлықтық сәуегейлік» сериясының үшінші көркемделген кітабы.

Өмірі

Уильям Блейк 1757 жылы 28 қарашада Лондонда ұсақ саудагер отбасында дүниеге келді. Әкесі Джеймстың Уильямнан басқа үш ұлы мен бір қызы болды. Балалары ұсақ саудагер отбасы үшін ерекше болып табылған ой бостандығы атмосферасында өсті. Ата-анасы Уильямды мектепке оқуға береді. Бұл жағдай оның қабілетінің дамуына мүмкіндік берді. Блейктің тек шығармашылығы ғана емес, мінезі де ауыр, күрделі болды. Онымен сөйлесудің өзі көп адамға қиынға соқты. Ол адамдарға ол туралы не ойлайтынын бетіне тура айтудан қысылмады. Ақын бойында көптеген қарама-қайшы ойлар, мінездер жинақталған десе де болады. Әкесі Уильям Блейктің бостандығын еш шектеген жоқ, сондықтан да ол қолына түскен кез-келген кітапты, соның ішінде Сведенбергты, тіпті Якоб Бемёны де оқи алатын. Блейк жүйелі білім алмағанымен, үйде анасының қадағалауымен және өздігінен сауат ашуының арқасында оның білімі жан-жақты болды. Ол өте көп оқыды: Шекспир, Мильтон және Бен Джонсоннан бастап, Библия, Сведенберг және Бемёге дейін барлығын оқыды. Блейк француз, итальян, латын, ежелгі грек және ежелгі еврей тілдерін жақсы білді. Бұл оған көптеген шетел авторларын оқуға мүмкіндік берді. Блейктің білімі терең болғандығын оның прозалық-полемикалық және философиялық шығармаларынан аңғаруға болады. <ref>Тоқшылықова Г.Б. Шетел әдебиетінің тарихы. Алматы, 2010. ISBN 986-702-431-859-2</ref> Блейк көп уақытын табиғат аясында өткізетін. Ауылдың ғажайып көріністері мен әсем әуендерін жадында сақтап, кейін өз поэзиясын сонымен безендірген. Әкесі Уильямның бай қиялын байқап, оны суретшілік өнерге баулуға шешім қабылдайды. Бірақ Уильям мұндай оқудың қымбатқа түсетіндігін білгенде, оны граверге оқуға беруін сұрайды. Парстың сурет мектебінде үш-төрт жыл оқығаннан кейін, Блейк Бэзайр атты гравердың шеберханасына жұмысқа орналасады.

1782 жылы 13 тамызда Уильям Блейк пен бақташы Ваучердың қызы Кэтрин Ваучер үйленіп, Лестер-сквер (Лестер-Филдз) алаңының маңында орналасқан Грин-стриттегі жиырма үшінші үйге қоныстанады. Кэтрин жазу-сызуды білмейтін, сондықтан некелесу рәсімінде тіркеу кітапшасына қолының орнына крест белгісін қояды. Үйленгеннен кейін Блейк Кэтриннің сауатын ашуға кірісті. Екі-үш жылдан кейін Кэтрин оның қолжазбаларын көшіре бастады. Ол Блейктің иллюстрацияларымен безендірілген кітаптарды бояуға да көмектесті. Блейктердің балалары болған жоқ, бірақ бұған қарамастан жанұялары берік болды. 1784 жылы әкесінің өлімінен кейін Уильям Блейк үлкен ағасы Джеймсқа мұра ретінде қалған үйге көршілес қоныстанады. Блейк бұрынғы досы Паркерды өзіне серіктес етіп алып, өз үйінде гравюралар мен эстамптарды сататын дүкені бар шеберхана ашты. Сонымен бірге, ол суретшілікке бейімі бар, дарынды інісі Робертты шәкірт қып алды. 1787 жылы Роберт туберкулез ауруынан қайтыс болады. 1804 жылы Блейк Саут-Молтон көшесіндегі үйге қоныстанып, өзінің «Иерусалим» және «Мильтон» атты поэмаларын граверлеуді бастайды. Осы кезден бастап Блейк өзінің барлық шығармаларын иллюстрациялайды. 1822 жылы Мистер Линнелидің тапсырысы бойынша Блейк бұрынғысынша өзінің елестерін негізге ала отырып, Джон Мильтонның «Жоғалған жұмақ» атты поэмасына тамаша акварельді иллюстрацияларын жасайды. <ref>Уильям Блейк. ru.wikipedia.org›wiki/Уильям Блейк</ref> 1825 жылы ол Дантенің «Құдіретті комедиясына» иллюстрация жасауды бастайды. Кейін Уильямды Вестминстер аббаттығына шақырып, ол бес жыл бойы ескерткіштер, бейіттер, колонналар мен шіркеудің басқа да архитектуралық элементтердің суретін салумен айналысты. Блейктің тағдыры қиын, тіпті қайғылы болды деуге болады, бірақ ол өмірінде болып жатқан бақытсыздықтарды ешкімге сездірмеді. Блейк бақытты өмір сүргеніне сенімді болды. Ол өмір бойы сүйікті ісімен айналысып, қасында ылғи да музасы болған сүйікті жары болды. Уильям Блейк 1827 жылы 12 тамызда Лондонда дүниеден озды.

Блейктің әдеби шығармашылығы

Әлем әдебиеті тарихында Уильлм Блейк ағылшынның алғашқы романтик ақыны ретінде танылады. Уильям Блейк өз өмірінде сурет және әдебиет өнерінде көптеген шығармалар жасап үлгерді.

Уильям Блейк ағылшын жазушыларының тізімінде алғашқылардың бірі ретінде орын алады. Оның шығармаларын лирикалық және философиялық (немесе мистикалық) деп екі топқа бөлуге болады. <ref>Уильям Блейк. ru.wikipedia.org›wiki/Уильям Блейк </ref> 1783 жылы Блейктің «Поэтикалық нобайлар» атты алғашқы кітабы жарық көрді. «Поэтикалық нобайларға» енген оның ең алғашқы өлеңдерінде еліктеудің белгілері байқалады. Алты жылдық үнсіздіктен кейін Блейктің алғашқы жазған жинағы «Айдағы арал» деп аталды. Кітап Блейк шығармашылығының мистикалық кезеңінің басталуын белгілейді. Блейктің «Пәктік өлеңдері» 1789 жылы жарық көрді. Бұдан кейін «Тэль өлеңдері» басылып шықты. Екі кітап та түрлі-түсті поэтикалық требниктер болып табылады. Олардың әр беті Блейк ойлап тапқан «әшекейлі басылыммен» иллюстрацияланған және безендірілген. 1784-1789 жылдар аралығында жазылған «Пәктік өлеңдер» өз алдына жеке дара шығармалар ретінде ойластырылып, туындаған. Блейктің «Жұмақ мен Тозақтың некелесуі» атты үшінші кітабы 1790 жылы жарық көрді. Аяқталмаған «Төрт Зоа» (1805), «Мильтон» (1809), «Иерусалим» (1820) сияқты ақын шығармаларының кейбіреуі күрделі әдеби криптограммаларға ұқсайды. Блейк «Пәктік өлеңдерді» жазуды 1789 жылы аяқтады. Сол кезде ол бұл циклды біртұтас, аяқталған туынды ретінде қарастырды. 80-шы жылдардың аяғы мен 90-шы жылдардың басында әлемді дүр сілкіндірген саясат саласында да, рухани өмірде де болған оқиғалар ақын назарынан тыс қалған жоқ. 1793 жылы Блейктің бес кітабы: «Альбион елестері», «Америка», «Еуропа», «Жұмақ қақпасы» және «Уризен кітабы», ал 1794 жылы рухани дағдарыстың нәтижесі болып табылатын «Тәжірибе өлеңдері» басылып шықты. Блейктің осы кезеңде жазған өлеңдерінің арасында «Рухани жолмен» (шамамен 1800 жылы) деп аталатын шығармасы ерекше орын алады. Бұл ақынның әрі рухани автобиографиясы, әрі бүкіл адамзаттың рухани автобиографиясы болып табылады. Ақын және суретші Уильям Блейк ағылшын өнері тарихында ерекше орын алады. Ол барлығын өз бетінше үйренген данышпан, ұлы фантазер және философ болды. Басқа сурет және сөз өнерінің шеберлеріне қарағанда, оның шығармашылық шеберлігі жасы ұлғайған сайын шыңдала түсті. <ref>Тоқшылықова Г.Б. Шетел әдебиетінің тарихы. Алматы, 2010. ISBN 986-702-431-859-2</ref> Ол өмірінің соңында нағыз өнер туындысын жасады. Оған «Лаокоон» шығармасы мен Дантенің «Құдіретті комедиясына» жасаған иллюстрацияларын жатқызуға болады. XIX ғасырдағы Еуропа өнері үшін Блейктің стилі ерекше болып табылады. Ол суретшінің арнайы білімінің жоқтығын дәлелдейтін архаикалық белгілерді шығармашылық фантазия, композициялық тапқырлық және жалпы символикалық бейнелерге деген талпыныспен ұштастырды. Блейктің өз замандастарынан қаншалықты озып кеткенін түсінеміз. Тек екі жүз жылдан кейін ғана Уильям Блейкті ұлы ақын, суретші, философ ретінде тани бастады. Мысалы, Ұлыбританияда оның «Иерусалим» атты поэмасы екінші ұлттық әнран болса, ал 2001 жылы Американың Нью-Йорк мұражайы «Метрополитенде» өткен оның сурет саласындағы жұмыстарының көрмесі үлкен табысқа ие болды. Бүгінгі таңда Блейк кітаптары көптеген елдерде үлкен тиражбен басылып шығып жатыр. Аудармалардың да саны көбеюде. 1863 жылдан бастап Уильям Блейк тұлғасына қызығушылық пайда болды. Осы уақытта Александр Гилкристтың «Блейк өмірі» атты биографиялық еңбегі жарық көрді. 1893 жылы Иитс пен Эллис У.Блейк шығармаларының үш томдық жинағын жариялады. Ақынның шығармашылығы мен тұлғасына деген нағыз қызығушылық XX ғасырда ғана басталды. 1966 жылы «Уильям Блейк шығармаларының толық жинағы» жарық көрді. Блейк әлемге тек апокалиптикалық көріпкел ретінде ғана емес, сонымен бірге өткір ойлы эпиграммалар мен афоризмдер авторы, ерекше ойшыл, сыншы ретінде танылды.

Ал ТМД елдерінде Блейк есімі тек 1957 жылы бүкіл әлем ақынның туғанына екі жүз жылдығын тойлағанда ғана белгілі болды. Сол кезде оның туындылары мерзімді басылым беттерінде жарияланды және жеке жинақ болып та жарық көрді.

Дереккөздер

<references/>