Төребек Османов
Үлгі:Мемлекеттік қайраткер Төребек Османов [3.5.1893, бұрынғы Сырдария губерниясы Перовск (Ақмешіт) уезі, Қызылқұм кенті – 4.10.1937] – қазақтан шыққан тұңғыш банк қызметкері.
Мазмұны
Өмірбаяны
Төребек Османов 1893 жылы мамыр айында бұрынғы Сырдария губерниясы Перовск (Ақмешіт) уезінің Қызылқұм кентінде орта шаруа отбасында дүниеге келген.
Оқу жолы
Ақмешіттегі орыс-түзем мектебін (1906), Перовск қалалық училищесін (1910), Ташкент мұғалімдер семинариясын (1914) бітірген.
Жұмыс жолы
- 1914 – 1916 жылдары Ташкент уезінде мұғалімдікпен қатар банкте несие-сақтық серіктестігінің есепшісі.
- 1916 – 1918 жылдары Мемлекеттік банктің Ташкенттегі кеңсесінде ұсақ несие инспекциясының іс жүргізушісі қызметтерін атқарған.
- 1920 жылдың басынан «Түрхалұлткомқаржыда» ұсақ несие нұсқаушысы, Ақмешіттегі жұмысшылар кооперативінің төрағасы.
- 1920 – 1921 жылдары Еңбек халық комиссариаты жанындағы азық-түлік комиссары.
- 1921 – 1922 жылдары тұтынушылар кооперациясының әрі Қызылорда қалалық «Қосшы» одағының төрағасы.
- 1922 –1925 жылдары Ташкент өлкелік тұтынушылар одағының, Бүкіл қазақтық ауыл шаруашылық одағы басқармасының (әуелі «Қамқор», кейіннен «Қазауыл» одағы) төрағасы.
- 1925 –1927 жылдары КСРО Өнеркәсіптік банкі Қазақ бөлімшесінің басқарушысы.
- 1927 – 1928 жылдары КСРО Мемлекеттік банкінің Қазақ өлкелік кеңсесі басқарушысының орынбасары.
- 1928 – 1930 жылдары Қазақ ауыл шаруашылық банкі басқармасының төрағасы, Бүкілодақтық ауыл шаруашылық кооперативтік ұжымшарлық банкі Қазақ республикасы кеңсесінің басқарушысы.
- 1930 – 1937 жылдары КСРО Мемлекеттік банкі Қазақ республикасы кеңсесі басқарушысының орынбасары, Мемлекеттік банктің Батыс Қазақстан облысы бөлімшесінің басқарушысы болды.
- 1926 жылдан Бүкілодақтық Халық шаруашылық кеңсесі төралқасының мүшесі болған.
Османов Қазақстанда банк, қаржы-несие ісін дамытуға, банк кадрларын даярлауға белсене атсалысты. Оның бастамасымен Алматыда банк ісі бойынша оқу комбинаты ашылды, осы комбинаттың негізінде 1931 жылы Алматы есеп-несие техникумы құрылды.
Отбасы
Жұбайы — Османова Фатима (1906 жылы туған). Балалары: ажасы — Айткуль, орташасы — Лаура, кішісі - Зарима. Ағасы Мулдабек (1901 жылы туған), барлаушы-бақылаушы, 1943 жылы фронтта қайтыс болған, Украинаның Сумск облысында жерленген.
Айып және ату жазасы
1937 жылы жалған жаламен айыпталып, 4 қазан айында ату жазасына кесілді.
Отбасына қарсы қуғын-сүргін
Төребек Османовтың әйелі Фатима кеңестік қуғын-сүргін құрығына ілігіп, АЛЖИР-де 9 жыл айдауды бастан кешті. Кіші қызы Зариманы Алматы қаласында нәресте үйіне, ал Айткүл мен Лаураны Алтай аймағының Солонешенск ауданындағы детдомға жіберілді. Кейін қыздары туған-туысқандарымен бірге тұрды.
Ақталуы
1958 жылы Төребек Османов және оның отбасы ақталды. Бірақ айып кезінде алынған дүние-мүліктері қайтарылбай, әйелі тек күйеуінің екі - айлық жалақысын алып отырды.
Османов атында
Қызылорда қаласында тұңғыш қазақ банкирі атында көше аталған.
Сілтемелер
Қазақ энциклопедиясы