Тәуелсіздік монументі (Алматы)

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Үлгі:Ғимарат

Тәуелсіздік монументі – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің бес жылдығына орай Алматы қаласында салынған сәулет және мүсін өнері ескерткіші. Республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізілген (2001 ж. 26 қыркүйектегі мәслихаттың 2-ші шақырылымының 12-ші сессиясының шешімі).

Кешен жайлы

Кешен ғылымның, мәдениет пен мемлекеттің танымал қайраткерлерінің сәулетін, мүсіндерін, сөздерін біріктіретін бірегей көркемдік шығарма болып табылады. Стеланы жақтаушалайтын көркемделіп құйылған торкөздер Қазақстан тарихындағы басты оқиғаларды, соның ішінде Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салтанатты сайлануын баяндайды. Ескерткіштің төмен жағында мемориалды тақтайға Президенттің ант беру кезінде Конституцияға қойған қолының таңбасы түсірілген. Құлпытастарға өткен мен бүгінгі күн тарихи тұлғаларының сөздері ойылып жазылған. Мұнда Президент Назарбаевтың келесі сөздерін оқуға болады: «Қоғамдағы татулық пен келісім әр адамның лайықты өмірі мен еңбегін қамтамасыз етеді. Еркіндік – бассыздық емес, әділдік пен құқықтың салтанаты.== ==

Тарихы

1996 жылы Алматыдағы Республика алаңында Қазақстан тәуелсіздігінің бес жыл толуы құрметіне биік обелиск түрінде тұрғызылған монументті құрылыстың авторлары: архитектор Ш.Уәлиханов (топ жетекшісі), мүсіншілері Н.Далбай, Ә.Жұмабаев сәулетшілері Қ.Жарылғапов, Қ.Монтақаев, т.б. бас конструкторы С.П. Каламкаров. Тәуелсіздік монументі сол жылы 16 желтоқсанда ашылды. Ескерткіштің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев пен Түркия президенті С. Демирель қатысты.

Қазақтың қолданбалы өнерінен тамыр тартқан тәуелсіздік монументінің негізгі ортасында композициясы ұлттық өрнекпен көмкерілген текшелі діңгек тастан құралып, оның биіктігі 28 м-ге жетеді. Көк аспанға қарай шаншыла бой көтерген орталық діңгектің ұшар басы қауызы ашылмаған қызғалдақ тәрізді жұмырланып мүсінделген әрі оған Қазақстанның елтаңбасы ойылып түсірілген. Оның үстіңгі жағындағы қоладан құйылған қанатты барыстың үстінде оң қолында қыран құсы, сол қолында садағы, белінде қанжары мен асынып алған қорамсағындағы сауыт, бұзар алтынға малынған жебелері бар дулығалы жас сарбаздың құрыштай мығым бітім-тұлғасы (биіктігі 6 м, ал салмағы 4 т) аса айбарлы кейіппен, тәуелсіздік монументінің беріктігі мен ауқымдылығын айқын аңғартады.

Тәуелсіздік монументінің екі қапталын айнала қазақ халқының тарихи өткен өмір белестерінен сыр шертетін шағын архитектор-мүсіндемелік бедерлі бейнелер, яғни сонау сақтар дәуірінен тәуелсіздіктің жариялануына дейінгі тарихи кезеңдерді: Томирис заманынан бастап әл-Фараби, қазақ хандығының құрылуы, Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама, жоңғар шапқыншылығына қарсы күрес, қазақ пен орыс халқы арасындағы байланыстар, ұлт-азаттық қозғалыстары, 2-дүниежүзілік соғыс, Желтоқсан көтерілісі мен Тәуелсіздіктің жариялануын көрсететін ұтымды шешім тапқан көрініс-суреттер орналасып әрі олар бір-бірімен жымдаса жалғасып, көркем жарасым тапқан.

Діңгектің төрт жағында орналасқан төрт мүсіндік бейне де тәуелсіздік монументінің архитекторлық және мүсіндік шешімін дәл тапқандығымен ерекшеленеді. Дала данасы ақылгөй абыз ата мен жүрегі мейірімге толы ақ жаулықты Жер-ана және олардың алдыңғы жағындағы құлыншаққа мінген бала мен қыздың бейнесі ескерткіштің сәулетті символик. мазмұн-сипатын ашумен қатар, ұлттық рухы мен сыр-сымбатын айқындап асқақтата түседі. Ол 20 ғасырдың соңына қарай ұлттық сәулет өнері тарихында өз орны бар мүсіндік және сәулетшілік ой шығармашылығы тоғыстығынан туған озық архитектор жәдігерлерінің біріне айналды.<ref>«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VIII том</ref><ref>Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8</ref>

Авторлық ұжым

жетекшілік жасаған Ш.Е.Уәлиханов; мүсіншілер – А.Жұмабаев, Н.Далбаев, А.Боярлин, М.Мансұров, Қ.Сұраншиев, Қ.Сатыбалдин; сәулетшілер – К.Жарылғапов, К.Монтахаев; құрастырушы – С.Қаламқаров; құрылысшы- А.Ермегияев. Монумент 1996-1998 жылдары тұрғызылды. Кешен көлденең 180 метрге созылып жатыр. Пластикалық стела композицияның ортасы болып табылады. Ол өздігінен биіктігі 28 метрге жететін маңғышлақ құлпытастарына ұқсас. Биіктігі 6 метр болатын «атын адам» немесе қанатты барсқа билік жүргізіп отырған дала басшысын бейнелеп, қазақ жеріндегі нақты мемлекеттік билікті сипаттайды. Стела диаметрі 46 метрді құрайтын домалақ алаңның ортасында орналасқан диаметрі 28 метр жартылай доғал стилобатқа орнатылған. Стеланың төменгі бөлігінде қазақ және орыс тілдерінде мынадай сөздер ойылып жазылған: «1990 жылдың 25 желтоқсанында Қазақстанның мемлекеттік егемендігі жарияланды», «1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланды». Стеланың аяқ жағында, стилобатта «Жер ана» және құлын үстінде отырған екі бала аллегориялық мүсіндер орнатылған. Мүсіндер дүниенің төрт бұрышына қарасты.

Дереккөздер

Алматының назар аударарлық орындары <references/>