Тофалар
Тофалар – Ресей Федерациясындағы Иркутск облысының Нижнеудинск ауданын мекендейтін түркі тілдес халық. Тофалар өздерін тупалар деп атап келген. Қазан төңкерісіне дейінгі орыс жазба деректерінде карагас (қарақаз) деген атпен мәлім болған Тофалардың саны – бір мыңдай ғана адам. Оның 40%-ы тофа тілін ана тілім деп таныған (2002). Шығу төркіні, тілі мен ұлттық салт-дәстүрі, мәдениеті жағынан Тофалар тува – төджиндерге жақын. Антропологиялық жағынан Тофалар моңғолоид нәсілінің солтүстік-шығыс тармағына жатады.
Тофалар ну орманды тайгада көшіп-қонып, аңшылықты кәсіп еткен. Олар сондай-ақ бұғы өсірді. Бұғының еті – азық, сүті – сусын, өзі – көлік болды. Мекен-жайы чум деп аталатын сырықпен түйістіре құрастырып, бұғы не аң терісімен жауып тұрғызатын конус пошымды жаппа. Тофалардың төсек-орны мен киім-кешектері негізінен теріден жасалады. Т. 18 – 19 ғ-ларда Ресей өкіметі тарапынан зорлап шоқындырылған, православие дінін ұстанады. Дегенмен, Тофалардың бірқатары оған қосымша жергілікті наным-сенімді ұстанады. Тофалардың ауыз әдебиеті тыва фольклорымен сарындас. Тофалар тілінің әліпбиі мен жазуы 1989 ж. ғана қабылданды. Тофалар тіліндегі 9 дауысты дыбыс қысқа және созылыңқы түрінде дыбысталады. 30 дауыссыз дыбыс фонеманың да кейбір нұсқасы бар. Қосымша арнайы әріптеріне ө, ү, і, қ, ғ, ң, ї жатады. Лексикасында моңғол, орыс тілдерінің әсері мол. Орыс тілі кең тараған. Оқу-ағарту, іс қағаздары орыс тілінде жүргізіледі. Тофалар тілі тұрмыста ғана қолданылады. Тек 1990 жылдан Тофалар тілі бастауыш сыныпта қосымша пән ретінде оқытыла бастады.
Сілтемелер
«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VIII том.