Театр декорация өнері

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Театр декорация өнері, сахналық безендіру өнері – декорация, киім-кешек, әр түрлі жарықтар мен қойылымдық техника арқылы спектакльдің бейнелі де көркем образын жасау өнері. Театр декорация өнерінің даму тарихы театр, драматургия, бейнелеу өнерінің өсіп-өркендеу жолымен тығыз байланысты. Сахналық безендіру өнерінің элементтері (киім-кешек, маска, т.б.) ежелгі халық ойын-сауықтарынан бой көрсетті. Б. з. б. 5 ғасырда ежелгі грек театрының скеналары, ежелгі рим театрының шымылдықтары суреттермен безендірілді. Ежелгі дәуірдегі симультанды декорация принципі (бүкіл оқиға желісін тұтас бейнелеу) орта ғасырдағы еуропалық театр декорация өнеріне негіз болды. Осы кезеңде Азия елдерінің (Қытай, Жапония, т.б.) театр сахналары шарттылық пен символикалық түрде көркемделді. 15 – 16 ғасырлардың басында Театр декорация өнеріне әйгілі суретшілер Ф.Бруннелески, А.Мантенья, Леонардо да Винчи, Рафаэль және перспективалы декорацияның негізін салушылар Д.Браманте, Б.Перуцци (Италия) елеулі үлес қосты. 16 ғасырдың аяғы мен 17 ғасырдың басында театрға ауыстырмалы декорация енді; түрлі механизмдер қолданыла бастады. Бұл әдіс декорацияны көрермендердің көз алдында ауыстыру мүмкіндігін туғызды. Театр декорация өнері жүйесін жетілдіру барысындағы ізденістер (итальяндық Джылы Алеотти) кулисаны өмірге әкелді. Бұл жүйе кейіннен бүкіл Еуропаға тарады. Қайта өркендеу дәуіріндегі Лондон қалалық театрларында төменгі, жоғарғы, түпкі сахна алаңын жасап, безендіру өнерінің жаңа үлгісі қолға алынды. Ресейде кулисалы декорация алғаш 1672 жылы қолданылды. Классицизм дәуірінде тұрақты декорация, 17 ғасырда қима перспективалы декорация, ал 18 ғасырда декорация павильондары пайдаланылды. 1758 жылы Жапонияның Кабуки театрында айналмалы сахна іске қосылды. Ұлы француз төңкерісі театр декорация өнерінің дамуына зор ықпал жасады. Мысалы, шебер театр машинистері Париждіңбульвар театрлары” сахнасында кеме апаты, өрт көрінісі секілді күрделі көріністерді еркін көрсете алу дәрежесіне жетті. 19 ғасырдың 1-жартысында Ресейдегі “ресми романтизм” мектебінің бастаушысы А.Роллер болды. 1870 – 1880 жылы Мейнинген театры шеберлері театр декорация өнерін одан әрі дамыта түсті. 1870 жылдардың аяғында Э.Золя “әлеуметтік ортаны дәл бейнелеу” мәселесін көтерді. 19 ғасырдың аяғында орыс суретшілері В.Д. Поленов, В.М. Васнецов, К.А. Коровин, В.А. Серов, М.А. Врубель қондырғылы кескіндеменің композициялық әдістерін қолдану арқылы спектакльдің біртұтас поэзиялық бейнесін жасау принципін тұжырымдады. Мәскеу Көркем театрының реалистік реформасы дүниежүзілік театр декорация өнерінің ілгері дамуына ықпал жасады. Театр декорация өнерінің өркендеуіне “Өнер әлемі” өкілдері А.Н. Бенуа, М.В. Добужинский, Н.К. Рерих және А.Я. Головин мол үлес қосты. Режиссер Г.Крэг (Ұлыбритания) пен А.Аппиа (Швейцария) 20 ғасырдың басында “философиялық театр” идеясын алға тартты. Мұның өзі сахнада текше, алаң, баспалдақ секілді дерексіз пошымдардың пайда болуына жол ашты. 1900 жылдары В.Э. Мейерхольд та осы идеяның ықпалында болды. 20 ғасырда театр декорация өнерінің сахналық техникасы (синтетикалық материалдарды, фото мен кино проекцияларды және күрделі жарық беру құралдарын, т.б. пайдалану) күрт өсті. 1960 жылдары “сахнадан тыс” декорация мен сахна-аренаға (мысалы, 1920 жылдардың аяғында режиссер Мейерхольд пен Н.П. Охлопков қолданған) көп көңіл бөлінді. 1970 жылдары халық өнері үлгілері (ғұрыптық маскалар, костюмдер) кеңінен пайдаланыла бастады. 20 ғасырда Театр декорация өнері шетелдерде де кең өріс алды. 1920 жылдары Бенуа, Головин, Б.М. Кустодиев, Н.П. Крымов, В.А. Симов, Ф.Ф. Федоровский кескіндемелік декорация дәстүрінде, ал Веснин, Л.М. Лисицкий, Л.С. Попова, ағайынды Стенбергтер конструктивизм бағытында жұмыс істеді. 1930 жылдары театр декорация өнерінде, әсіресе, көлемді-кеңістікті декорацияларда кескіндеме кеңінен қолданылды, спектакльдің бейнелеу шешімі психологиялық және поэзиялық (Н.П. Акимов, Н.И. Альтман, Б.И. Волков, В.Ф. Рындин, А.Г. Тышлер, Н.А. Шифрин) бояуға толы болды. Қондырғылы өнер шеберлері П.В. Вильямс, П.П. Кончаловский, Ю.И. Пименов, В.А. Фаворский, К.Ф. Юон театр декорация өнері саласында елеулі еңбек етті. 1950 жылдары А.Ф. Босулаев, А.П. Васильев, С.Б. Вирсаладзе, Э.Г. Стенберг, И.Г. Сумбаташвили, В.Г. Шапорин сахналық жарқын түр іздеуімен ерекше көзге түсті. Қазақ театрының алғашқы спектакльдерінде негізінен ұлттық этногр. және тұрмыс-салттық бояу басым болды. Құлахмет Қожықов алғашқылардың бірі болып қазақ театр декорация өнерінің дамуына үлкен үлес қосты. Қазақ Театр декорация өнерінде реалистік бағыттың қалыптасуына Э.В. Чарномский, В.В. Голубович, И.Б. Бальхозин сынды театр суретшілері көп еңбек сіңірді. 20 ғасырдың 50 – 90-жылдары А.А. Ненашев, Сахи Романов, Г.Ысмайылова, Д.Сүлеев, А.А. Карагодин, П.Ибрагимов, одан кейін келген Қ.Ақбаев, Ф.Мұқанов, Е.Әдісбеков, Е.Тұяқов, В.Шлямин, Ш.Ноғайбаев, т.б. суретшілер шығармашылығынан театр декорация өнері басты орын алды. <ref>«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VIII том</ref>

Сілтемелер

<references /> {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}