Таиланд өнері

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Таиланд өнері Таиланд — осы жерді иеленіп, мекендеген тайлар тайпасының атымен аталған. Алайда, осынау байтақ, табиғаты бай елде тұратындар жалғыз олар ғана емес.

Менам өзенінің аңғары мен оның сағалары Солтүстік және Орталық Таиландқа жатса, солтүстік-шығыс Таиланд теңіз деңгейінен 2600 метр биіктіктегі кең жазық болып келеді, ал Оңтүстік Таиланд Малакка жарты аралының таиландтық бөлегінде орналасқан. Орталық және оңтүстік өңірлері теңізге тікелей шығуға қолайлы. Солтүстік аудандарын көрші мемлекеттерден таулар бөліп жатқанмен, оңтүстігінен өту онша қиын емес. Елдің солтүстік бөлегі Бирма мен Лаос аралағында жатса, орталық бөлігі Бирмамен, Кампучиямен, солтүстік-шығысы Лаоспен де, Кампучиямен де шектеседі. Таиландтың оңтүстігіндегі көршілері — Бирма мен Малайзия. Тоғыз жолдың торабында жатқан Таиланд тарихы іргелес көршілерімен, бәрінен бұрын Бирма және Кампучиямен тығыз байланысты. Ерте кезде Солтүстік және Орталық Таиландта мондар тұрған. Тек кейініректе ғана Менама аңғарына тай тайпалары келе бастаған. Алғашқы кезде Солтүстік- Шығыс Таиланд шығысында Вьетнаммен шектескен Фунань патшалығының бөлігі ғана болған. Таиландтың оңтүстігі1 Шривиджай патшалығы ықпалында болған. Елдің әр түрлі бөлігінің әр дәрежедегі байланысы оның тарихи және мәдени дамуына да әсер етті. Көне дәуірде олардың арасында қандай да болмасын ұзақ мерзімді саяси бірлік болмаған. Бұл бірлікке тек жаңа дәуірде ғана қол жеткен. Елдің мәдениеті мен тарихы туралы алғашқы деректер біздің дәуіріміздің I ғасырларына жататын археологиялық қазбалар, сондай-ақ цейлон мен оңтүстік ұнді (маравати) стиліне жақын Будда қола мүсіндері арқылы белгілі болды. Понгтук, Утонг, Ку Буа (Ратбури), сондай-ақ Занг Кхла, Наконпатомдағы және Менаманың төменгі сағасында орналасқан облыстардағы қазбалар болашақ тай астаналары Аютия мен Бангкокқа таяу елдің орталық ауданындағы Таиланд мәдениетінің ежелгі кезеңі туралы әңгімелейді.

Жергілікті өнердің ірі-ірі шығармаларын тудырған көне дәуір кезеңі мондардың Дваравати патшалығы тұсына тура келеді. Бұл жөнінде әзірге аздаған нақты дерек- тер бар. Алғашында То-ло-по-ти елі туралы қытай жазбалары белгілі болып, ол 1884 жылы-ақ Двараватидың санскриттік сөзі деп түсіндірген еді. Тек 1913 жылы ғана Таиландта табылған жазбаларда Дваравати деген атаудың бар болғаны жарияланды.

Тегі, бұл патшалық біздің дәуіріміздің VII және XI ғасырлары аралығында Орталық Таиландта өмір сүрген сияқты. Оның алғаш негізін салған мондар болатын. Бирма да өзінің мәдени дамуы жөнінен осы мондарға айрықша қарыздар еді. Бирманың батыс мондарынан айырмашылығы ретінде шығыс мондары деп аталған Таиланд мондары хинаяна ілімін ұстанған. Өкінішке орай, Дваравати сәулет өнері туралы, сондай-ақ Двараватидың Оңтүстік Бирмадағы Татонмен байланысы, қарымқатынасы туралы деректер әлі де болса тым аз. Наконпатом деген атпен белгілі. Прапотомдағы әйгілі Ват Прапотом храмы да VIII—IV ғасырларға жатуы мүмкін. Бұл төрт монастырьмен, вихаралармен қоршалған зор дөңгелек символикалық күмбез немесе прачеди. Оның биіктігі 115 метрге жетеді. Ғимарат орналасқан террасы гипстен жасалған бейнелермен әшекейленген.

Двараватидың сәулет өнерінен гөрі мүсін өнері жайындағы деректер көбірек белгілі. Мықты жұмыр формалы, жасылдау, қара жолак тастан жасалған Будда басын сол кезеңге жатқызып жүр. Оң қолы витаркамудра қалпында, биіктігі 3,7 метрлік Наконпатомдағы тақта отырған Будданың кварциттен жасалған бейнесі де ғажап.

Солтүстік Таиланд мондары VII—VIII ғасырларда-ақ кейіннен Лампун атанған Харипунджая қаласының неғізін салуы мүмкін деген болжам бар. Лампун қаласында қоңырау тәрізді боп келген, сондай- ақ құмыра бейнелі символикалық күмбездер бар. Бұл күмбездер елдің осы бөлігін тайлар басып алғанға дейінгі кезеңде салынған. Оларды оңтүстік мон стилінің жалғасы деп танып, XI—XIII ғасырларға жатқызады.

Олардың ішінде Лампундағы жоғарылаған сайын сүйірлене гүсетін сатылы Ват Кукут ғимараты ерекше көзге туседі. Оның сырты түрегеп тұрған Будданың терракоталы бейнелерімен әшекейленген. Ол, сірә, XII ғасырдың екінші ширегіне жататын болса керек. Бейнелердің бастарында провинциалдық стиль ерекшеліктері сезіледі, яғни бет пішіндері жалпақ болып келеді, ешқандай да рухани терең ойлылық белгілері байқалмайды. Көне мәдениет орталықтарынан шалғайда жатқандықтан олардың ықпалына түспей, өзіндік стиль қалыптастыруға ұмтылған талпынысты аңғарамыз. Камбоджадағы және Индонезиядағы олармен тұстас ұлы өнер туындыларымен бұл мүсіндердің ортақтығы шамалы. Алайда, Бирманың мон өнерімен байланысы бар екендігінде дау жоқ.

Дваравати өнеріне әсер еткен өте көне сәулет ескерткіштер әлі мәлім емес. Бірақ, оларда Малакка жарты аралының оңтүстігінен солтүстігіне және Суматра аралдарына дейін кең тарап жатқан Шривиджая патшалығының буддалық өнерінің іздері бар екендігі ешқандай күмән тудырмайды. Таиланд жеріндегі кейінгі кезеңдегі Шривиджая өнерінің басты ескерткіштері негізінен Чайяда табылған. Мәселен, VIII ғасырда басталып, сол уақыттардан бері бірнеше рет, ал соңғы рет XX ғасырда жаңартылып салынған ғимараттың бірі — Ват Пра Махатхат храмы. Алайда, оның сырты көп өзгерістерге ұшырамаған деп санайды; мұнда ява өнері формаларын да пайдаланған мон және Шривиджая өнерлерінің кейбір элементтері ортақ сипат алғанын айтуға болады. Жоғарылаған сайын сатыланып сүйірлене түсетін, кірпіштен салынған бұл храм Орталық Явада (VII—VIII ғғ.) сақталып қалған көне ғимараттар сияқты. Алайда, мұнда шағын дагобалар мен мүсіндер бірдей мөлшерлерде орналаспаған және олар жеке-жеке тұр. Ал оның биіктігін ұшар басына ұзын шпиль орнатылған аса зор мөлшерлі жоғарғы дагоба онан сайын айқындай түседі. Сырт пішіні символикалық күмбезді еске түсіреді; символикалық күмбез бен мұнараның өзара үндесуі арқылы өзіндік форма жасалған. Осыған ұқсас құрылысты Бирмадағы Паган ғимараттары арасынан кездестіруге болады. Мәселен, Шривиджая құрылыстары мен тьямдардың кейбір ескерткіштерін салыстыруға болады. Бұл ретте Шривиджаяның теңіз державасы болғанын ескеретін болсақ, оның өз төңірегіне кең ықпал жасауы мүмкін екендігін ұмытпаған жөн. Бұл өнердің синкретикалық белгілері қайран қалдырмауы тиіс.

Бұл өнерде буддалық та, үнділік те элементтер кездеседі. , Шривиджая өнері үнді мүсіншілерінің тәжірибесінен (мәселен, Те Кра Падағы үлкен тас бейнелер) көп нәрсені бойына дарытқан. Сонымен қатар мұның өзі Таиландтың мондар өнеріне жаңа серпін берді. Шривиджаяның күшті ықпалы Таиландтағы Донг Си Маха пот мектебініц (XV ғ.) барлығына да күшті әсер етті. , Шривиджаяның елеулі мүсіндеріне өте ертедегі кезеңге, шамамен VIII ғасырға жататын Будда Мучх,илинда деп аталатын, көп басты нагтың қорғауындағы Будданы жатқызуға болады. Бұл екі бейне де VIII ғасырларда Шривиджаяға қараған Чайяда табылған. Сонымен бірге, Авалокитешвара мүсіндері үнді үлгілерін, нагқа мінген Будданы еске түсіреді, ал кхмер жазбалары Оңтүстік-Шығыс Азиядағы синкретикалық тенденциялар белгілерін білдіреді. Нагтың өзі кхмер үлгілерін еске түсіреді.

XI—XIII ғасырларда шығыс мондарының мемлекетіне кхмер әскерлері шабуыл жасады; соған орай мұнда кхмер өнерінің жергілікті мән-сипатқа ие түрі пайда болды. Кхмер губернаторының резиденциясы Лопбури қаласында орналасты. Соған байланысты бұл кезең Лопбури кезеңі деп аталады. Таиландтың одан әрі дамуында кхмердің діни ықпалы ерекше зор маңызға ие болды. Мондар хинаяна ілімін ұстанып қала берді. Алайда, Таиландқа бұдан былай индуизм мен махаяна буддизмі енді. Жаңа және ескі діннің бірбірімен араласқан сипатқа ие болуы Будда мүсіншелері басым келетін Лопбури мүсіндерінде айқын байқалады. Жіті көз салсақ, оларда жаңа белгілер де айқын көрінеді. Мәселен, нагтағы Будданы немесе кхмерлердің махаяна өнеріне жататын князьдік әшекейлердегі Будда мүсінінің жаңа түрін алуға болады. Таиландта табылған осы кездегі көптеген мүсіндердің осы тектес камбоджалық мүсіндерден жалпы стиль жөніндегі айырмашылығы шамалы.

Кхмерлер өнерінің ықпалымен бой көтерген көптеген ғимараттардың кей бөліктері кейін келе тайлар стилінде қайтадан салынған. Ал мондар мекендеген ең шалғай шеттегі солтүстік облыстарда кхмерлік ықпал мүлде болған жоқ. 1287 жылы қуатты тайлардың үш тайпасы өзара одақ құрып, мондар елінің солтүстік және орталық облыстарын өздеріне қаратып алуға күш салды. Жаңа тайлар мемлекетінің негізгі орталықтары үш қала болды: олар — Орталық Таиландта Менам өзенінің шығысындағы Сукатаи және Саванкхалок қалалары, сонымен қатар солтүстіктегі Чиенгмай қаласы болды. Тай тайпалары Бирмаға да еніп, оның қиыр солтүстігінде ірге теуіп орнығып алды. Сөйтіп, бұлар үлкен тайлар, кейінірек шандар деген атқа ие болды. Ал, негізінен алғанда, кейін келе XIII ғасырдың соңында ғана тай- лар өнерінің тарихы басталады. Оның діни негізі ерекше назар аударарлықтай. Ол кез Үндістанның солтүстігі мен Деканның бір бөлегі исламның тірегіне айналған, ал тай тайпалары Юньнаньда тұрған кезден буддизмнің ықпалында болып, мондармен алғаш араласа бастаған тұс еді. Енді қазір тайлықтар буддизм іліміне барынша берілген Цейлон сияқты елге ниет түзеп бағыт ұстағаны қолымызға келіп жеткен көптеген деректерден белгілі болып отыр.

Сукотаидың алғашқы әйгілі билеушісі, жаңа мемлекеттің негізін салушының ұлы, қолбасшы Рама Камхенг (1283—1316) Малакка жарты аралының оңтүстік бөлегіне дейінгі Оңтүстік Шығыс Азияның үлкен аудандарын өзіне қаратып алды. Оның ұлы Лутай шын берілген буддашы болды және буддалық билеушіге лайық Дхармараджи атағын иеленді. Ол билеген тұста Цейлонмен байланыс нығайды. Таиландтың солтүстігін билеуші Чиенгмая Ку Ha XIV ғасырда Цейлонда дәреже алған Суман атты монахтың көмегімен сингал буддизмін енгізді. 1369 жылы Лампунға жақын Ват Пра Юн храмының негізін салушы осы Суман сияқты. Суманның тапсырмасымен салынған ондағы Будданың төрт мүсіні ғасырлар бойына Сукотаи ықпалымен айрықша өркен жайған Солтүстік Таиланд өнері үшін үлгіге айналды. Тай князьдіктері мен Цейлон арасындағы қатынастардың ұзаққа созылғанын және берік болғанын айта кеткен жөн. Соның нәтижесінде 1750 жылы Цейлоннан Таиландқа отарлық билеп-төстеушілік жылдарында әбден азып-тозған цейлон буддизмін қайта жаңғыртып нығайту үшін тай монахтарын шақыруға елшілік жіберілген., Шри Ланкада осы күнге дейін «Сиам никайя» деген монахтар ордені сақталған. Бұл ат олардың тайлардан шыққанын еске салады.

Саванкхалоктағы Ват Махатхат храмында соңғы кезде табылған XIII ғасырдағы кірпіш Будда сингалдық Будда мүсініне, мәселен, Полоннарувадағы Гал-вихарадан табылған, малдасын құрып отырған Буддаға қатты ұқсайды. Сол кездерде Цейлонда да Будданың зор мүсіндері күйдірілген кірпіштен жасалынатын болған. Бірақ, олардың тек қалдықтары ғана сақталған. Ват Махатхаттағы отырған мүсіннің биіктігі тоғыз метрге жетеді. Киімнің өңірі Будданың кеудесін жауып тұр. Жасалу қолтаңбасының, сабырлы салқынқандылығы, Будданың терең ойға беріліп отырғанының сәтті берілгендігі мүсіннің сингал үлгілерімен байланысы бар екендігін көрсетеді. Бірақ осынау бирмалық ықпалға қарамастан Сукотаи өнеріне өзіндік сипаттар тән болып келеді. Бұл өнер Оңтүстікг Шығыс Азияда кең тараған жаңа үлгілерге бастау болды. Мәселен, «жүріп келе жатқан Будданы» алайық. Бұл мүсін шиыршық атқан ширығуымен, нәзіктігімен, бейне пішінінің бипаз жұмсақтығымен ерекшеленеді. Таиланд сәулеті көне дәуірдегімен салыстырғанда көп өзгерістерге ұшыраған. Ең алдымен кхмерлік ықпал әлсіреген. Бірқатар үлкен ғимараттар, мәселен, жоғарыда айтылып өткен XIV ғасырдың бірінші жартысында Лутай патша салдырған Сукотаидағы Ват Махатхат храмы мұнара-храм мен символикалық күмбездің мәнді қосындысы есепті. Таиландтағы осы сияқты мұнара-храм мен ішінде діни қызметке арналған кұжыралары, кішкентай ғана бөлмесі бар символикалық күмбез шын мәнісіндегі символикалық күмбезден өзгеше болып келеді. Оның мұндай түрі «пранг» деп аталады. Өкінішке орай, осы тамаша өнер туындылары көп өзгертілген. Символикалық күмбездермен қоршалған орталық ғймарат (символикалық күмбездердің.биіктігі ғимарат биіктігінің төрттен үш бөлігіндей) олармен бір террасаға орналасқан. Төрт бұрышты ғимараттың орталық бөлегі жоғары өрлеп барып, дөңгелек формаға енеді де, символикалық күмбездің кішірейген түрін қай- талап барып, ұшар басы одан әрі үшкірленген шпильмен бітеді. Кейінірек кезде салынған мұндай ғимараттардың ірге табаны да дөңгелек болып келгенін көреміз. Ват Махатхат ғимаратының орталық бөлігінің кертпе қуыстары гипстен жасалған бедерлі суреттермен әшекейленген. Бұл ғимаратты қайта жөндеуге сингал суретшілері мен қолөнершілері қатысып, олар Полоннарувадағы гипстік әшекейлерге тән цейлондық стильді пайдаланған тәрізді.

1296 жылы солтүстік тайлар мемлекетінің астанасы Чиенгмай болды. Жаңа мемлекет Ланна деп аталды. Мұнда, сірә, алғашқы кезде мондық стиль дамыған болуы керек. Ланнаның әйгілі билеушісі Тилокарат патшаның тұсында XV ғасырдың ортасына таман Чет Йот монастырь салынған. Монастырьдың көптеген құрылыстары, атап айтқанда, монахтар жиналысына арналған зал осал материалдардан салынғандықтан сақталмаған. Бірақ, аса маңызды ғимарат — Бодх- Гайдағы әйгілі Махабодха храмының кішірейтілген көшірмесі сақталған. Іргетасқа орналасқан бұл ғимараттың орталық бөлегінің сырты бағандар арасында орналасқан екі қатардан гипс бейнелермен әшекейленген. Тилокарат патша монахтарды Бодх-Гайға жіберіп, одан Будда мұсіндерінің көшірмелерін алдырған деп топшылауға да болады. XV ғасырдың екінші жартысынан бастап аяқтарын астына алып, өкшелері жоғары қараған (бұны ваджрасын қалпында деп атайды) күйдегі бұл Будда тайлар өнерінің туындылары ұшін үлгіге айналған. 1461 жылы Тилокарат патша Сукотаи қаласын аз мерзімге ғана өзіне қаратып алды. Содан бастап Ланна өнерінде бірқатар бейнелеу өнері туындыларының жаңа типтері пайда болды. Мәселен, князьдік әшекейлердегі Будда мен төбесіндегі жалын тілін ұстаған Будда бейнелерін алайық. Осылардың соңғы түрі Таиландтың кейініректегі өнерінде, сондай-ақ Цейлонның сонымен тұстас өнерінде де кең тараған.

XIV ғасырда-ақ Менама өзенінің төменгі ағысында бұған дейін Сукотаиға бағынып келген Утонг князі жаңа астана — Аютияның негізін салды. Утонг князьдігі үлкен болмағанымен, үзақ өмір сүрді, алғашында оның зор маңызы бола қойған жоқ. Кешікпей Аютия мемлекеттің орталығы болды да, өз ықпалын Орталық Таиландқа және оңтүстікте Малакка жарты аралының бір бөлегіне жүргізді. XV ғасырдың екінші жарты сында ғана кхмер империясы Камбуджадеш жеңіліп, Аютия қаласы астана болған тайлар мемлекеті Оңтустікг Шығыс Азиядағы ең белді мемлекеттердің біріне айналды. Тайлардың ұзак уақытқа созылған саяси өктемдігі 1767 жылы бирмалықтар Аютияны түбегейлі талқандауымен шектелді, бирмалықтар бұдан бұрын 1469 жылы да басып кірген еді.

Аютия кезеңі стилі бойынша бірнеше фазаға бөлінеді. Мон, кхмер және сукотаи элементтерін бойына сіңірген ертедегі Утонг кезеңі XIII—XV ғасырларды қамтиды; сайып келгенде, ол Аютия пайда болғанға дейінгі уақыттан басталады. Екінші фаза — Ломбури кезеңі, бұл Аютияның ұлттық стилін бойына жинақтаған кезең. Мұнда кхмер немесе Ломбури элементтері дәстүрлі тайлар өнерімен астасып жаңа стильді құрады. Ал бұл стиль XV ғасырдан XVIII ғасырға дейін өмір сүрді. Тайлар өнерінің соңғы стилі —1782 жылы жаңа астана болған Бангкок қаласының атымен аталатын стиль.

Сәулет өнерінде Аютия кезеңіндегі көне прангпен қатар символикалық күмбез де өз орнын алған. Оның бірден-бір үлгісі — XV ғасырда салынған Ват Сри Санпет монастыры.

1424 жылы салынған Ват Рат Буран прангысы қос қабат іргетасқа орналасқан мұнара-храмның белгілі формасын бейнелейді. Кішкентай символикалық күмбезден әсем қиюласып көмкерілген вестибюль ішкі целлаға енетін қақпа ролін атқарады.

Осының нәтижесінде төрт жағының бірі, атап айтқанда, қақпа орналасқан шығыс жағы, шаршы көлемнен алысқа едәуір ұзара түседі де, храмның жалпы алып жатқан көлем-келбеті ашамай тәрізді болып көрінеді. Мұнарасы бірнеше бөлікке бөлінген: цокольды бөлік; сыртындағы куыстарда орналасқан Будданың аумақты бейнелерімен әшекейленген целласы бар орта бөлігі; ең соңында прангтың өзіне ғана тән төбесі. Салыстырып қарағанда осы биік, жоғарылаған сайын дөңгелене беретін үстіңгі жағы ғимараттың жалпы дөңгелек кейпін бұзбайды. Қайта пирамидасы және сатылы төбесі бар көне ғимараттарға қарағанда пранг символикалық күмбезді көргендей әсер етеді.

Тайлар өнерін сипаттағанда өзіндік стильді айшықтайтын Сукотаи кезеңіндегі (шамамен XIII-—XIV ғғ.) толып жатқан қола мүсіндер туралы айтпай кету мүмкін емес.

Оның көпшілігі шет елдердегі қорлар мен музейлерден орын алып отыр. Жерге жабысқан қалыпта отырған Будда (бхумиспаршамудра), адымдап келе жатқан Будда, князьдік әшекейлер тағынған Будда, мүсіндерінен бөлектенген Будданың бастары көп ретте Таиланд өнерін ерекшелей түседі. Осы сияқты оңтүстік үнділік қола мүсін Европа елдеріндегі қорларда көпке дейін үнді өнерін танытатын ескерткіш ретінде бағаланып келді. Осы тай мүсіндерінің ішіндегі ең тамашалары мон және кхмер дәуірлеріндегі көне мүсіндерден өзгешелеу болып келеді, ол өзгешелік сүйірлене біткен бет пішінінің мәнерлілігімен ерекшеленеді, өте көркем жасалынған көне тас мүсіндердің өзінде бастарындағы шаштың бірнеше қатар етіп бұйраланған қалпак тәрізді өте мәнерлі етілуі ерекше көзге тұседі. Будданың төбесіндегі жалын тілі сүйірленіп, жоғарылай береді де, князь әшекейіндегі Будда тәжіне ұқсап кетеді.

Бангкок кезеңі қазіргі кезге дейін созылады. Бирмалықтардың жаугершілігінен кейін XVIII ғасырдың аяғында Таиландты осы уақытқа дейін билеп отырған жаңа әулет ұкімет басына келді.

Өнердегі көне дәстүрлер одан әрі жалғасын тауып дами түсуде. Ол дәстүрлер әр кездегідей европалықтар мен американ ықпалына беріле қоймай, өз дәстүрін ұстануда. Бұл, әсіресе, Таиланд жерінде екінші дүниежүзілік соғыстан кейін айрықша сезілуде. Таиланд отарлық езгіге ұшырамағанымен (кейбір уақыттарда ол шетелдіктер үшін мұлде жабық та болды), басқа Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне қарағанда мұнда ұлт-азаттық қозғалысы бәсең болды.

Таиланд өнерінің тарихы осы елдің тарихын да бейнелейді. Бұл ел Оңтүстік-Шығыс Азиядағы сауданың тоғыз жолы тоғысқан торабы болды және өз көршілерінің: батыста бирмалықтардың, оңтұстікте индонезиялық Шривиджая әулетінің, шығыста кезінде құдіретті болған кхмер патшалығының бітіспес даулы объектісіне де айналды. Бейнелеу өнері саласында кхмерлік ықпал неғұрлым күшті болған. Таиландтағы және Бирмадағы туыстас мон халықтары тайлар мәдениетінің қалыптасуына үлес қосқанымен, Бирма мондары Таиландқа ерекше ықпал етерлік дәрежеде болмағанын айтқан жөн. Қысқа кезеңдерді есепке алмағанда, тірегі Шри Ланка мен Бирма болған буддизмнен Таиланд кол үзбеген, оның сенімді орталығына айналған. Осындай шын берілгендік пен табандылық алайда оңайға түскен жоқ. Кезіндегі творчестволық, өзіндік ерекше қызметтің орнына тоқыраушылық, консерватизм, бір кездерде табылған формалардан танбаушылық, көркемдік киялдан жұрдай болу сияқты келеңсіз жайлар орын тепті. Өнер туындыларының саны кемімегенімен, сапасы құлдырап кетті: тоқырап қалған қағидалар мен дәстүрлер үстемдік алды.

Мұндай дамудың тиімді және тиімсіз жақтарын қарастырғанда пайымды болған жөн. Таиландта не Ангкор немесе Байон да, не Боробудур да жоқ. Оңтүстік-Шығыс Азиядағы барлық жердегідей, тайлар цивилизациясының түп негізінде де үнді мәдениеті жатыр. Бірақ Бирмадағыдай Таиландта да бұл ықпал Үндістанның тікелей өзінен ғана келіп жеткен жоқ. Барлық жағдайда, ең алдымен, тхверавада өнері мен Цейлон мәдениетінің, сондай-ақ мондар мен кхмер өнерлерінің байланыстырушы роль атқарғанын есте ұстаған абзал.<ref>Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия өнері.— Алматы: Өнер, 1990. ISBN 5-89840-221-7</ref>

Дереккөздер

<references/> {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}