Сазанқұрақ газ-мұнай кен орны

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Сазанқұрақ газ-мұнай кен орны - Каспий маңы ойысының оңтүстік-батыс ернеуі маңы өңіріндегі газ-мұнай кен орны. Атырау қаласынан батыста 85 км жерде, Каспий теңізінің солтүстік жағалауына жақын орналасқан. 1993 жылы ашылған.

Геологиялық құрылымы

Кен орны жасырын бұзылған үш қанатты тұзкүмбезді құрылымнан орын алған. Құрылымның тұзды күмбезі неогеннің алдында мүжіліп шайылған бет түрінде жер бетінде ашылған. Триастың, юраның және бордың тұзүсті шөгінділері де неогеналды үйлесімсіздікпен қиылған, сөйтіп көтерілімнің шет жағында стратиграфиялық қалқаланған тұтқыштар түзілген. Неогеналды үйлесімсіздік бетімен қалқаланған өндірістік мәні бар мұнай жатыны Каспий маңы ойысында бірінші рет анықталды. Мұнайлы горизонт төменгі бордың валанжин жікқабатынан орын алған.

Жатыс сипаты

Өнімді қойнауқаттың беті бойынша тұтқыш солтүстігінен горизонттың неоген шөгінділері астына сұғыну бетімен шектелген жартылай күмбез болып табылады. Оның өлшемдері -550 м-лік изогипса бойынша 4,5x0,6 км, амплитудасы 200 м. Горизонттың күмбездегі жатыс тереңдігі 415-455 м аралығында ауытқиды, жалпы қалыңдығы 35 м-ден 58 м-ге, тиімді қалыңдығы 12 м-ден 47 м-ге дейін өзгеріп отырды. Жинауыштардың ашық кеуектілігі 33-39% келген құмнан құралған. Мұнайдың шығымы 24 м³/тәу-ке жетеді. Қойнауқаттық қысым 4,9 Мпа, температура 24°С. Мұнайы ауыр, тығыздығы 917 кг/м3, күкіртті (0,46%), аз парафинді (0,66%), шайырлы, аз мөлшерде асфальтендері бар. Хлоркальцийлі типті табанасты суларының тығыздығы 1148 кг/м3, минералдылығы 157 г/л. Кен орны 1998 жылдан игерілуде. <ref>Қазақстанның мұнай энциклопедиясы. 2 томдық - Алматы: "Мұнайшы" Қоғамдық қоры, 2005. ISBN 9965-9765-1-1</ref>

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер