Сабақты етістік
Сабақты етістік<ref>“Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9</ref> — табыс септігіндегі сөзді керек ететін етістік түрі. Табыс септікті тура толықтауышты меңгеру немесе меңгере алмау қасиетіне қарай етістіктер салт және сабақты болып бөлінеді.<ref>Аханов К., Тіл білімінің негіздері, А., 1993;</ref> Салт және сабақтылық категориясы етістіктің грамматикалық семантикасымен байланысты қалыптасқан құбылыс. Оның субъекті мен объектінің грамматикaлық (синтаксистік) қатынасын өзгертіп отыратын ішкі семантикалық мазмұны болады.<ref>Ысқақов А., Қазіргі қазақ тілі, А., 1991;</ref> Мысалы, құданы шақыр, ақиқатын біл, қымызды сапыр. Салт және сабақты етістіктер жіктелімі ежелден қалыптасқан құбылыс. М.Қашқари “Диуани лұғат ат-түрк” сөздігінде бір етістіктің бірде салт, бірде сабақты тұлғада жұмсалуына көптеген деректер келтірген. Мысалы, Ол меңе үстерді — Ол мені жеңуге тырысты. Ол қылмыш ышын үстерді — Ол істеген ісінен тануға тырысты.<ref>Томанов М., Қазіргі қазақ тілінің тарихи грамматикасы, А., 1988;</ref> Мұндай тілдік деректер 11 ғасырда сабақты және салт етістік категорияларының көрініс тапқанын көрсетсе, екінші жағынан, қазіргі тілімізде де бір етістіктің бірде салт, бірде сабақты мәнде қолданылуы кең етек алғанын танытады. Сабақты етістіктер жасауда өзгелік етіс жұрнағы ерекше қызмет атқарады.<ref>Исаев С., Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты, А., 1998.</ref> Қазақ тіліндегі салт етістіктер өзгелік етіс жұрнағы арқылы сабақты етістікке айналады. Мысалы, жеткіз, көндір, қуант, т.б.<ref>Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы: Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан даму институты, 1998 жыл, 509 бет. ISBN 5-7667-2616-3</ref>
Дереккөздер:
<references/>