Рио-Гранде
Рио-Гранде (Rіo Grande), Рио-Браво-дель-Норте — Солтүстік Американың оңтүстік-батысындағы, АҚШ пен Мексика жеріндегі өзен. Ұзындығы 2880 километр, су жиналатын алабының аумағы 570 мың км². Сеңгір (Жартасты) таулар жүйесіндегі Сан-Хуан тауынан басталып, қуаң үстірт, ішінара енсіз каньондар арқылы ағып, Мексика шығанағына құяды. Өзен Эль-Пасо қ-нан сағасына дейін АҚШ пен Мексика аралығындағы мемлекеттік шекара бойымен өтеді. Су деңгейі қыркүйек — қараша айларында көтеріліп, қуаң жылдары өзеннің кейбір телімдері құрғап қалады. Орташа су ағымы 570 м3/с. АҚШ пен Мексика мемлекеттері арасындағы келісім-шарт бойынша Рио-Гранде суын (энергия өндіру, жер суару) пайдалану үшін ірі бөгендер салынған. Өзен жағалауында Эль-Пасо, Ларедо, Альбукерке (АҚШ), Сьюдад-Хуарес, Нуэво-Ларедо (Мексика) қалалары орналасқан.
Сілтемелер
"Қазақ Энциклопедиясы", 7 том