Ортағасырлық Тальхир қаласы (Алматы облысы)

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

<ref>Жетісу. Энциклопедия. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2004 жыл, - 712 бет</ref>

Тарихы

Ежелгі Тальхир қаласы жазба деректері бойынша Х ғ. белгілі болған. Оның қалдықтары Алматы қаласынан 25 шақырым жерде орналасқан қазіргі Талғар қаласының оңтүстігінде. Бұл Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі мәдени, қолөнер және сауда орталығы болған. Жазба деректер бойынша қала аумағы 28га қамтыған. Х-ХІІ ғасырларда Тальхир Жібек жолының бойындағы керуен-сарай қызметін атқарып қана қоймай, Жетісу өңірінің көшпелі және отырықшы халқының шаруашылық, саяси және мәдени-діни байланыстарын нығайтуға елеулі үлес қосқан. Отырықшы және көшпелі халықты байланыстырушы Тальхир қаласының стратегиялық маңызы аса зор болған. Бұл ерекшелік қаланың мәдени және экономикалық дамуында көрініс тапқан.

Толығырақ тарихы және археологиялық жетістіктер

Қазба жұмыстарының нәтижесінде археологтар ауқатты адамдардың иеліктерінде барлық уақыттарда шаруашылық ауласының болғандығын байқаған, және оны мал қамайтын қоралар есебінде пайдаланған. Қала көшпенді және отырықшы халық арасындағы өнім алмасуда ерекше роль атқарған. Көшпенділер қала қолөнершілік шикізатпен жабдықтап, орнына қолөнер бұйымдарын алып отырған. Қаланың сауданың кауіпсіздігін қамтамассыз ету мәселесімен де көшпелі тайпалар немесе ірі феодальдар айналысқан.
Қазіргі кезде қаланың тек ортасының бөлігі – бекініс салынған. Бұл жан-жағынан мұнаралары дуалдар қоршаған қамал болған. ІХ ғ. бастап бекіністе әскерлерден басқа көпестер мен қолөнершілер жайғасқан. Алғашында олар билеушіге, оның жасағына және сарайға қызмет етсе, кейінірек айналасындағы отырықшы халық үшін де тауарлар жасап шығарған. Қаланың бекініс бөлігіне жапсарлас құрылыстар салынып, ол көп ұзамай сауда-өнеркәсіп орталығына айналған. Қалада үйлер, шаруашылық жүргізетін иеліктер салынып, кеңейе бастаған. Көпбөлмелі үйлер салынып, отбасы мүшелерінің тұрақты бөлмелері, асхана, түрлі шаруашылық құрылыстары болған. Тұрғын үйге жалғастыра тас немесе топырақ дуалдарымен қоршаған шаруашылық ауласы болған. олар көбінесе үй жануарларын ұстайтын малқора есебінде пайдаланған. Осылайша, біртіндеп әкімшілік биліктің, колөнер және сауданың орталығы қалыптаса бастады. Дамудың осы жолынан барлық ортағасырлық қалалар өтті. Қалада экономика, сауда мен колөнердің дамуына Іле арқылы Қытайға, Жапонияға, Орта Азияға, Иран мен Византияға апаратын Ұлы Жібек жолы үлкен роль атқарды. Қаланы қазу барысында археологтар осы елдерде жасалған қыш ыдыстардың сынықтарын, кейбіреулерін бүтіндей тапқан. Қаланың орталық бөлігінен үнді шеберлері жасаған шахмат тастарының табылуы да үлкен қызығушылық туғызды. Көптеген қосымша материалдарға сүйеніп, И.И. Копылов ол шахматтарды ІХ ғ. жатқызған. Бай адамның иеліктерін қазу сол кездегі шаруашылықтың дамуының деңгейі туралы пікір түзетуге мүмкіндік береді. Көптеген ауыл-шаруашылық құрал-саймандары, тіпті көмбелер табылған.
ХІІ ғ. сонымен блгіленген қаланың жоғарғы қабаттарында көптеген үйлерден археологтар отқа табыну үшін қолданған зороастризм рәсімдік ошақтарын тапқан. Зороастризм Жетісу өңіріне біздің заманымыздың алғашқы ғасырларында Иран мен Соғды арқылы кіргені белгілі. Бұл діннің қала тұрғындарының арасында кеңінен таралғандығын кейбір үйлердің қабырғаларынан зороастризмдік жерлеу ғұрпы бойынша үлкен құмыраларға жерленген өліктердің табылуы дәлел бола алады.


Буддалық қастерлі заттар: Будданың қола мүсіні, сансарлық айналыстан сақтауды бейнелейтін чарвака – қасиетті доңғалақ – табылған. Ортағасырлық Тальхирда сол кездегі барлық діндер: буддизм, несториандық бағыттағы христиандық, ислам орын алған деуге болады. Т.В. Савельева мен М.В. Каменщиков жүргізген зерттеулер біздерге ортағасырлық Тальхирде үйлер мен қосалқы шаруашылықтардың қандай болғандығын көз алдымызға елестетуге мүмкіндік береді. Үйлердің іргетастары ірі өзен тастарынан төселіп, лай сырғауылдардан еңкіш етіп жасалып, үстіне балшықпен сыланған қамыс төсеніштер жабылған. Бір қызығы, сол ортағасырдың өзінде-ақ құрылысшылар жер сілкінушілік жағдайын ескерген. Жер сілкіне қалғанда қирамау үшін іргетасқа жуан бөренелер бекітіліп, қабырғалар солардың үстіне қалаған. Мұндай құрылым үйлердің қабырғалары мен төбелерінің жер сілкісініне шыдамдылығын едәуір арттарған. Тальхирде көптеген көшелерде тас төселген, су құбыры болған. тұрғындардың өмір сүру деңгейі мен тауар-ақша қатынастарының дамуы туралы кейбір ашылған жаңалықтар куәлік етеді. 1965 жылы қазу кезінде орта дәулетті адам тұрған бір бөлмелі кішігірім үйден көмбе табылған. Оның уақыты ХІІ ғ. соңы мен ХІІІ ғ. басы деп белгіленген. Осы кездегі еуропалық қалалардың көпшілігінде ақшаны тек дәулетті адамдар мен феодалдар ғана пайдаланған, ал қарапайым қала тұрғындары заттай алмасумен қанағаттанған. Экономикалық дамудың жоғары деңгейі туралы монеталар шығаратын қалыптардың әртүрлілігі де куә бола алады. Шамасы, қаланың өзінің ақша соғатын сарайы болған.


Ұстаханаларды қазу барыстарында да қызықты материалдар ұшырасқан. Талхир ұсталары әртүрлі күрделі құрал-саймандарды пайдаланған. Бұлар: көлемдері мен түрлері әртүрлі балғалар, қышқыштар, тістеуіктер, әртүрлі төстер мен сызба үлгілері т.б. Кейбір аспаптардың не үшін пайдаланғаны әзірге түсініксіз. Көшелерден және жеке үйлерден табылған құлыптар, кілеттер, әртүрлі қару-жарақтар қалада ұсталық өнердің жоғары дамығанын көрсетеді. Жауынгерлік айбалталардың үш түрлі темірден жасалғандығын анықталды. Бұл олардың өткір, мықты және қаты болуларын қамтамассыз еткен.


Талхирде шыны өнеркәсібі де болған. археологтар жинаған шыны заттар мен ыдыс-аяқтардың сынықтары бұл кәсіптің даму деңгейі туралы мәлімет береді. ХІ-ХІІІ ғғ. басында қалада жергілікті шыны ыдыстар шығарылып келген. Шыны арнайы пештерде 1200° температурада өрітілген. Ортағасырлық шеберлер түрлі боялар қолданған. Қазу барысында таяу Шығыс пен Орта Азиядан әкелінген ыдыс-аяқтардың сынықтары да табылған. Жергілікті бұйымдар күнделікті тұрмысқа бейімдеу келген. Көптеген ғасырлар бойына Талхир Жетісу өңірінің экономикалық, мәдени және сауда өмірінде аса маңызды роль атқарған. Талхирде көп жылдар бойына қазба жұмыстарын жүргізген археолог И.И.Копылов, қаланың жоғарғы қабаттарынан алынған мәліметтерге сүйене отырып, бұл тамаша қаланы ХІІІ ғ. бас кезінде найман билеушісі Күшлік әскері қиратты деген болжам бар.

Дереккөз

<references/>