Орманды дала зонасы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Қазақстан жеріне орманды дала зонасының тек солтүстік шеті сүйірленіп кіреді. Жазық далада шоқ-шоқ болып ормандар өседі. Қазақстанның орманды дала зонасы Батыс Сібір жазығы мен Жалпы Сырт қыратының аз ғана бөлігін алып жатыр. Жалпы көлемі 1 млн га Қазақстан аумағының 0,4%. Орманды дала зонасының жер беті тегіс. Онда шағын ойпаттар кездеседі, бұлардың кейбіреулерін көл алып жатыр.

Зонада 6 мыңнан астам көл бар. Орманды дала зонасының климаты басқа зоналарға карағанда біршама қолайлы. Жылдық жауын-шашынның орташа мөлшері 300-350 мм, оның көбі жазда жауады. Жазы қоңыржай ыстық, шілденің орташа температурасы 18°-20°С. Қысы едәуір суық, кей күндері қатты аяз болып, ауаның температурасы -51°-53°С-қа дейін төмендейді. Қаңтардың орташа температурасы -17°-19°С.

Өзендері

Өзендері түгелдей дерлік қар суымен толығады. Ертістің, Жайықтың, Тобылдың,Есілдің, т.б. бірқатар ірі өзендердің суы халықтың тұрмыс қажеті үшін ғана емес, өнер-кәсіп мақсаты үшін де пайдаланылады.

Топырағы

Зонаның солтүстік бөлігінде қара топырақты қабаттың қалыңдығы 75 см-ге жетеді, оның құрамының 9%-ына жуығы шірінді болады. Зонаның оңтүстігіне таман қара топырақтың қалыңдығы кеми түседі, шіріндінің мөлшері де 6%-ға дейін азаяды. Қазакстандағы орманды дала топырағының Шығыс Еуропа жазығындағы орманды дала топырағынан айырмасы - ойпаң жерлері сортаң болып келеді. Зонада көбінесе дала және шалғынды дала өсімдіктері өседі. Солтүстігінде, солтүстік-батысында шоқ-шоқ ормандар кездеседі.

Өсімдік жамылғысы

Өсімдік жамылғысы жыртылмаған үлескілерді жауып тұратын қалың және әр түрлі шөптер, дәнді дақылды өсімдіктерден тұрады. Мұнда қызғылт сабақты боз, шоқ түпті бетеге, бұралған жер бидайық өте көп. Біраз жерді қарабас шалғын мен қылқансыз арпабасалып жатыр. Астық тұқымдас өсімдіктерге сәбізшөп, жұпар иісті алтын түстес гүлдері өседі. Бұршақ тұқымдастардан сары гүлді беде, көк түсті бұршақ бар. Батыс Сібір жазығының ормандарында шоқ-шоқ қайың мен көктеректер өседі. Жалпы Сырт қыраты ормандарында жалпақ жапырақты ағаштар - емен, жөке, қандыағаш басым болады. Шоқ-шоқ болып біткен қайыңды, көктеректі ормандар арасында өсетін бұталарға: тал, долана, итмұрын, қара қарақат жатады. Сабағы жіңішке, шырынды, қызыл күрең түсті жемісі бар тошала жиі кездеседі. Орман шетінде аңқыған иісі бар, қызыл күрең түсті бүлдірген көздің жауын алады. Ағаш тұқымдастарының құрамы жағынан батыстың орманды даласы Шығыс Еуропа даласына ұқсайды. Орман өсімдіктері өзен аңғарларын бойлай оңтүстікке де таралады. Мәселен, дала зонасындағы Жайық өзенінің аңғарында шоқ-шок ормандар, Ертіс жағасын бойлай құм шағылдары үстінде жіңішке алқапта карағайлы ормандар, Сарыарқаның Көкшетау, Қаркаралы, Баянауыл және т.б. тауларының гранитті массивтерінде карағайлы ормандар таралған. Олар тау шоқтары мен беткейлеріндегі көлдерді қоршап жатқан далада ерекше көркем табиғат көріністерін бейнелейді. Бұл әдемі табиғатты аудандарда сауықтыру және демалыс үйлері орналасқан. Орман байлықтары - шоқ қайыңдар мен шоқ қарағайлар және бұталар 10 млн гектардан астам ауданды алып жатыр. Дуброва, Мамлют қорықшаларындағы ормандар мемлекет тарапынан қорғауға алынған.

Жануарлары

Орманды даланың өзіне ғана тән ерекше жануарлары болмайды. Мұнда да көршілес зоналардың жануарларындай: сарышұнақтар, сұртышқандар, қосаяқтар, аққіс, қояндар (ақ қоян, ор қоян, сусар, түлкі, қасқыр, т.б. кездеседі, шоқ карағай ормандарында - тиіндер бар. Соңғы жылдарда мұнда солтүстік ормандардан бұландар мен сібір еліктері мекен ауыстырған. Басқа жақтан адамдар алып келген, кәсіптік маңызы бар ондатр кездеседі. Бауырымен жорғалаушылардан кесірткенің екі түрі (жорғалауыш және тірі туатын), сары бас және улы сұр жыландар кездеседі. Орманды далада құстар өте көп және әр түрлі. Шоқ қайыңды ормандарда ақ құр, ақ тұмсық қарға, сауысқан, тоқылдақ, көкек, сұңқар, күйкентай ұялайды. Ашық жерлер мен орман шеттерінде бұлдырық, бөдене, бозторғай, шәуілдек жүреді. Көл жағасындағы нулы қамыс, қамыс құрағы, қоғалар мен басқа да өсімдіктер арасында әр түрлі суда жүзетін құстар көп-ақ. Мұнда көптеген қаздар мен үйректер, сондай-ақ шағалалар да байқалады. Үлкен көлдерде - аққулар, ал төмпешікті және қияқты батпақтарда — кезқүйрыққа ұқсас сұр тырналар мен қамыс құладыны болады.

Игерілген жерлері

Орманды дала зонасы - Қазақстанның ең жақсы игерілген табиғат зоналарының бірі. Онда дала үлескілерінің көп бөлігі жыртылған. Бұл жерлерде дәнді дақылдардан - бидай, жүгері, т.б. дақылдар егіледі. Мұнда көптеген жаңа елді мекендер бой түзеді. Зонаның жыртылмаған бөлігі - шүйгін шабындық, көк балаусалы жайылым, сондықтан мұнда етті-сүтті бағыттағы мал шаруашылығы басым дамыған. <ref>Қазақстанньң физикалық географиясы, Алматы: Атамұра, 2008. ISBN 9965-34-809-Х</ref>

Дереккөздер

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}Үлгі:Geo-stub