Органикалық емес марганецпен улану

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Марганец өте улы зат, жылтыр түсті нәзік, сонымен қатар мықты, төзiмдi, серпiндiлiгi жоғары металл, оттегiмен жеңіл байланысады, суда ерiмейдi және қышқылдарда жеңіл еридi. Балқу температурасы 12600С, 19000С-де қайнайды. Минералдар түрiнде кездеседi: гаусманит (МnзО4), браунит (МnзОз), пиролюзит (МnО2). Марганец марганецтiк кеннен алынады. Өндiрiсте марганец кеңінен қолданылады. Әсіресе марганец жоғары сапалы легирленген болатты жасауда немесе оны ерiткенде, мықты серпiндi рельстi, машиналардың қатты бөлшектерін жасауда қолданылады, сонымен қатар әртүрлi қоспаларды алу ретiнде, соның iшiнде ферромарганец (80% марганецтен тұрады) және айна тәрiздi шойынды марганец (15% Мn) пайдаланылады. Электрлiк пiсiруде, электр элементтерiн дайындау үшiн электродтармен доғалы дәнекерлеуде, марганецi бар флютермен автоматты және жартылай автоматты денекерлеу кезiнде, сонымен қатар шойын батареялар жасауға арналған құрғақ элементтердi өндіру кезiнде және медицинада кең қолдану (MnS04) кезiнде улану қаупі бар. Әсіресе, ШРЕК-сы 0,3 мг/м3 сақталмағанда, болаттарды балқытқанда марганец пен майда дисперстi шаңы түзiледi, мұндайда жоғары қауіпті жағдайлар туады. Марганец адам ағзасына өкпе арқылы, аз мөлшерде асқазан-iшек жолдары және тері арқылы енедi. Марганец тотықтары тез сiңедi. Қанда тұрақсыз кешендерді түзедi. Өкпе, ми, сүйектерде, бауырда, тоқ iшек қабырғаларында аз еритiн фосфат түрiнде сақталады. Негiзiнен нәжіспен және аз мөлшерде зәр арқылы шығарылады. Марганец ферменттерінің белсендiлiгiн өзгертiп холинэстеразаны тежейдi, синапстық өткiзгiштiктi және катехоламиндердiң алмасуын бұзады. Негiзгi токсикалык әсері орталық жүйке жүйесiне, одан кейiн шеткi жүйке жүйесiне, жүрек-қантамыр және эндокриндi жүйеге бағытталған. Бұл металдың әлсiз аллергендік әсері бар, сондықтан экзема мен бронх демiкпесiн туғызады. Сенсибилизациялаушы қабілет тек төмен концентрацияда байқалып, токсикалық әcepi басым болады. Марганец кендерінде ұзақ жұмыс iстейтiн жұмысшыларда, шахтерлерде марганец және кремний шаңдары жиi бiрiгiп әсер ететiндiгi, қатерлі өтетін пневмокониоз, манганокониоз дамуына әкелуi мүмкін. Марганец қосылыстары адамдарға үнемі әсер ететін кезде, қауіпсiздiк техникасын сақтамаған жағдайда созылмалы түрiнде улану дамып, әсіресе орталық жүйке жүйесiн зақымдайды. Tepi жабындыларында дерматит, экзема дамып, кейбiр кезде тыныс жолдары жағынан бронхит, обструктивтi синдромдар байқалады.

Патогенезі.

Марганец микроэлемент болғандықтан ағзада өтетін биологиялық үдерістерге қатысады. Тіндердің құрамына кiрiп, метаболизмге әсер етедi, синапс арқылы өтудi бұзады, холинэстеразаның белсендiлiгiн тежейдi, серотонин алмасуы өзгередi. Ұзақ уақыт ылғи ағзаға түсiп, кумуляциялану қасиетiнe байланысты жүйке тініне тiкелей әсер етедi және кан тамырларды зақымдайды; бұл капиллярлар өткiзгiштiгiн жоғарылатады. Марганец тотығудан фосфорлану үдерiстерiне тiкелей және N-холинреактивтiк пен адренореактивтік жүйелер қозғыштығына әсер етедi. Жүйке жасушаларының ферменттерi - моноаминооксидазалар белсендiлiгiн бұзып, катехоламиндер биосинтезiн тежейдi, ақуыздар алмасу үдерісiнiң қарқындылығын жоғарылатады. Жүйке жүйесiн тандамалы түрде зақымдайды әcipece қыртысасты құрылымдарын зақымдайды. Уланудың бастапқы сатысында қыртыстық ic-әрекеттерін және кейiн қозғалтқыш анализаторларын өзгертедi. Зақымдалу ошағы негiзiнен қыртысасты түйiндерде, әсіресе стриопаллидарлы жүйеде орналасады. Синапстарда ацетилхолин жиналып, постсинапстық мембрананың холинорецепторларының сезімталдығын төмендетедi, қозу үдерісi синапстарда және мионевралды жүйеде баяулайды. Қозғалткыш анализаторда қозу қыртыс аймағының синергистерiне және антогонистерiне де таралады, ол бұлшықеттердiң тырысуына алып келедi. Осыдан марганецпен созылмалы улану кезiнде құрылымдық өзгерiстермен бiрге орталық жүйке жүйесiнiң жоғарғы бөлiмiндегi күрделi нейродинамикалық өзгерiстерi осы аурудың клиникалық көрінісін туғызады.
Марганец қалқанша бездің, жүрек-қантамыр жүйесiнiң, асқазан-iшек жолдарының, бауырдың қызметін өзгертедi. Марганецпен улануға ағзаның реактивтiлiгi және ОЖЖ-нiң қызметтік жағдайы әсер етедi. Кейде патологиялық үдеріс паркинсонизм көріністерінен кейiн, инфекциялық аурудан кейiн жүктiлiк немесе климакс кезiнде, босанғаннан соң үдеуi мүмкін.

Клиникалық көрінісі.

Марганецпен созылмалы уланудың клиникалық симптомдары бiртiндеп дамиды, сондықтан диагностикасында белгiлi бiр қиындықтар туады. Негiзгi симптомдары орталық жүйке жүйесiнiң қызметтік өзгерiстерi, олар прогредиент ағымға ие болып органикалық өзгерістер сатысына өтуі мүмкін. Марганецпен улану кезiнде өзiне тән стриопаллидарлық жүйенің зақымдануынан, айқын сатыларында амиостатикалық (акинетикалық-ригидті) синдроммен және паркинсонизм белгiлерiмен көрiнедi. Неврологиялық симптомдардан басқа жүрек-қантамыр, асқорыту жүйесiнiң өзгерiстерi: нейроциркуляторлық дистонияның гипертониялық түрі, диспепсиялық өзгерiстер мен бауыр зақымданулары кездеседi. Көбіне аурудың бастапқы сатысында-ақ қалқанша безінің қызметтік бұзылыстары байқалады. Нейроэндокриндiк бұзылыстар электролиттiк баланстың өзгеруiмен және витаминдер, әсіресе В тобы витаминдерінің алмасуының бұзылысымен бiрге өтедi. Созылмалы уланудың клиникалық көрінісі 3 сатыға бөлiнедi:
І-сатысы: ОЖЖ-нiң қызметтік өзгерiстерiмен сипатталады, астениялық тұсында вегетодистония, науқастарда тез шаршау, ұйқышылдық, бас ауыруы, жұмыс қабілетінің төмендеуі, әлсiздiк, тәбеттің төмендеуі сияқты шағымдар айтады, сирек гиперсаливация, жүрек айну және асқазанда ауыру сезiмi пайда болады. Кейде осы сатыда парестезиялар және аяқ-қолдардың дисталдық бөлiмiнде ауру сезiмi пайда болуы мүмкін. Науқастар бастапқы кезде әлсiздiкке мән бермейді. Ауру латенттi түрде өтедi. Объективтi тексеру кезiнде ОЖЖ-де, iшкi мүшелерде айқын өзгерiстер жоқ. Улану дамыған сайын жүйке жүйесiнiң қызметтік өзгерiстерiн және полиневриттi синдром көрінісін табуға болады. Бұлшықеттiң гипотониясы, дисталдық гипоалгезия, ауыру сезiм, жеңіл экзофтальм "көз симптомы" көрiнедi, ерлердің потенциясы төмендейдi, әйелдердің етеккір циклы бұзылады. Құрсақтың терең рефлекстерi төмендейді, пиломоторлық рефлексi тез пайда болып, тез жойылады, ашық қызыл жайылған дермографизм, дисталды гипергидроз байқалады. Бұлшықеттердің механикалық қозғыштығы жоғарылайды (Хвостек симптомы оң), жүйке жүйесiнiң өзгерiстерi астеновегетативтiк синдромға тән. Қалқанша бездің функциясы өзгерiп, жиi ол тахикардиямен көрiнедi. Асқазан-ішек жолдары жағынан жиi гастриттер (гипохлоргидриялық) анықталады. Шеткi қанда уланудың бастапқы сатысында гиперглобулинемия, лимфоцитоз, моноцитоз және лейкоцитарлық формула солға ығысады, бiрiншi сатыдан үдеріс екiншi сатыға тез өтедi.
ІІ-сатысында токсикалық энцефалопатиялық алғашкы белгiлерi көріне бастайды. Науқастарда кiрпiктi қағуы сиректелiп қиындайды, гипомимия, «оң» ауыздық автоматизм симптомдары (Маринеско симптомы) байқалады. Бұлшықеттердiң тонусы жоғарылайды.
ІІІ-сатыда «тибиальдi» феноменi және «тіс тәрiздi дөңгелек симптомы» феноменi анықталады. Саусақты мұрын ұшына тигiзу сынамасын жасағанда науқастар тигiзе алмайды, Ромберг қалпында тұру орнықтылықсыз. Науқастың жүрiсi өзгередi, қол қимылы жүрiске сәйкес емес, құрсақ рефлекстері төмендейді. Қолды созғанда саусақтардың жайылмалы треморы анықталады. Полиневриттiк синдром айқын көрiнедi, терiде трофикалық өзгерiстер және сезiмталдықтың өзгеруi анықталады. Кейде диэнцефалды сипаттағы криздер пайда болады. Бұл неврологиялық бұзылыстарға нейроциркуляторлы дистонияның симптомдары гипо- немесе гипертониялық түрімен, ЭКГ-да өзгерістері жиі аритмиялармен қосылады.
ІV-сатысында «марганецтiк» паркинсонизм дамиды. Мидың диффузды зақымдалуымен сипатталады, экстрапирамидалды симптомдар кебейедi. Бұл сатыда науқас бетi маска тәрізді, қозғалыстары аз, кейде эмоционалды қозу пайда болады, ол ерiксiз күлу немесе жылаумен көрiнедi. Интеллект төмендеген, критикалық ойлау қабілеті әлсіреген, науқас жүрiсi «қораз жүрiсi» тәрiздi (аяқ ұшымен), ретро- және пропульсия (салданудан iлгерi қарай ерiксiз жүру) болуы мүмкін, түсiнiксiз, жай сөйлейді, жазу қабілетi өзгередi. Терең рефлекстері биiк, табандық клонустар байқалады.
Постэнцефалиттік паркинсонизмге қарағанда марганецпен улану кезiндегi гиперкинездер мен ми жүйкелерінің қызметінің бұзылуы едәуір түрiнде кездеспейді, ОЖЖ жағынан көрінетін өзгерiстермен қатар, марганецпен созылмалы улану кезiнде асқазан секрециясының төмендеуiмен жүретiн созылмалы гастрит, бауырдың үлкеюi және ақуыз түзу қабілетінің бұзылуы, көмірсу және дәрумен алмасуының бұзылуы көрінеді. Созылмалы марганецпен уланудың ерекшелiгi оның металмен қатынасы тоқтаса да, үдерістiң үдеуіне бейімдейді. Науқастың жағдайының нашарлауы жүрiсiнiң бұзылуының үдеуімен көрiнедi, нәтижесінде жұмыс істеу қабілеті төмендейді.

Диагноз.

Дифференциалды диагнозы. Марганецпен созылмалы улануда ерте диагноз қоюдың маңызы зор. Сондықтан жұмыс жағдайын, марганецпен қатынасу уақытын, науқастың ОЖЖ зақымдалу клиникасын басқа көріністерімен салыстыра отырып, дұрыс диагноз қоюға болады. Аурудың бастапқы сатыларында жоғарғы жүйке іс-әрекетінің инерттiлiгi және науқастың өз жағдайына критикасының төмендеуi байқалады. Бұл науқастар көбiне шағым айтпайды. Бірақ осы кезде ол науқастарда ұйқышылдықтың, қозғыштығының төмендеуі, айналаға селқостық таныту, гиперсаливация, жалпы әлсiздiк, тез шаршау сияқты көріністер болады.

Сурет:Созылмалы марганецпен уланудағы гипомимия.jpg
Созылмалы марганецпен уланудағы гипомимия

Осы ауруды ерте бiлудiң объективтi симптомдарының бiрi аяқ-қол бұлшықеттерiнiң гипотониясы, аяғында едәуір әлсіздік. Марганецпен қатынасты тоқтатқаннан кейiн және емдiк курстан кейiн аталған көрiнiстердiң жойылуы диагнозды негіздейді, кейiн динамикада дәрігердің бақылауында болып, ауруханада толық тексерiлуi қажет. Аурудың айқын сатысын постэнцефалиттiк паркинсонизммен дифференциалды диагностикасын жүргiзу керек. Постэнцефалиттiк паркинсонизм кезiнде анамнезiнен аурудың жіті басталғанын, жоғары температурамен және ми көріністерін (ұйқышылдық, құсу), ми жүйкелерінің зақымдалғанын (конвергенция бұзылыстары) және айқын гиперкинетикалық синдромын көруге болады. Анықталған марганецтiк паркинсонизм энцефалиттен кейiн болған синдромға қарағанда тез үдейді. Бұл кездегi клиникалық көрініс психопатологиялық көріністермен (апатия) ерекшеленедi, едәуір аяқтардың зақымдалуымен, про- және ретропульсиямен, «қораз тәрізді» жүрiспен, гиперкинездердің болмауымен ерекшеленедi.

Eмі.

I және ІІ сатыларында В дәрумені 5%-1 мл, В6 1%-1 мл 15-20 рет бұлшықетке және Е дәрумені 5% -3 мл к/т, 0,9% 5-10мл натрий хлор ерiтiндiсiнде не болмаса 0,3г күніне 3 рет iшке 1,5-2 ай немесе полидәрумендер берiледi. Кальций лактатын 0,5 г күніне 3 реттен беру қажет. Актовегин 2 мл бұлшықетке 20-25 рет. ІІ-ІІІ сатысында к/т новокаин 5 мл 0,5% ерiтiндi 10-15 рет, сермион, пирацетам 5-10 мл к/т №10, бастапқы экстрапирамидалды бұзылыстар кезiнде прозерин (тері астына 0,2-0,8 мл 0,05% ерiтiндi) тағайындайды. Созылмалы уланудың айқын түрiнде (паркинсонизм синдромы бар) холинолитикалық препараттар: «корбелла», тропацин, амедин, циклодол тағайындалады. Циклодол таблетка түрiнде 0,002-0,005г, максималдi тәуліктік дозасы 0,01г, амедин 0,05г 1-3 рет күніне берiледi. Антидотты ем ретiнде тетацин кальций бiрнеше қайталану курсымен беріледі, ағзаның жалпы қарсылас күшiн жоғарылату үшiн симптоматикалық және жалпы нығайтатын терапия жүргiзiледi (шынықтыру, физисем, ванналар). Диспансерлiк бақылау жүргізіледі. Еңбекке жарамдылығын сараптау. Патологиялық үдерістің үдеуге бейiмдiлiгiн ескерiп, улануға күдiк туған сәттен бастап жұмысынан уақытша (1-2 айға) басқа улы заттардың әсері жоқ жұмысқа ауыстыру қажет. Уланудың бастапқы сатысы анықталса, марганец және оның улы заттары әсер етпейтiн рационалды басқа жұмысқа орналастыру ұсынылады. Егер жұмысшының квалификациялық категориясы төмендесе, еңбекке жарамдылық қабілетін бағалау үшiн оны МӘСК-сына жiбередi.
Аурудың айқын сатыларында науқастар еңбекке жарамсыз. Оларға тек арнайы жасалған жеңілдетілген жағдайларда жұмыс істеуге болмайды. Еңбекке жарамдылығын қалпына келтiруге бағытталған медициналық және әлеуметтік-еңбектік реабилитация шараларына көп мән берiледi. Бұл жағдайларда қайта емдеу курстары, санаторлық-курорттық ем тағайындалады. ІІ-III-сатыдағы улануы бар науқастардың әдетте мүгедектiк тобын алуға қаупі бар. I сатыдағы улануы бар науқастарға ем нәтиже бермегенде ІІI-топ мүгедектiк алуды немесе қайта квалификациялауды МӘСК-сы шешедi.

Алдын алу шаралары.

Технологиялық үдерістердi механизациялау және герметизациялау, шаң түзiлудi азайтып, марганецпен жұмыс жасау кезiнде қауіпсіздік ережелерiн сақтау, жұмыс түріне байланысты алдын-ала және кезектiк медициналық тексерулердi уақытында өткізу керек. Медициналық тексерулерде невропатолог және терапевт, дерматовенеролог, отоларинголог қатысады. Мiндеттi түрде гемоглобиннің, лейкоциттердің мөлшерін және ЭТЖ анықталуы тиiс. Кеуде қуысының рентгенографиясын 24 айда 1 рет тексеріліп тұрады. Марганецтi ұнтақтay, араластыру жұмыстарда жұмысшыларды 1 рет 6 айда; кеннен марганецтi өндiру, балқытуда - 1 рет 12 айда; балқытып бiрiктiруде 1 рет - 24 айда кезектi меди-циналық тексеруде жүргiзедi. Марганецпен қатынасатын жұмысқа алуға қарсы көрсеткіштер: ОЖЖ органикалық және қызметтік, психикалық аурулар, полиневриттер, айқын эндокринді-вегетативтiк аурулар, бауырдың созылмалы аурулары: нефриттер, нефроздар мен нефросклероздар, бронх-өкпелік аппарат аурулары (бронхит, өкпе эмфиземасы, пневмосклероз, бронх демiкпесi, бронхоэктаздық ауру). <ref>«КӘСІПТІК АУРУЛАР» Бекмурзаева Э.Қ., Сейдахметова А.А., Сейдалиева Ф.М., Абдукаримова Ж.М., Умиралиева Г.А., Ибрагимова Р.Б., Садыкова Г.С., Қорғанбаева Х.Т., Байдуллаев Б.М., Азизова А.А., оқу құралы, Шымкент 2012 </ref>

Дереккөздер

<references />