Нақысбек би

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Нақысбек Жалпетекұлы 1865 жылы осы күнгі Алматы облысының Ұйғыр ауданына қарасты Кетпен тауының баурайында дүниеге келген. Шыққан тегі Ақарыс Бәйдібек, одан Албан - Сегіз Сары - Қожбанбет - Ағымсары - Сексен - Өтен - Байшуақ - Жалпетек, одан Нақысбек. Кезінде әкесі Жалпетек те сол өңірдегі Албан еліне кеңінен жайылған шешен, би болған. Ауыл, ағайын, арасындағы шиеленіскен ел дауы, жер дауы, жесір дауының түйінін шешерде ол әділдігімен, тапқыр шешендігімен би атанып, еліне қалтқысыз қызмет еткен. Баласы Нақысбекті де жастайынан баулып ел басқару ісіне көмекші еткен. Алғыр, зерек, Нақысбек өзінің би әкесі көрсеткен әділет жолынан таймай талай істердің тағдырын бұлтармай тура шешіп халық ойынан шығып жүрген.

"Әке көрген оқ жонар" демекші, Нақысбек те әкесіне тартқан ержүрек, шешендігімен ерте атқа мініп, ел ісіне араласып кетеді. Бірақ оның атқа мінген тұсы қазақ даласының Ресей империясының темір шеңгеліне біржолата өтіп, екіжақты езгінің шегіне жеткен тұсына тура келді. Тағдыр басқа салған соң не шара!? Сол қиыншылық жағдай Накысбектің намысын ерте оятты. Сонымен ол 1890 жылдардан бастап-ақ патша үкіметінің жергілікті старшиналарына, бажыгерлеріне, кейде тіпті әскер басшыларына ашық қарсылық жасап отырды. Сол арқылы өз туған өлкесін аз да болса салықтан жеңілдетіп, отаршылардың әңгіртаяғынан халқын қорғап жүрді. Дегенмен патша үкіметінің жергілікті билеушілері Нақысбек бастаған "наразы жұртты" бірде "ақыл айтып", енді бірде жасақтарымен жасқап отырды. Оған тиылып калған ол жоқ. Одан сайын ерегісіп өршелене түседі. Накысбектің алдауға көне қоймасын сезген отаршылдар ендігі жерде оның ізіне түсіп, көзін жоюдың қамына кірісті. Мұндайды жүзеге асыратын отаршылардың көнігі айласы бар емес пе! Яғни отты өз қолымызбен көсету. Нақысбекке келгенде де отаршылардың бұл айласы іске асып жатады. Кейбір күңшіл, қызылкөз ағайындар да ендігі жерде оның ізіне түседі. Өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай етіп Накысбектің үстінен арызды қарша жаудырады. Сөйтіп ағайын арасына жік түседі. Кейбір сатқын пысықайлар жұртты Нақысбекке ілеспеуге, патшаға қарсы шықпауға үндейді. Сонымен баяғыдан Нақысбекке ілесіп елді, жерді қорғау үшін күресіп жүрген ағайынның біразы "тек жүрсең - тоқ жүресіңнің" кебіне көшіп, жан сақтаудың камына кірісіп кетеді. Ал патшалық Ресей үкіметінің жергілікті өкілдері күші әлсіреп, тобы азайған Нақысбектің көзін жою мақсатын жеделдете береді. Сөйтіп жүрген қиын күндердің бірінде оны Жаркенттегі уез орталығы шақыртып алады. Уезге кіргендердің ізі бар, шыққандардың ізі жоқ екенін жақсы білетін би өкімет өкіліне уәдесін беріп, басқа жолға салады да, сол түні өзіне ілескен елді бастап, Қытай асып кетеді. Ертеңіне Нақысбекті колға түсіруге келген патша әскерлері оның жұртын сипап қалады. Бұл 1910 жылдың күзі еді.

Қайда болса да отаршылдықтың аты отаршылдық қой. Қытайдағы қазақтардың да ол кезде жағдайы мәз емес еді. Бұны көрген Нақысбек ондағы халықты тағы да ауыз бірлікке шақырып, сол арқылы үкіметтің алым- салығын, езгісін жеңілдетуді көздейді. "Өзі жақсы кісіге, қайда барса орын бар" демекші ондағы жұрт Нақысбекті төбесіне көтеріп, бірер жылдан соң» ақалақшы (болыс деңгейіндегі шеи) етіп сайлап алады. Ұлтжанды адамның қолына ел тізгіні түскенін отаршылдар қашан жақтаушы еді? Оның үстіне іле генерал мекемесінің жаңа дубаны (мансап аты) ер жердегі шаруалар көтерілісінен есі кетіп, ерекше сақтық жасап отырған-ды. Сонымен ол Нақысбекті ақалақшылықтан алып тастау мақсатымен оны өзіне шақырып алады да: "Нақысбек, сенің ақалақшы болуға шартың толмайды екен. Сондықтан алдағы құрылтайда ақалақшы басқа адам болады" дейді. Дубанның ішкі есебін түсінген Нақысбек "Ол қандай шарт екен тақсыр?" деп сұрайды. "Сенің руың қазақтың ішіндегі саны шағын тайпа екен. Оның үстіне сен Ресейден келген қазақ екенсің. Сен қалай бұл елге билік жүргізбексің?" деп зілденіп отырған дубанға Нақаң: "Дұрыс тақсыр, сіз сонау Пекиннен қанша үймен келіп бізді билеп отырсыз?" деп қадала кетеді. Сөз жүйесіне жығылған дубан, Нақысбекті мол тарту-таралғымен аттандырып салады. Содан өле-өлгенше шешен ел тізгінін қолына ұстап, туған халкының жоғын- жоқтап, мұңын-мұңдап өтеді. Накысбек бидің Текес ауданының Шолақсай деген жерінен мектеп салдырып, халықтың сауат ашып, өнер-білім үйренуіне жағдай жасайды. Бала күнінде сол мектептен білім алған Үмбетай Қожакелді ақсақал: "Ол өте үлкен мектеп еді. Жүзден аса бала оқитын. Мектепте дін, математика, тіл, әдебиет, география пәндерін оқытатын ұстаздарымыздың бәрін кезінде Нақаң төңіректің төрт бұрышынан өзі жинаған еді" деп әңгімелеп отыратын... Сол сияқты Нақысбек бидің шешендік, өнерінің өзі өз алдына бөлек әңгіме.

Бүгінде Жетісу өңірінің қазылы қариясы мен кенен кейуанасынан Нақысбек би туралы сұрай қалсаңыз, бәрі-ақ оның шешендігі,ерлігі, халыққа жанашырлығы туралы тамсана әңгімелейді. Таңжарық Жолдыұлы өзінің «іленің ақалақшы, зәңгілері» деген өлеңінде:


Албанда Нақысбек бар шығандаған, Алдынан адам қарсы шыға алмаған. 'Жапса да қанша жала Шың дубаны, Нақаңды аттан ешкім жыға алмаған, Өзіңдей Албекеңнен ұл тумапты, Бұл жайға Қожбанбет жоқ қуанбаған, - деп жырласа, Маралбайұлы Көдек ақын бір өлеңінде: Қобыға Суасудың құйғанында, Мен келдім Нақысбекке салам үшін. Тағынан таймай жүрген Нақаң екен, Руы Қожбанбеттің қазағысың, – деп жырласа, тағы бір көлемді толғауында: Албанның ақалақшы, зәңгісіне, Бір өлең желі тартып құрдым енді. Аласа, биік жерін түзетуге, Ұстадым осы өлеңге сүргіні енді. Бастығын Нақысбек қып аралауға, Ауылына сол кісінің жүрдім енді. Үйіне барып, бір күн қонақ болдым, Бірталай әңгіме айтты үлгілі енді. Көз салып көлеміне қарағанда, Жемісті алма ағаштай бүрлі келді. Білермен, бұрынғының шойтабаны, Маңызды, сөзі жаттық, үнді келді,- деп, тек Нақысбек ақалақшыға ғана жылы лебіз арнайды.

Ал, алымды да, шалымды Шарғын ақын Әлғазыұлы: Болаттың сен де бірісің, Нар болып туған Нақысбек Шешеннің бұлбұл тілісің, Текті жерден шығысың, Жорғадай сөзің, жүрісің,- деп толғайды.

Жетісу өңірінде халық ішіне кеңінен тараған "Жақыпберді" деп аталатын дастан бар. Онда да Нақысбек шешеннің аты ерекше ілтипатпен ауызға алынады. Мінеки, халықтың осынша ықыласы ауғаннан-ақ, Нақысбек шешеннің жай атқамінер немесе құр шонжар болмағандығын аңғаруға болады. Тағы бір айта кететін жағдай, Нақаңның осында жүргенде де, Қытайға барғанда да халықты отырықшылыққа ұйымдастыруы, соны жүзеге асыруы. Мәселен, "Тозған елдің басын тоған қосады" дегені елге мәтел болып кеткен. Нақаң осы жақта жүргенде-ақ біраз ағайындарға егіншілікпен айналысуына мұрындық болады. Сәулетті сарай салып, бау-бақша отырғызады. Содан қалған ағаштар бүгінде "Накысбектің бес терегі" деп аталады. Ал, Қытайға барғаннан кейін мектеп салдырды дедік. Онда мектептің соқа басы ғана болмаған. Мектеп салынып, іске косылғаннан кейін оның маңы шағын "калашық" болып кеткен дейді көз көргендер. Ал өзі салған сәулетті үйді бұрын Нақаңның көзі тірісінде әрі одан кейінгі біраз жылға шейін жұрт "Наканның ағаш үйі" деп атап кеткен. Сол ағаш үй салынған аңғар ол жақта күні бүгінге дейін "Нақысбек сайы" деп аталады. Накысбек көз жұмғалы (1936) бері де дүние тоғыз төңкеріліп, он оңалды. Отаршылдар екі елді де халқымыздың тарихын ұрпақ санасынан сызып тастауға қанша әрекеттенгенімен бәрібір онысынан түк шықпады. Мәселен, Қытай елінде "мәдени төңкеріс" тұсында "Нақысбек сайы" - "Жеңіс аңғары" деп өзгертіліп еді. Оны шолақ белсенділер ғана біраз күн айтты. Сонымен халық қайтадан тарихи атауын атап кетті. Алматы облысының Ұйғыр ауданына қарасты "Кетпен" ауылында Нақысбек шешеннің 130 жылдығы аталып өтті. Бұл жиында сөз алған ауыл әкімі "Ауыл орталығының бас көшесі бұдан былай "Нақысбек көшесі" деп аталатындығын хабарлады. Той барысында Нақаңның ел қорғаған ерлігі, шешендігі туралы баяндама жасалды. Әрі шешеннің тапқыр да парасатты нақыл сөздері айтылды. Енді Нақысбек шешеннің ел арасынан жинап алынған кейбір шешендік сөз, ақыл-нақылдарына келейік: Ұлықтарға Нақысбекті жамандап, шен-шекпеннен дәмелі болып жүрген сатқын ағайын дар, Нақаң елді бастап Қытайға көшкелі жатқанда бір жағы дұшпан көзі ғып, екінші жағынан өздерінің "тек жүретін ақылды кісі екенін" көрсеткісі келіп: - Нақа, өре-түрегеліп, көше жөнелмей-ақ, ұлықтан кешірім сұрап көрсең етті. Біз де қарап жатпас ек, қадіріңді білетін ағайының едік қой, - деген ағайынсымақтарға: - Арам қанға бит семіреді, жуындыға ит семіреді. Без тамақ болмайды, ез қолқанат болмайды. Бит пен иттің күнін көріп, без жеп, езге еріп жүргенше, алжыған төбеттей өз корама, өзім үргенше дала кезіп өлгенім артық емес пе?! - деп оларды бір түйреп өткен екен шешен.


Қасқарада ел жиылған бір бас қосуда қайта-қайта сөз сұраса да жас Нақысбекке сөз бермей қойыпты. Сонда Нақаң - "Құлға да бір кезек" деуші еді атам қазақ. Қазір ғой құл жоқ. Қотырын қасып таз да сөйледі, тілін шайнап сақау да сөйледі. Менің нем кем еді олардан? - деп сұрағанда, жиында отырған біреулер өзара күбірлесіп қалыпты. Себебі, оның алдында сөйлеген екі адамның біреуінің руы таз деген ел екен, енді біреуінің руы сақау деген ел екен. Ал айда жиын басқарап отырғандардың ішіндегі біреуінің басы таз, біреуінің тілінің мүкісі бар адам екен. Демек, Нақаңның астарлы сөзінен тіксінген ел ағалары:
- Бұл кім еді? - деп сұраса керек. Сонда Нақаң:
- Ұсталар кездік соғар жетесіз. Елім деген ер ұлдың тегін сұрап не етесіз? Одан гөрі ел болудың жөнін айт, айта алмасаң үйіңе қайт! - деп одан кейінгі сөзін халыққа қаратып айтқан дейді ел.

Албан ішіндегі Ағымсары мен Қосқұлақ аталас рулар. Ауыл ақсақалдары Нақысбек ақалақшыға келіп:
- Ағымсары мен Қосқұлақтың арасы баяғыда-ақ жеті атадан асып кетті. Мал атап сойып қыз алыса берсек қайтеді? - деп өтініш жасайды. Сонда Накаң;
- Қарындасын қатын қылуға асығып жүрген кай жарымаған?! Өзге ауылда қыз құрып қалып па? Жеті атаға толған екен деп қыз алыса беру дұрыс емес. Ең бірінші келіннен ұят кетеді, баладан мият кетеді, күйеуден мейір кетеді, ағайыннан пейіл кетеді. Екіншіден, ұрпағы кем болады. Құлқыны кең болады. Бүл әңгімені қойған жен болады, - деп рұқсат бермеген екен.

Нақысбек шешен ауылының бір жігіті "Қазақ байыса қатын алады" деп бар малын шашып екі қатын алыпты. Ал бірақ інісіне бір де қатын әпермей мал соңына салып қойыпты. Бай жігіттің мұнысын қаламай жүрген Нақаң бірде оған: - Костап тартпа тартқанмен, құйысқандай болмайды. Қостап қатын алғанмен туысқандай болмайды. Қатыннан шыққан мүйіз сенде жоқ. інің жүре ме солай пенде боп? Ондай салт біздің елде жоқ. Нәпсіңді доғар, ініге обал! - деп ақыл айтқан дейді.

Нақыл сөздері

Нақысбек шешеннен бір бай:
- Бай нешеу болады? - деп сұрапты.
- Бай төртеу: жан, хан, мал, ән, - деп жауап беріпті Нақан. Онысы - отбасы - бала-шағаны, мамандық, мансапты, мал-мүлікті, өнерлі адамдар бай болады дегені екен.


Өр бар жерде еңіс бар,
Шындық бар жерде жеңіс бар.


Малды байлық деме,


Ырзығы сенде емес, жерде болады
Тексізді досым деме, </br

>Олар ер емес, пенде болады.

Бермейтін сараң жоқ,
Барғанның сұрауы біледі.
Мал таппайтын еркек жоқ,

Үйдегінің құрауы біледі.

Сүйенішің күшті болса,

Сүйек жұтсаң да қақалмайсың.

Шабаннан желмес туады,
Сараңнан бермес туады.
Жаманнан өлмес туады.
Жүйелі сөздің өтімі болады,
Жүйесіз сөздің кетімі болады.
Тауып айтқан нақылдың.
Дау тоқтатар бекімі болады.


Есірік патша елін тыңдамайды,

Ессіз әйел ерін тыңдамайды.

Оқығанның көзі ашылады,
Оқымағанның малы шашылады


Жаяр малың болмаса жерге өкпелеме,
Ықтасының болмаса, желге өкпелеме.
Сүйінтерің болмаса, ерге өкпелеме,

Төккен терің болмаса елге өкпелеме.

Орысқа ойыңды,

Қытайға қиялыңды айтпа.

Анасы ұятсыз болса,

Баласы миятсыз болады.

Ағайын кетісерде аңдысып калады,
Жалған дос кетісерде жарысып калады.


Ұлылық пен зұлымдық тегінен,

Барлық пен жоқтың ебінен.

Қатын алып көрдің бе?
Бала бағып көрдің бе?
Түзден нәсіп тердің бе?
Қарап тұрсаң - барлығы қиын,

Қиын болмаса, тіршілігің тиын.


Береке келіннен,

Нан егіннен


Қазсаң арықты,

Көресің жарықты.

Елдің елдігі - ерінен,

Байлығы - жерінен

Сыпайы болсаң бегіңнің қасынан кетпе,

Дихан болсаң жеріңнің басынан кетпе.

Әуелі Құдай жерге береді,
Жердегіні елге береді.
Елдегіні ерге береді,

Ерге бергенде төккен терге береді.

Туыс бар болсаң іздеседі,
Тіпті "сіз" деседі.
Жоқ болсаң қашады,

Тіпті артыңды ашады.


Нақысбек шешеннің ғүмырнамасын нақыл, шешендік сөздерін ел аузынан, Қытай елінің жазба архиви деректерінен жинастырып бізге тапсырған, оның туған немересі, ақын, аудармашы, филология ғыдымдарының докторы, профессор Дүкен Мәсімханұлы. Ол бүгінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Филология факультеті қытай тілі кафедрасының меңгерушісі болып қызмет етеді. <ref>Даланың дара ділмарлары.-Алматы: ЖШС "Қазақстан" баспа үйі", 2001, - 592 бет. ISBN 5-7667-5647</ref>

Дереккөздер

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}


{{#ifeq:|Үлгі

| Бұл үлгі мақалаларды автоматты түрде Үлгі:C қосады. {{#ifeq:Нақысбек би|Документация||}}{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}} |{{#if:||{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}}}}

}}