Михаэль Баллак

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Сурет:Michael Ballack 2009 cropped.jpg
Михаэль Баллак.

Михаэль Баллак - Неміс футболшысы. 1976 жылы 26 қыркүйекте ГДР-дің Герлиц қаласында дүниеге келген.

ГДР-ден біріккен Алманияға

Михаэльдің сәбилік шағында ол отбасымен бірге Карл-Маркс-Штадтқа көшіп, Баллактың футболдағы алғашқы қадамдары сонда өтеді. Тұңғыш «Мотор» атты клубынан кейін ол он бір жасында сол кездегі Шығыс Алманияның ең күшті клубтарының бірі «Карл-Маркс-Штадттың» футбол мектебіне қабылданады. Екі Алманияның бірігуінен кейін атын «Кемниц» деп өзгерткен Баллактың командасы өз өнер көрсетуін 2-лигада жалғастырады. 18 жасынан Баллак бас команда құрамынан көріне бастайды. Үлкендер арасында өнері мен мінезін шынықтыру оған болашақта зор сеп болады. 1996/97 маусымда аймақтық лигада Баллак үздік ойыншы атанады. Сол кезде оның тұлғасына бірінші мен екінші бундеслига клубтары қызығушылық таныта бастайды.

Отто Рехагельдің көзіне түсуі

Сол кезде оның тұлғасына бірінші мен екінші бундеслига клубтары қызығушылық таныта бастайды. Баллак Отто Рехагельдің «Кайзерслаутернін» таңдайды. Уақыт көрсеткендей, бұл шешім өзінің дұрыс екендігін дәлелдейді. 1997 жылдың жазында «Кайзерслаутерн» енді ғана бірінші бундеслигаға қайтып оралады. Рехагель командасын жоғары орындардан үміткер ретінде ешкім күткен жоқ-тын. Алайда, маусым аяғында Алманияда үлкен сенсация орын алды – «Отто королі жасағы» «күміс табақшаны» ұтып алды! Бұл неміс футболының тарихында тұңғыш рет төменгі лигадан шыққан клубтың келесі жылы чемпион атануы болды. Баллак біріншіліктің жарты ойындарында алаңға шығып, жақсы әсер қалдырды. Келесі маусымда Михаэль негізгі құрамның толыққанды ойыншысына айналды. Бірақ, оның бас бапкермен өзінің алаңдағы орны жайында кикілжіңдері ақырында оны «Кайзерслаутерннен» «Байерге» ауысуына итеріп салады.

«Аспириндік» команда сапында

1999 жылдың жазынан бастап, ол «аспириндік» командада ойнай бастайды. Леверкузенде Баллак клубтың ең маңызды ойыншыларының бірі болып, сонда өз ойнының деңгейін әрі қарай шыңдай түседі. Бірақ, оның командасы бундеслигада жылдан-жылға тек екінші болып қала берді. Осындай үрдістің ең жарқын көрінісі 2002 жылы болған еді. Баллак командалары барлық турнирлерде: Германия біріншілігі, Кубогы, Чемпиондар Лигасы мен Әлем чемпионатында қатарынан екінші орында қалды. Жапония мен Кореяда алты ойында үш доп соғып, неміс командасын жалғыз өзі жетелеген ойыншы сары карталарды көп алуы себепті финалда өз еліне көмектесе алмады. Нәтижесі белгілі.

Баллак пен Эффенбергтің айырмашылығы

2002 мен 2006 жылдар аралығында Михаэль Баллак «Баварияда» өнер көрсетеді. Мюнхенде оған ішкі аренадағы жүлделердің барлығы бағынады. Үш мәрте бундеслига чемпиондық атағы, сонша рет Германия Кубогы және 2002, 2003, 2005 жылдары Германияда жыл футболшысы атанады. Бірақ, халықаралық деңгейдегі жеңістерге деген құштарлық оның «Челсиге» ауысуына түрткі болады. 2006 жылғы Әлем чемпионатындағы Германияның қола медальдарынан кейін Баллак Лондонға көшеді. Алайда, Британия астанасында да Баллак Чемпиондар Лигасының жеңімпазы атағына ие болуымен мақтана алмайды. 2008 жылы осы турнирдің ақтық кездесуінде оның «Челсиі» жеңіске бір табан жақын болған еді. Бірақ, Джон Терри соңғы пенальтиден мүлт кетті. Сонымен бірге Михаэль «ақсүйектер» сапында ештеңеге қол жеткізбеді деуге болмас. Лондонда неміс 2007 жылғы Англия Кубогы мен Ағылшын Лига Кубогының жеңімпазы атанып үлгерді. Жалпы, Михаэль Баллак туралы сөйлегенде оның қазіргі неміс футболы үшін бірден-бір маңызға ие тұлға екендігі күмәнсіз. Бірақ, қарсыластары оның мінезіне көшбасшылық қасиеттер жетпейтінін алға тартады. Бұл жерде нағыз көсем ойыншы болған Штефан Эффенбергпен салыстыру бірге жүреді. Ал, жақтаушылар оның Германия құрамасындағы голдары қашанда шешуші сипатқа ие болуын атайды. Қалай дегенмен, Баллак есімі ешкімді де бейжай қалдырмайды. Ал, бұл оның маңызының нағыз көрсеткіші.