Метафизика

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Метафизика [гр. “Meta ta physіka” – “физикадан кейін” (Аристотельдің философиялық шығармасы осылай аталған)] –

  1. болмыстың сезімнен тыс тұрған принциптері туралы философиялық “ғылым”;
  2. дамуды тек сан өзгерістері жағынан ғана түсінетін және өзіндік дамуды теріске шығаратын, диалектикаға қарама-қарсы философиялық әдіс.

Метафизика” терминін алғаш қолданған Аристотель. Сөзбе-сөз алғанда ол “физикадан кейін келетін” деген мағына береді. Аристотель оны “алғашқы философия” деп атады; ол барлық ғылымдар үшін міндетті нәрселердің өзгермейтін және сезім мүшелерімен емес, оймен ғана пайымдауға болатын ең жоғарғы бастамаларын зерттейді. Ортағасырлық философияда метафизика теологияның философиялық дәлелдемесі ретінде қызмет етті. Мұсылман әлемінің ойшылдары әл-Кинди, әл-Фараби, ибн Сина, т.б. Метафизика ұғымын Аристотельдің ілімімен байланыстырып дамытты. Шамамен 16 ғасырдан бастап “Метафизика” терминімен қатар сол мағынада “онтология” термині де қолданылды. Декарт, Лейбниц, Спиноза және 17 ғ-дағы басқа да ойшылдардың философиясында метафизика жаратылыстану және гуманитарлық білімдермен тығыз байланыста қолданылды. Бұл байланыс 18 ғ-да, әсіресе Х.Вольф секілді философтар тұсында бұзылды.
Гегель метафизиканы диалектикаға қарсы ойлау тәсілі мағынасында 17 – 18 ғ-лардағы ғылымға, әсіресе философияға қатысты алғаш қолданды. Ғылым мен техниканың өріс алуына байланысты 20 ғасырда философиясында Метафизика жаңа идеяларды тудырды. Кибернетика мен генетиканың, ғылыми-техникалық ойдың жедел дамуы әсерінен метафизиканы “қатаң ғылым” ретінде қарастыру қалыптасты. Метафизика онтологияны алмастырып, оның маңызы теориялық және тәжірибелік зерденің мәнін ашуға бағытталды. <ref>Қазақ Энциклопедиясы</ref>


Пайдаланылған cілтемелер

<references/>