Мемлекеттің ауыл шаруашылығындағы меншікке қатысты саясаты

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Мемлекеттің ауыл шаруашылығындағы меншікке қатысты саясаты Кеңестік тарихнамада БК(б)П XV съезінін шешімдері (1927 жылғы желтоқсан) ауылдарды жаппай ұжымдастыруға бет бұру деп түсіндірілді. Дегенмен, қарарды мұқият оқыған адам, онда «ауыл шаруашылығы еңбегінің қоғамдастырылуын барлық жерде қолдай отырып, шашыраңқы ұсақ шаруа шаруашылықтарын ірі өндіріс арнасына біртіндеп (қарайтқан біз — авт.) көшіруді» <ref>КПСС в резолюциях..., 261-6.</ref>. жүзеге асыру міндеті алға тартылғанын, сөз жоқ, байқар еді. Съезд құжаттарында осы процестін қарқыны мен қалай жүргізілетінінің көрсетілмегені сияқты, оның әдістері де, формалары да мүлдем айтылмады.

Алайда, съездің қалай дегенмен де «желдің қай бағыттан соғатынын және ел басшылығының қалай қарай бет бұра бастағанын» түсіндіре алғанын мойындау қажет. Әр түрлі денгейдегі партия қайраткерлері мұны дәл байқады. «Ілгері кетудің» жазаланбайтынына, сол сияқты «баяулықтың опық жегізетініне» өмірде көзі жеткендер, газеттердің бас мақалаларының бірінде айтылғандай, «колхоздық шаруашылық бастамаларын ынталандыруға» кірісіп те кетті.

Жылға жетпейтін уақыт ішінде (1927 жылдың ортасынан 1928 жылдың маусымы аралығында) Қазақстанда колхоздардың (ұжымшарлардың) саны 581%-ға (324-тен 1 881-ге) <ref>Сдвиги в сельском хозяйстве СССР между XV и XVI партийными съездами. Стат. сведения по сельскому хозяйству за 1927—1930 жж. М. — Л., 1931, 22-23-6.</ref>. көбейсе де, бүкіл аграрлық секторда оның үлесі санаулы, 1,8% күйінде қалды.<ref name="Сонда">Сонда.</ref>.

Бүкілодақтық бірінші съездің ашылуы

1928 жылғы маусымның басында Мәскеуде колхозшылардың (әрине, колхоз белсенділерінің) Бүкілодақтық бірінші съезі ашылды. Онда «шаруалардың колхоз құруға деген жаппай құлшынысы» туралы көтеріңкі көңіл-күйлерін қорытындылай келіп, Одактық Жер халық комиссары Я.А. Яковлев былай деді: «Нағыз бұқаралық, кең ауқымды қозғалыс төменнен туады. Біздің органдар төменнен басталған осы қозғалысқа көмектесу үшін қандай өндірістік және ұйымдық шаралар қабылдау қажеттігін шешуі тиіс».<ref>Колхозы: Первый Всесоюзный съезд сельскохозяйственных коллективов. М., 1928. Сб.</ref>.

«Көмек» тез көрсетілді, бірақ тіпті де колхоздарды материалдық ресурстармен қамтамасыз ету тұрғысынан емес. Мұндай көмекті, қалағанның өзінде, ешкім көрсете алмас еді, өйткені ол «арбаға ат емес, атқа арба жегу» болып шығар еді: ұжымдастыруға индустрияландыру көмектескен жоқ, қайта керісінше болды. Осыған орай Н. Бухарин кекесінмен тіпті «мың ағаш соқа бір трактордай бола алмайды» деген болатын.

Колхоздастыру ісіне ықпал ету, нақты материалдық тұрғыда емес «ұйымдастырушылық көмек» түрінде еді.

РКФСР Жер халық комиссариаты мен Колхоздастыру орталығы 1928 жылғы көктемде әзірлеген алғашқы перспективалық жоспар колхоздарға 1928-1932 жылдарда 1,1 млн шаруа шаруашылықтарын (бүкіл ел бойынша) тартуды көздеді. Бесжылдық ішінде осыған 1 млрд сом күрделі қаржы бөлінуі тиіс болды (керісінше, бесжылдыктың бірінші (1928-1929) жылында мемлекеттің өнеркәсіпке бөлген күрделі қаржысы бұдан бес есе көп — 4 775 млн сомды құрады, яғни колхоздастыру ісін мемлекет тегін дерлік ұйымдастырды).

Колхозшылар съезінен кейін екінші саты — Ауыл шаруашылығы кооперациялар одағы Жер халық комиссариаты белгілеген межеден үш есе (колхоздарға 3 млн шаруа шаруашылықтарын тарту көзделінді) асып түсті. Бесжылдықтың қорытынды цифрларын әзірлеген кезде КСРО Мемлекеттік жоспарлау комитеті шаруашылық санын 5 млн-ға жеткізді. XVII партия конференциясында (1929 жылғы сәуір) бірінші бесжылдық жоспарын қарағаннан кейін бұл цифрды 4-4,5 миллион межеге тоқтатуға келісілді, ол жалпы шаруа шаруашылығы санының 16-18%-ы еді.<ref>Пятилетний план народнохозяйственного строительства СССР. М., 1932. Т. 2, ч. 1, 336-337-6.</ref>.

Сталин «біздің жоспарларымыз болжам тұрғысында емес, нақты басшылық нұсқау-жоспарлар» деп өсиет еткендіктен, сол өсиетке сай колхоздарға кіретін «еріктілер» саны көп болуға тиіс еді. Сөйтіп, «жан қалауының» қанат жаю бағдарламасын өкімет алдын ала жасап қойды, «колхоз құрылысының еріктілігі мен елдін өз қалауы екендігі» төңірегінде насихат жұмыстары жүргізілді.

Алдағы алар асулар айқындалды. Алайда одан да биіктік «шындарды» бағындыруға тыйым салынбады. БК(б)П Қазолкомның Бюросы 1929 жылғы 1 қазанда республикада 5 144 колхозға 92 мың шаруашылықтың немесе олардың жалпы санының 7,4%-ының кіргенін қанағаттанарлық сезіммен қуана хабарлады».<ref>Сдвиги в сельском хозяйстве СССР между XV и XVI партийными съездами. 132-6.</ref>.

Колхоздастыру науқаны кең серпін алатүсті. Қазанның он екі жылдығына (1929 жылдың 7 қарашасы) «Правда» газеті Сталиннің «Ұлы бетбұрыстар жылы» атты мақаласын жариялады, онда ерекше шабытпен (бірақ ақиатқа сай келмейтін): «Қалың шаруа бұқарасы мақтаулы «жеке меншік» туын лақтырып тастап, ұжымдастырудың даңғыл жолына өтуде» деп жазылды.<ref>Сталин И. Соч. Т. 12, 132-6.</ref>.

БК(б)П ОД-нің 1929 жылғы 10-17 қараша аралығында өткен Пленумында ұжымдастырушылық нұсқау барынша анық көрсетілді. Мәселенінң соңғы нүктесін В. Молотов қойды. Сталиннің ойын халыққа сөзбен жеткізген партиялық және мемлекеттік басшылықтың №2 адамы тіпті алдағы жылы-ақ біз тек ұжымдастырылған облыстар туралы ғана емес, ұжымдастырылған республикалар туралы да айта алатын боламыз»,<ref>Ивницкий Н.А. Коллективизация и раскулачивание. М., 1994, 21-22-6.</ref>. - деп елдің жоғарғы партиялық басшылығын бір «қуантып» тастады.

«Қалың бұқараның ұжымдасушылық шығармашылығы» ауыздықтауға келмейтін сипат ала бастады. 1929 жылдың екінші жартысында Қазақстанда кұрылған колхоздардын саны Оралды ң б үкіл бесжылдык жоспары нан екі еседен асып түсті. Солтүстік Қазақстан үшін Колхоздастыру орталығы белгілеген тапсырманын жартысына жуығына жақындады.<ref>КР ОММ, 247-к., 1 -т., 207-іс, 40-п.</ref>.

Алайда Мәскеу өздерінің өңірлері үшін белгіленген жоспардын «төмендігіне» реніш білдіріп, бастама көтеру мүмкіндігін беруді талап еткен жергілікті басшыларды қолдап отырды.

Колхоздастыру ісін ретке келтіру және барынша жөнге салу үшін оған нұсқаулық-жоспарлы сипат беру жөнінде шешім шығарылды. Осыған байланысты 1929 жылдың желтоқсанында Я.А. Яковлев басқарған арнаулы комиссия құрылды. БК(б)П OK Саяси бюросының шешімімен оның құрамына, орталық пен жергілікті партиялық-үкіметтік және шаруашылық органдарының басшыларына қоса, РКФСР ХКК төрағасынын орынбасары Т. Рысқұлов пен Казолком хатшысы Ф. Голощекин енгізілді.<ref>Ивницкий Н.А. Коллективизация и раскулачивание, 32-6.</ref>.

Комиссияға ұжымдастырудың бірқатар мәселелері бойынша, оны бекіткеннен кейін, қарар түрінде қолдануға рұқсат етілетін құжаттар мен ұсыныстар әзірлеп, оны Саяси бюроның қарауына ұсыну тапсырылды. Сталин атап көрсеткендей, мұндай «қарар колхоздастыру қозғалысының қарқынын үдету, соңғы кездері осы тұрғыдағы жоспарлаушы және басқа да органдар белгілеген межені қайта қарау және ұжымдастыруды басты астықты аудандар бойынша барынша қысқа мерзімде аяқтау үшін қажет» <ref>Ивницкий Н. А. Коллективизация и раскулачивание, 42-6.</ref>. еді.

Науқанды негізінен батыл әрекет жағына қарай бағыттап, біраз пысықтағаннан кейін, Саяси бюро Я.А. Яковлев басқарған комиссияның жобасын бекітті, ал 1930 жылғы қаңтардың басында ол БК(б)П ОК «Колхоздастыру қарқыны және мемлекеттің колхоздастыру құрылысына көмектесу жөніндегі шаралары туралы» қаулысы түрінде жарияланды.

Көп ұзамай бүкіл ел, дәл бір әскери қимыл театры сияқты, шабуыл плацдармдары мен колхоздастыру науқанын өткізу аймақтарына бөлінді. Қазақстан сталиндік басшылықтың анықтауымен ұжымдастыруды 1932 жылдың көктеміне аяқтау көзделген өңірлер (көшпелі және жартылай көшпелі аудандарды қоспағанда) тобына жатқызылды.<ref>КПСС в резолюциях..., 384-6.</ref>.

Алайда шенеуніктердің құлшынысын белгілі бір арнаға түсіру енді мүмкін емес еді. Ұжымдастыру пайызы бүкіл партиялық-саяси және ұйымдық-шаруашылық жұмыстардын бағалық өлшеміне, жергілікті аппарат іскерлігінің сапалық белгісіне, олардың қызмет жағынан өсуіне кең жол ашатын өзіндік «баспалдаққа» айналды. Нәтижесінде кеңестік қоғам организм пайыз қуушылық дертіне ұшырай бастады. Газеттер «колхоздастыру майданындағы» күн сайын өзгерген ақпараттар ағынына ілесе алмады, республиканың аудандары мен округтері жеңіс рухымен қанаттанып өзара жарысқа түсті.

1930 жылдың 20 ақпанындағы есеп бойынша Қазақстанда 441 931 шаруашылықты, немесе оның барлық санының 35,3%-ын қамтыған 6 722 колхоз құрылды.<ref>КР ОММ, 44-к., И-т., 119-іс, 136-п.</ref>.

Мал шаруашылығымен айналысатын аймақтарда ұжымдастыру ісі қарқынды түрде жүргізілді. Шамасы мұнда Өлкелік комитеттің V Пленумында (1929 желтоқсан) Ф. Голощекиннің қысымымен әзірленген идеология ықпал еткен болса керек. Оның мәнін түсіндіре келе, сол кездегі Өлкелік комитет хатшыларының бірі Ү. Құрамысов: «Мал шаруашылығы басым аймақтарда ұжымдастыру астықты шаруашылықтарды ұжымдастыруға қарағанда аздап қиындау болуы мүмкін. Бұл мұнда астықты шаруашылықтарға қарағанда қарқынды біраз төмендетуге келістік (мәтінде солай. — авт.) деген сөз емес» <ref>Советская степь, 1929, 16 желтоқсан.</ref>. деді. Қарарда осыдан келіп: «Барлық жерде... мал шаруашылығы басым аймақтарда ұжымдастыруды астықты шаруашылықтардағы сияқты қарқынмен жүргізуге жұмылдырайық» деп жазылды.<ref name="Сонда"/>.

«Колхоздастыру ісіндегі белсенділік таныту, насихат қаншалықты жар салғанымен, ешқашан шаруалар бастамасы болған жоқ. Бүл арада ашықтан-ашық қыспаққа алу әдісінің орын алғаны сөзсіз. Жалаң сипаттағы партиялық қаулыларда көрсетілген еріктілік принциптері мен қарапайым заңдылықтың бұзылуы әп дегеннен барлық жерге тән сипат алды.

Деректерде атап көрсетілгендей, ауыл жиындарын өткізу кезінде ұжымдастыру науқанын жүргізушілер «Колхозға кімнің кіргісі келеді?» деп сұрағаннан гөрі, нагандарын қолында ойнатып, «Ұжымдастыруға кім қарсы?» деген қатқыл сұрақты жиірек қойды. Шаруа дегенмен «оң пейілін» білдіре қоймаған және «буржуазиялық» жеке меншігінен құтылуға асықпаған жағдайда, оларға басқаша «тәрбиелік» шаралар қолданылды. Мәжбүрлеудің мұндай үйреншікті және кең тараған түріне сайлау құқығынан айыру, тұрғылықты жерінен басқа жаққа көшірумен қорқыту немесе қамап қою сияқты әдістер жатты.<ref>КР ОММ, 247-к., 1-т., 439-іс, 24, 27-п.</ref>.

Құжаттық деректерде ұжымдастыру ісінде ату жазасымен қорқыту (атуға үкім шығарылғандай етіп, әдейі бастан жоғары бірнеше қайтара оқ ату жазаланушыны естен тандырары түсінікті), тыр жалаңаш шешіндіріп аязға үсіту, ұрып-соғып, мылтықпен ауылды айналдыра жалаң аяқ айдау, мұз ойыққа лақтыру сияқты дөрекі-қанішерлік әдістердін қолданылғаны айтылады.

Ұжымдастырушылардың қолданатын құралы

Ұжымдастырушылардың қолданатын ең сенімді құралы толқу үстіндегілерді ойланып жатпастан кулактар қатарына жатқыза салу болды. Осы топқа кіргізудің еркін қолданылғандығы соншалық, атқарушы шенеуніктердің есірік қиялы оған кімді болса да жатқыза салатын еді. Мынадай да жайттар кездесті, мұндай айыптауды алдырып тастаудың жолы Бүкілодақтық старостаға «көздің жасын қол қылып» өтіну болатын, бірақ ол кез келген адамның қолынан келе бермеуші еді, Бүкілодақтық старостаға әркімнің қолы жетпеді.

Ұжымдастырушылардың бұлай күш жұмсауы колхоздастыру барысын тұйыққа тірер еді. Колхоздастыру ісіндегі жалған ақпараттар, асыра сілтеушілік оптимистік сезімді оятуға тырысса, ал оның сапалық қырлары басшылық санасында абдыраушылықты тудыра бастады. Сол кезеңдегі құжаттарда «жалған ақпарат», «бөспелік», «асыра сілтеушілік» деген үлгідегі теңеулердің көбейе бастауы тегін емес-ті.

Сонымен бірге тіпті ақиқат колхоздар ретінде аталғандардың өзі іс жүзінде қандай да бір қалыпты жұмыс істеуші өндірістік ұжым емес, қайсыбір түсініксіз құрылым түрінде қабылданды. Тап күткендегідей, шаруа шаруашылықтарының өндірістік мүліктерін ұжымдық шаруашылыққа қоса салу оларға мықты жеке шаруашылықтар алдында басымдылық бере алмады.

Шаруашылық жүргізуші субъектінің өндірістік мақсаттары мен мүмкіндіктерін асыра бағалау колхоздардың өздерінің иелігіне берілген жер қорларын ішінара ғана кәдеге жаратуына әкеп соқтырды. Осы ретте Орал округіндегі «Ленин жолы» колхозында жұмыс істеген 25-мыңдықтардың бірінің мойындауын нақты мысал ретінде келтіруге болады. Ол зауыттағы жолдастарына былай деп жазыпты: «Колхозда біз 7 мың гектар жерге барлық дақыл түрін себуге тиіс едік. Біздің қолымызда 600 бас күш көлігі ғана бар. Ал бізге керегі 1200. Қолдағы күш көлігі ыңыршағы шыққан арық малдар. Тракторға үмітіміз жоқтың қасы. Әзірге бізге уәде берген ешкім жоқ». Сырдария округі Голощекин ауданының «Сакко мен Ванцетти» колхозшыларының жалпы жиналысы қабылдаған қарарда: «Колхозда қазір 364 гектар жер бар, колхозшылар оны толық өңдей алмайды, өйткені олардың саны бар болғаны 42 адам» деп атап көрсетілді.<ref>Коллективизация сельского хозяйства Казахстана. Документы и материалы, 293-294-6.; КР ОММ, 44-к., 11-т., 365-іс, 5-п.</ref>.

Колхоздарға біріктірілген «шаруалар мен шашыраңқы өндіріс құралының» қуаты өте әлсіз болып шықты. Кей колхоздарда қол күші жетерліктей болганмен, алайда оның кыр желкесінде түрған шаруашылық қорлары туралы олай деуге болмайтын-ды, өйткені колхоздарға негізінен жалшы батырақтар мен кедей-кепшіктер кірді, ал олардың өмір сүруінің басқа баламалық жолы жоқ еді.

«Кедейлермен ілесе колхоздарға қалың орташа кіріп жатыр» <ref>КПСС в резолюциях... Ч. II. М„ 1953, 643-6.</ref>. деген оптимистік сенім тым әсіреленген болып шықты. 1930 жылдың соңына колхоздар құрамындағы орташа шаруашылықтардың үлестік салмағы Казөлке колхозодағының есебі бойынша 25% деңгейінде (тексерілген 40 ауданның дерегі бойынша), кейбір жерлерде одан да төмен болды. Мысалы, орташа шаруашылықтар Бесқарағай ауданы колхоздарының 9,9%-ын, Зайсанда - 9,4, Ұланда - 10,9, Жанасемейде - 12,4, Қызылтанда 9,8% деңгейін құрады.<ref>Коллективизация сельского хозяйства Казахстана, 401-6.</ref>. «Үстем бірлестігі» колхозында (Шу ауданы) 196 шаруашылықтың 168-ін, ал Мерке ауданындағы колхоздардың бірінде 135 шаруашылықтың 122-ін жарлы-жақыбайлар құрады.<ref>КР ОММ, 247-к., 1-т., 644-іс, 36-и.</ref>.

Колхоз құрылысының бұл жағдайы «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген мәтелден гөрі «азда болса Алланың бергеніне шүкір» деген тәубешіл мәтелмен көбірек шендестіріледі. Колхоз құрылысы арифметикалық есеп жүзінде қанағаттандырғанмен, өндірісті ұйымдастырудың «жоғары математикасында» ештеңеге арзымады.

Кезінде Дж. Скотт шаруаның «моральдық экономикасы» тұжырымдамасын әзірлеген еді. Оның бастау алар құрылымы, яғни ашығу, азық-түлік өнімінсіз қалу «үрейі» шаруаны ешқашан уысынан шығармайтын іргелі фактор болып табылады. Сондықтан тіршілік етер қаражаттың жетіспеуінен (бәрінен бұрын азық-түліктің жетіспеуінен) туындайтын перманенттік қорқыныш оның санасынан ешқашан жойылмайды.

Өз кезегінде өмір сүру проблемасы, адамның ұдайы еңбек ету міндеті аграрлық экономиканың орталық ұстанымына айналды, оның «экономика тіршілік көзі» деп аталуы тегін емес. «Ең алдымен өмір сүру қауіпсіздігі» принципі аясында шаруаның бүкіл идеялық негізін оның экономикалық және саяси болмысы құрады.<ref>Проблемы социальной истории крестьянства Азии. Вып. 1. М., 1986, 42-45-6.</ref>.

«Өмір сүру қауіпсіздігінің» шарты — тұтыну минимумының болуы саналды. Нақ осыған өмір сүрудің кепілі ретіндегі құқық шаруаның моральдық норма ретінде қабылданды. Мемлекет пен билеуші таптар немесе топтардың іс-қимылы осы құқықты бағалауына — оны құрметтеуіне немесе кемсітуіне қатысты түсіндірілді, олардың деңгейі әлеуметтік әділеттілік хақындағы шаруалар ұғымымен қаншалықты сәйкестігімен өлшенді.

Дж. Скотт шаруа өмір сүру құралынан айырылуына ғана назар аударып қоймайды, өмір сүруге деген моральдық-экономикалық құқығының аяққа тапталуына да барынша көңіл аударады деп атап көрсетті. (Бұл тап-таурын сияқты көрінгенмен, бір-біріне тіпті де ұқсас ұғым емес).

Астықтың шықпай қалуы және басқа да қайсыбір апатты жағдайлар, адамның еркінен тыс болғандықтан, шаруаларды ашындырмауы мүмкін (құдайға немесе басқа метафизикалық күшке жалбарынғаннан басқа). Бірақ егер оның тұтыну құқығына аз да болса қол сұғылса, онда міндетті түрде ашық қарсы шығады.<ref>Сонда. Вып. 2. М., 1988, 118-119-6.; Мажитов С.Ф. Проблемы истории, теории и историографии народно-освободительного движения XVIII — начала XX вв. в Казахстане. - А.: Мектеп, 2007. - 350-6.</ref>.

Өзін «жұмысшы-шаруа» мемлекеті деп атаған социалистік мемлекет шаруалардың өмір сүруге деген моральдық-экономикалық құқығын ескермеді, олардың ең төменгі тұтыну деңгейін қамтамасыз ету кепілдігіне қол сұқты, сөйтіп шаруа отбасыларының өндірістік және тұтыну бірлігі ретіндегі экономикалық мүддесімен қатар жеке бастарына да қауіп төндірді.

Кеңестік билік ең төменгі тұтыну қажетіне ие болудың басты факторын және шартын өндіріс құралдарын қоғамдастырумен алмастырды. Қауым — дәстүрлі патерналистік-қайта бөлу тетіктері арқылы өмір сүруге кепілдік ала отырып, шаруаны сол тұрғыда қоғамдастырды. Жұмысшы күштерін жалдау-жалға берудің лажсыз-қайтарымды қатынастарын енгізу арқылы ең төменгі тұтыну деңгейіне қол жеткізу арналары жабылды (бай-кулак шаруашылықтар таратылды). Кейін өмір сүрудің, мысалы, жұмыспен қамту (есепке алу, осыған орай, колхозды тастап кетудің мүмкін еместігі) саласымен ауысуға байланысты, басқа да жолдары тұйықталды.

Шаруаның қолында ең соңғы «қауіпсіздік белдеуі», қажетті тұтыну мұқтажын қамтамасыз ететін уақ жеке меншік (сауын және уақ мал, құс, жеке ауласындағы бау-бақша жәнет.б.) қана қалды. Алайда БК(б)П ОК-нің 1930 жылғы 5 қаңтарындағы қаулысында және кейінгі барлық «қолхоздардың» нормативтік актілерінде қайсыбір арнайы көрсетілген мәртебеге ие болмағандықтан осы уақ меншіктін өзі шенеуніктердің «жаппай қоғамдастыру» ұранына ілінді.

Казөлке колхозодағының ақпараттарында жоғарыдағы нұсқаушы органдарға «тұқым мен тұтыну малдары» ғана емес, сонымен бірге «іс тігетін машиналардың, аңшы мылтықтарының, астық займының есеп кітапшалары мен облигациялары, азық-түліктің де «ұжымдастырылатыны», тіпті тауықтарды да қоғамдастырудың ұсынылғаны, ал «қазаққа мінетін бір ғана ат қалдыру қажеттігі» хабарланды.<ref>КР ОММ, 247-к., 1-т., 439-іс, 14-15-п.</ref>.

Сөйтіп өкімет шаруаға үлкен соққы берді: шаруаны өмір сүрудің моральдық-экономикалық құқығынан шеттетті және оны өмір сүру құралдарынан айырды. Осындай жағдайға орай ол мемлекеттің іс-қимылын адамгершілікке жат және заңға қарсы қылыққа жатқызып, өздеріне ашық қарсылық көрсету ге, моральдық құқық беретін әрекет деп бағалады.

Бүкіл елдегі сияқты, Қазақстанда да шаруалардын бас көтерулері өpic алды (ол туралы төменде айтылады). Өкімет саясатын қабылдамаудың салғырттау нысаны да бұқаралық сипат алды, ол «шаруа шаруашылығының жойылу» үрдісінен көрініс тапты. Кейбір аймақтарда, мысалы, Петропавл және Қостанай округтерінде село халқының 25%-ы өз шаруашылықтарын таратып, көшіп кетті (ең алдымен қалаға көшті).<ref>Коллективизация сельского хозяйства Казахстана, 143-6.</ref>. Мал өсіретін шаруашылықтардың тек өз аудандары мен округтерінен ғана емес, республикадан, тіпті КСРО шегінен тыс (көбіне Батыс Қытайға) ауа көшуі етек алды.

КСРО Жер халық комиссариатына және басқа жоғары билік органдарына, тіпті Сталиннің өзіне дейін елде болып жатқан бассыздықтар туралы шағымдар жаңбырша жауды. Осыған байланысты Жер халық комиссариатының 1930 жылғы 28 ақпандағы мәжілісінде: «Правда» газетінен партияның ұжымдастыру ісіндегі бағыты бұрмаланатын жағдайларға қарсы мақала беру сұралсын» <ref>Документы свидетельствуют, 369-6.</ref>. деген ұсыныс айтылды. Наурыз айынынбасында Сталиннің «Табыстан бас айналу» атты мақаласы жарык көрді. Мақалада ол барлық уақыттағы сияқты ауру бастың сақинасын сау басқа ауыстырумен ғана шектелді. «Шаруа-колхозшыларды оның тұрғын-үй құрылыстарын, барлық сауын малдарын, бүкіл ұсақ-тұяғын, үй құстарын «қоғамдастырумен» қызықтыру... мұндай «саясаттың» тек қарғыс атқыр дұшпандарға ғана қолайлы және тиімді болуы мүмкін екендігі түсінікті емес пе?» деп жазды Сталин.<ref>Сталин И. Соч. Т. 12, 197-198-6.</ref>. Бірақ БК(б)П ОК-нің 5 каңтардағы қаулысында бұл мақаладан шыққан қорытынды байқалған жоқ. Жергілікті қызметкерлер бұл мақалаға түсіне алмадық деген көзқараста болды.

Ауыл шаруашылығы артельдерінің «Правда» газетінің сол нөмірінде жарияланған үлгілік Жарғысында шағын жеке меншік «қоғамдастырылатын өндіріс құралдарының» қатарынан шығарылды. Алайда «үлгілік» деген анықтамада айтылғандай: «Колхозшылар қоғамдастыру ісінде одан да әрі жылжу үшін Жарғының шегінен өздері шығып кетіп жатыр» деп мәлімдеген колхоздастыру ісінің жалынды қайраткерлері болашақта тағы бір «революциялық шығармашылық бастамашылығын» жүзеге асыру үшін қосымша дәйектеме қалдырды.<ref>ПАЭИ қолжазба қоры, инв. №1108, 145-п.</ref>.

Саяси бюро 10 және 14 наурызда «Колхоздастыру қозғалысындағы партия бағытын бұрмалаушылармен күрес туралы» қарар қабылдады. Онда тағы да «алға ұмтылу» туралы, мұндай «практика контрреволюционерлердің отқа май құюы, онын партия саясатымен үш қайнаса сорпасы қосылмайтыны» туралы айтылды.<ref>КПСС в резолюциях..., Т. 5, 102-6.</ref>. OK кезекті рет өзінің бұрынғы ұстанымын қайталап, «партияның лениндік штабы» тап сол «бұрмалаушылыққа» тіпті де қатысты емес деп, барлық кінәні төмендегілерге ысырып тастады.

Жергілікті әкімшілік өзіндік ұсақ жеке меншіктің қоғамдастырылу шегіне қатысты құжаттарды дұрыс түсінбеген. Сондықтан ОК-нің нұсқауында «егер мұны колхоз мүшелерінің өзі талап етсе» <ref>Ивницкий Н.А. Коллективизация и раскулачивание, 89-6.</ref>. ұсақ жеке меншікті қайтару партия басшыларының жеке жауапкершілігіне қалдырылды делінді.

1930 жылғы 10 наурыздағы құжаттың жергілікті жерге «құпия» белгісімен жөнелтілгенін айтқан жөн. «Правда» газетіндегі мақалалар деревнялар мен ауылдарда бір әрпі қалдырылмай оқылса, баспасөз үшін жабық нұсқаулар жариясыз күйінде қалды. Бірақ іс жүзінде бұл ештеңені өзгерткен жоқ. БК(б)П ОК-нің наурыздағы қарарында айтылған жартылай жалған, екпінді сөздер («асыра сілтеулер», «бұрмалаулар», «бас айналулар» және т.б.) қайта жаңғырды.

Колхоз құрылысын «жеделдету» екпіні одан әрі жалғасты. Шенеуніктер колхозға кірген шаруаны, енді қайтып одан шығуға тыйым салды, шаруаларға «қоғамдастырылған» ұсақ меншікті қайтаруға рұқсат етпеді.

Бұған жауап ретінде қарсылық көрсеткен шаруалар толқуы үдей түсті. Оның ауқымын мынадан-ақ көруге болады, 31 наурызда Казолком Сталинге жеделхат жөнелтіп, жазалау операцияларына тұрақты әскери құрамаларды пайдалануға рұқсат сұрады.<ref>Документы свидетельствуют, 37-6.</ref>. Шамасы, «рұқсат» алған болуы керек, шаруалар толқуын басу үшін, зеңбірек пен бронды взводтарға қосымша, Түркістан мен Закавказье округтерінің әскери бөлімшелері тартыла бастады, бірақ ол да көмектесе алмады: елде шаруалар көтерілістері кең жайылды.<ref>Қозыбаев М.К., Абшхожин Ж.Б., Алдажуманов К.С. Коллективизация в Казахстане: трагедия крестьянства, 20-26-6.</ref>.

БК(б)П ОК-нің 1930 жылғы 2 сәуірдегі жабық хатында көрсетілгендей, биліктің зәресі ұшты. Онда: «ОКО-дан (Орталық қара топырақты облыс. — авт.), Украинадан, Қазақстаннан, Сібірден, Мәскеу облысынан келіп түскен шаруалардың жаппай көтерілісі туралы мәліметтер жағдайдың өте қауіпті екенін көрсетті. Егер біз сол кезде дереу шаралар қолданбағанда, шаруалар толқуы тым асқынып кеткен болар еді, біздің «төмендегі» жергілікті қызметкерлеріміздің жартысын шаруалар басып алып, сыртқы және ішкі жағдайымызға қауіп төнер еді. Орталық Комитеттің жоғарыда аталған маңызды нұсқауына (10 және 14 наурыздағы нұсқаулар. - авт.) қарамастан осы кезге дейін өрескел қателіктер жойылған жоқ. Бұл Орталық Комитетке жағдайдын күрделілігіне назар аударуын талап етеді. Украинаның бірқатар округтеріндегі, Солтүстік Кавказдың таулы аудандарындағы және Қазақстандағы шаруалар көтерілісі өзінің ерекше күшімен деревняларда саяси жағдайдың ушыққанын көрсетті. Ұжымдастыру ісіне және тұтас алғанда сониалистік құрылысқа қауіп төнді» <ref>Документы свидетельствуют, 390, 391-6.</ref>. деп жазылды.

Хаттағы айтылған жағдай колхоз құрылысын жүргізудін ауыр екенін көрсетті. Колхоздастыру ісінен уақытша шегінуге тура келді. Шаруа шаруашылығы мұны бірден пайдаланды.

Егер 1930 жылғы 1 сәуірге Қазақстанның 649,4 мын шаруа шаруашылығы немесе оның жалпы санының 52%-ы ұжымдастырылса, маусым айында оның саны 353,9 мыңға (28,5%-ға) қысқарды. Тиісінше, ұжымдастырылған шаруашылықтардың пайызы қас қағым сәтте екі есе азайды. Республиканың 300 мыңға жуық шаруа шаруашылықтары оның қатарынан шықты («алды-артына қарамай қашты» деген дұрыс болар). Колхоздардың саны осы кезеңде 7 019-дан 5 701-ге азайды.<ref>КР ОММ, 44-к., 11-т., ІІ9-ІС, 139-п.; История крестьянства СССР. Т. 2, 166-6.</ref>.

Сәуір-маусым аралығында билік органдары «партиялық бағытты түзету үшін күресті». Партияның жергілікті жерлердегі қайраткерлері беделінен айырылды, партиялық және әкімшілік жазалар алды. Олардың бір бөлігі Қазақстанда 1930 жылғы мамырға дейін жүргізілген науқанда партиялық тазалау қатарына жатқызылып, БК(б)П құрамынан шығарылды.

Бұл ауылдық жерлердегі бірқатар партиялық аппараттағыларды сары уайымға ғана салып қойған жоқ, олар дағдарып та қалды. Дегенмен 1930 жылғы 7 және 29 тамызда «Правда» газетінің бас мақаласында көрсетілгендей, партияға тағы да «әскери ұжымдастырушылық рухты» тез күшейту қажет болды. БК(б)П ОК-нің ұлттық республикалардың Орталық Комитеттеріне және аудандық, облыстық партия комитеттеріне жолдаған «Ұжымдастыру туралы» хатында (1930 жылғы 24 қыркүйек) тура «колхоздастыру ісін жаңа қуатты денгейге көтеру» міндеті қойылды.<ref>История КПСС. М., 1971. Т. 4. Кн. 2, 158-6.</ref>.

Колхоз құрылысындағы белгіленген межеге құлшына ұмтылу белден басуға ұласты. Көп ұзамай (1931 жылғы қыркүйек) БК(б)П Казолком Орталық билікке: «аудан шаруашылықтарының 81%-ын ұжымшарларға біріктірген басты 42 астық және мақта есіретін аудандарда ұжымдастыру негізінен аяқталды» деген рапорт берді. 20 ауданда шаруа шаруашылықтарының 82%-ы ұжымдастырылды. Рапортта «ұжымдастырудың сапалық жағдайына» басшылықтың күмән тудырғанына қарамастан, бұл аудандарда «үстіміздегі жылдың өзінде» «ұжымдастыру үрдісі негізінен аяқталғаны» айтылды. Он ауданда шаруашылықтардың 85%-ы ұжымдастырылған шаруашылықтар, он жеті ауданның 61%-ы және мал шаруашылығымен басым айналысатын 26 ауданның 43%-ы ұжымдастырылған. Соңғысындағы пайыз төмендегі Қазөлкомның қаулысында «рулық ескішілдік және байлар мен атқамінерлердің теріс ықпалы» салдарынан деп түсіндірілді. Түптеп келгенде, жеті «балық аулап, мал өсіретін аудандарда» (анықтамасының өзі елен еткізеді. — авт.) ұжымдастыру 55% денгейінде белгіленді.

БК(б)П ОК-нің 1931 жылғы желтоқсанда өткен Пленумының шешімдері асыра орындалды. Қазақстанда 1 қыркүйекке дейін-ақ 122 ауданның 96-сы 50%-дық партиялық межеден асып түсті, ал 72-сі «толық ұжымдастырылған аудан» қатарына жатқызылды.

Жоғарыда айтылғандардан көрінгендей, мал өсіретін қазақы аудандарда ұжымдастыру қарқыны астықты шаруашылықтардан кейін қалған жоқ, бірқатар жерлерде одан озып та кетті. 1931 жылғы тамызда мал өсіретін аудандардың алдына тұп-тура «ұжымдастырудың барынша қарқынды арнасына түсу» міндеті қойылды. Бұл ретте «ауылда ұжымдастыру қозғалысының басты түрі мал өсіретін ауыл шаруашылық артелін құру» қатаң ескерілді.<ref>Коллективизация сельского хозяйства Казахстана, 459—466-6.</ref>. Және бұл талап жергілікті жерлерде барынша тез орындалды: республиканың 60 көшпелі және жартылай көшпелі аудандарында жер өңдеуші 2 771 серіктестіктен (ТОЗ) бар болғаны 312 серіктестік қана қалды, қалғанының бәрі ауыл шаруашылық артелінің жарғысына көшірілді.<ref>VI Пленум Казахского краевого комитета ВКП(б). А.-А., 1936, 155-6.</ref>.

Қазақ ауылдарының тұрғындары ТОЗ бен колхоздың аражігін дәл ажырата алмады («ТОЗ» ұғымының қазақша тоз «азып кет») деген ұғымға жуықтайтыны тегін емес, көп жағдайда осылай да ұғынылды және орташалар арасында «ұжымдастыру» бұрыннан белгілі «тәркілеу» ұғымымен теңестірілді).

Дегенмен, айырмашылық бар және ол елеулі еді. Бұрыннан белгілі болғандай, ұжымдастыру қоғамдық құрылымның барынша жоғары деңгейін білдіреді. Егер ТОЗ-дарда басты өндіріс құралы (атап айтқанда, мал) жеке пайдалануда қалдырылса, ал ауыл шаруашылығы артелінде олар қоғамдастырылды.

Бұл ретте мал өсіретін шаруашылықтарда қоғамдастыру шаралары небір шекті өлшемнен асып кетті. Ұжымдастыру процестерін кеңейте түсіндіру көздері ретінде жоғары тұрған ұйымдардың, оның ішінде Казөлкомның үзілді-кесілді бұйрықтары алынды. Оның пленумдарының бірінің шешімінде: «мал өсіретін және малға қоса егін өсіретін аудандарда басты назар ауыл шаруашылығы артельдеріндегі барлық тауарлы-өнім беретін табындарды толық қоғамдастыруға бағытталуы тиіс» деп жазылды.<ref>Очерки истории коллективизации сельского хозяйства в союзных республиках. М„ 1967, 291-6.</ref>.

Осы шешіммен қаруланған торғайлық қызметкерлер «жекешеде бірде бір лақ қалдырмастан, бүкіл малды қоғамдастыру» міндетін алға қойды. Кейбіреулерге мұның өзі аздық етті және олар «жеке меншік психологиясы сарқыншақтарынан арылу мақсатында малды бір шаруашылықтан екінші шаруашылыққа өткізу (аудандардағы нұсқаулардан)»туралы шешім шығарды.<ref>VI Пленум Казахского краевого комитета ВКП(б), 146-6.</ref>.

«Ұсақ буржуазиялық меншікке большевиктік шабуыл» көп күттірмей өз нәтижесін берді. 1932 жылдың ақпанында Қазақстандағы колхозшылардың 87%-ы және жеке иелігі бар шаруалардың 51,8%-ы өз малдарынан толықтай айырылды.<ref>ТАЭИ қолжазба коры, инв. №1040, 15-п.</ref>.

Мал қайда кетті? 100% дерлік қоғамдастырылып, ол колхоздық-тауарлы қожалықтар деп аталғандарға жинақталды. Колхоз атауымен іс жүзінде далада арқанмен қоршалған телімдер аталды. Бұл арада, Казолком талап еткендей, ұжымдастыру барысында «мал өсіретін ірі шаруашылықтар құруға» ден қойылғанына назар аударған жөн.<ref>VI Пленум Казахского краевого комитета ВКП(б), 147-6.</ref>. Ал бұл радиусы 200 және одан да астам шақырымды қамтитын, жүзден астам шаруашылық топтастырылған біртұтас алып колхоз деп ұғынылды. Қордай ауданында, мысалы, 600-800 шаруашылықты біріктірген ауыл шаруашылық артельдер! Аз болған жоқ, ал Келес ауданында бастапқыда 112 колхоз 35 ауыл шаруашылық артеліне бірікті, Арыс ауданында 138-нен 67 ауыл шаруашылық артелі құрылды, Талас ауданында 300—400-ге дейін шаруашылық топтастырылды.<ref>Сонда, 143-6.</ref>. Демек, осындай шала құрылымдар жағдайында көшпелі экожүйелік өндірістік әдістің — мал саны мен табиғи мал азығы қорлары арақатынасының бір-біріне дәл (симметриялы) сәйкес келу принципін сақтау туралы сөз болуы мүмкін де емес.

Көшпелі қауым барлық уақытта малды белгілі бір мөлшерге (мал азықтық және су ресурстары) дейін ғана шоғырландырды. Мал мол шоғырланған кезде қауым өзінен-өзі топтасады, сөйтіп жүйенің үзіліссіз ұдайы дамуын қамтамасыз етеді. Сонымен бірге қуаңшылық орта жағдайында көбіне өзгеріп отыратын, өндірістік процесті ұйымдастырудың қалыптасқан ырғақты-режимді сипаты (табиғи жер бедерлерін маусымдық кезеңдермен пайдалану) арқылы өмір сүретін тетігі әрекет етті.<ref>Большевик Казахстана, 1931, №5; ТАЭИ қолжазба коры, инв. №1041, 50-п.</ref>.

«Жаңа формацияның» шаруашылық мамандары оған онша назар аударған да жоқ. Өндірісті ұйымдастырудың қалыптасқан дәстүрі, оның шоғырлану принциптерімен (сөз жоқ, ойластырылған) және аралық қашықтығымен (мекен ету ортасын тиімді пайдалану мақсатында шашыранды орналасумен) <ref>Масанов Н.Э. Проблемы социально-экономической истории Казахстана на рубеже XVIII-XIX вв., 25-95-6.</ref>. бірге, бұзылды, ол технологиясы жағынан баламалы басқа әдіспен ұштастырылмады.

Ақылсыз шешімнің сабағы

Ақылсыз шешімнің сабағы көп күттірген жоқ. Колхозды-тауарлық қожалықтарда малдың шектен тыс шоғырлануы, ал бұған керісінше мал азығының жетімсіздігі олардың қырылуына әкеп соқтырды. Дайындау науқаны арқылы жиналған малға қарайтын бақташылардың болмағандығынан және міндеттерден мал көп қырылып, жолдарда өлген қойлардың терілері тау-тау болып үйіліп қалды.

БК(б)П ОК мен ХКК-нің 1932 жылғы 6 мамырдағы қаулысында құрғақшылыққа қарамастан,астық дайындаудың 1931 жылы 1928 жылға, яғни ұжымдастыруға дейінгі жылға қарағанда жақсы өткені атап көрсетілді. Мемлекет осы жылда 600 млн пұт астық «дайындады», 1928 жылы 300 млн пұт астық «дайындаған» еді.<ref>Масанов Н.Э. Кочевая цивилизация казахов. А.-А., 1995.</ref>.

Шындығы сол, бұл арада «ұжымдастырудың» тигізген әсерін айту керек. Алайда бұл жетістік ауыл шаруашылығы өндірісінің тауарлылық серпінділігін қамтамасыз ету тұрғысынан емес, аграрлық сектордан азық-түлікті ешқандай кедергісіз және күш қолдану арқылы тартып алумен жүзеге асырылды. 1931 жылы елде барлығы 69 млн тонна дәнді дақыл жиналды, астық дайындау науқаны бойынша оның 22,8 млн тоннасын, яғни үштен бірін <ref>Коллективизация сельского хозяйства. Важнейшие постановления Коммунистической партии и Советского правительства. М., 1957, 41-6.</ref>. мемлекет алып койды. 1932 жылы КСРО бойынша астық 1930 жылмен салыстырғанда 32,8%-ға көп жиналды, осыған қарамастан астықтың жалпы түсімі 1932 жылы әлдеқайда аз болды. Бұл цифрлар бір ғана жайтты білдіреді: мемлекет шаруаларды аса ауқымды көлемде тонады. Ауыл шаруашылығын тауарландырудың тұтас сала тұрғысынан алғанда қалай көтерілгенін осыдан-ақ байқауға болады.

Тонаушылық ниеттің ұжым шарлардың қарсылығын тудырмай қоймайтыны түсінікті. Олардың басшылары ауыл шаруашылығы артельдері формасын жедел кеңейту жөніндегі шешім, ең алдымен қыстақтардағы өнімдерді индустрияландыру мұқтажына қолайлы және үзіліссіз жіберіп отыру міндетін қамтамсыз етумен айқындалатынын толық түсінбеді. Олар Отан қоймасына астық тапсыру колхоз экономикасын ұдайы ұлғайта дамыту және ауыл шаруашылығы артельдері мүшелерінің материалдық әл-ауқатын көтеру факторы, елді индустрияландыру үшін валюта алу мақсатында астық керуендерін жөнелтудін өзіндік транзиттік базасы деген ойдың қыспағынан шығып үлгермеді.

Сондықтан алғашқы кезде анғалдықпен шағым айтуға тырысқан қызметкерлер аз болған жоқ. Мысалы, Мендіқара аудандық партия комитетінің бюросы БК(б)П Өлкелік комитетінен дайындау науқаны бойынша түскен қатал тапсырмаларға ұзақ уақыт бойы келіспеді. Ал қысым күшейген кезде аудандық комитеттің хатшысы былай деді: «Енді не істейміз, бұлай болса, онда бүкіл жауапкершілікті өз мойныма аламын, колхоздарды тығырыққа тіреп күйзелтуге жеткіземіз, сосын олар жан-жаққа бытырап кететін болады». Басқа бір аудандық партия комитетінен (Қарабалық): «Күшіміз жетпейтін жоспарлар аудан экономикасын әбден титықтатты. Колхозшылар, сондай-ақ кедейлер мен орташалар өмір сүруден үміттерін үзді. Біз колхоз мүшелерін өзімізден бездіріп алдық, олар бізден кетіп жатыр» деп хабарлады.<ref>Верт Н. История советского государства. М., 1993, 181-6.</ref>.

Казолком дайындау науқанындағы террор жөніндегі сансыз дабылдарға біржақты қарады. 1931 жылғы тамызда Алматы қалалық партия активінде сөйлеген сөзінде Голощекин былай деді: «Кейбір аудандарда астықтың шығымдылығы төмен және біздегі қиындық осыдан туындап отыр. Қиындықтың сыры астық шығымдылығының төмендігінде емес, ондай жерлерде «кондратьевтік» (Н. Кондратьев — кулак өмірін жанын сала қорғағаны үшін айыпталған ғалым-экономист) көніл күй, дүрбелен, шарасыздықты тудырды. Егер аудандық атқару комитеггері, аудандық партия комитеттері, партия ұйымдары дүрбелеңге түссе, мүлдем ақылға қонбайтын «астық жем» баланстарын жасай бастаса (мамандардын жергілікті жердегі астық дайындау жоспарларының негізсіздігі туралы есептерін айтып отыр. — авт.), онда ұжымшарларды аса маңызды міндеттерді орындауға - астық дайындау жоспарын орындауға жұмылдыру қатері, сөз жоқ, іске қосылады». Одан әрі, барлық уақыттағыдай себеп пен салдардың орнын ауыстырып, Голощекин ауру бастың сақинасын сау басқа көшіріп, аудан деңгейіндегі партия жандайшаптарына: «Партия ұйымдарын дүрбелеңге салған мұндай аудандық партия комитеттерімен, мұндай хатшылармен айқасуымыз керек және мықтап, большевиктерше айқасамыз, мұндай әрбір дүрбелең салушыға социалистік құрылысқа сызатсалушы дүрбелеңші ретінде қарайтын боламыз» деп қатаң ескертті.<ref>Борьба за хлеб - борьба за социализм // Большевик Казахстана. 1931. №12, 45-6.</ref>.

«Большевикше айқасу» іле-шала колхоз басқармасы құрамының үштен бірін орнынан алуға ұласты. БК(б)П аудандық партия комитеттері хатшыларының да бірқатары қызметтен қуылды. Мысалы, хатшы етіп жіберілгендердің бірі «мен арып-жүдеген колхоз мүшелерінен мемлекетке астық дайындауға бармаймын» <ref>Голоиіекин Ф. Три актуальных задачи текущего момента // Народное хозяйство Казахстана. №8-9. 1931, 16-6.</ref>. дегені үшін сол ауданға бара жатқан жолда партия қатарынан шығарылды. Және одан да қатал қуғын-сүргін қолданылды. 1932 жылғы 14 желтоқсанда БК(б)П ОК мен ХКК «Украинада, Солтүстік Кавказ бен Батыс облыстарда астық дайындау туралы» қаулы қабылдады, онда «астық дайындаудағы ланкестердін партия билеттерін сыпырып алуға... 5—10 жылға бас бостандығынан айырып, айыптау лагерьлеріне отырғызуға, ал ерекше жағдайларда атуға» <ref>Большевик Казахстана, 1938, №1, 14-6.</ref>. қатысты жазалар қолданылатыны көрсетілді.

Жергілікті жерден түскен шағымдардың билік тарапынан «қиындыққа тізе бүккен оппортунизмнің қарсы жақты көндіру әрекеті» ретінде қарастырылатыны, теріс байламнан басқа ешқандай шара қолданылмайтыны айқындалған кезде мүмкін болған қулықтардың баршасы іске қосылды. Талға жау ету және өсірілген астықтан бір уыс болса да тұқымға қалдыру үшін ұжымшар мүшелері жолдардың, межелердің, арықтардың айналасындағы жолақтарды ормады, қырмандарды ақырына дейін тазартпады, дәнді топанға жіберді, алқаптарда масақтар қалдырды, сабанда бастырылмаған дән кетіру мақсатында әдейі бұзылған астық бастырғышты пайдаланды және т.б.<ref>Ивницкий Н.А. Коллективизация и раскулачивание, 200-6.</ref>.

Алайда біраздан соң қайтадан мемлекеттік террордың қанқұйлы тетігі іске қосылды және ол ерекше қатал шаралармен айтылғандардың жолын кесуге тиіс болды. 1932 жылғы 7 тамызда «Мемлекеттік кәсіпорындардың, колхоздар мен кооперативтердің және қоғамдық (социалистік) меншң жеңілдетілген жағдайда мүліктерін тәркілей отырып, 10 жылға түрмеге отырғызу белгіленді.<ref>Борьба за хлеб - борьба за социализм // Большевик Казахстана 1931. №12, 45-6.</ref>.

БК(б)П ОК-нің қаңтар айындағы (1933 жыл) Пленумында Әділет халық комиссары Н. Крыленко осы заң қолданысқа енгеніне бес айдын жүзі толмай жатып елде 54 645 адам сотталды, 2110 адамға ең жоғары жазаға үкім шығарылды, 1000 адамға қатысты үкім орындалды деп мәлімдеді. Ол шығарылған қаһарлы шешімге қол қоюдан шаршаған судьялардан қайсыбір «ыңғайға жығылу» көріністеріне жол бермеуді талап етті. Осы ұстанымды ұстана отырып, Жоғарғы Соттың Қазақ бөлімшесі өз соттарын: «... 1933 жылғы 5 мамыр мен 1 тамыз аралығында ату жазасына үкім шығарылғандар санының 44,5%-ға (305 адамнан 163 адамға дейін) азаюын қалыпты жағдай деуге болмайды» деп кінәлады, сол арада «атуға сотталған 163 адамның 18-і ғана таптық жат элементтер» екендігі атап өтілді (соңғы тіркеске қарап адамның әлеуметгік жағдайының оны өмірінен айыру үшін қызмет атқара алатынын ұғуға болады).

Аяусыз жазалауға болмашы ғана кінәлар да жетіп жатты. Оның мысалдарын жүздеп келтіруге болады. Сол кезеңнің сот практикасынан бірнеше сипатты мысалдар келтірейік.

Айталық, Қордай ауданының халық соты «қоғам жылқысын өзінің жеке ісіне» бір рет пайдаланғаны үшін колхоз мүшесін 10 жылға бас бостандығынан айыруға соттады, Өскемен соты келесі бір сорлыны оның баласының 6 кг тары «ұрлағаны» үшін, ал бір орташаны 17 кг астық «ұрлағаны» үшін нақ сол мерзімге соттау туралы үкім шығарды (шамасы, судьялар аталған «істерді» ірі ұрлық ретінде жіктеген болса керек, өйткені көп жағдайларда «халық» судьялары еш ойланбастан бірнеше жүз грамм үшін де соттай салады). Сталиндік халық соты (символдық тұрғыдағы) колхоз жылқысын шөмелеге құлатып, онын көзін жарақаттап алғаны, яғни бақылау жасамағаны үшін колхозшыны түрмеге айдады, тап сол сот колхоздың ыныршағы шыққан түйесін күрекпен ұрғаны үшін бір ауылдасын ГУЛ АГ-тың жан шошырлық азабын тартқызуға үкім шығарды.<ref>СЗ (собрание законов) СССР. 1932. № 62. Ст. 360.</ref>.

Ұжымдастыру қазақ ауылдарын өртше жайпап өтті. Шаруашылықтардың негізгі тобы малдарынан айырылды. Ондай деректердің дені Оңтүстік Қазақстанға тән. Айталық, Түлкібас ауданында 1934 жылдың бірінші жартысында колхоз мүшелерінің 99,8%-ының және жеке иеліктегілердің 93,4%-ының бірде бір жылқысы, 74,9 және 82,1%-ының бірде бір сиыры қалмаған, Шаян ауданында колхозшылардың әр 100 шаруашылығына тек 36 ірі қара малдан (жеке иеліктегілерге - 7), 28 жылқыдан (22), 163 қойдан (24), Созақ ауданында тиісінше 23 сиырдан (2), 29 жылқыдан (11), 444 қойдан (жеке иеліктегілерге - 89) келді.<ref>1932 жылғы 7 тамызда қабылданған занға сәйкес қолданылған жазалау шаралары жайлы мәліметтер М.Ж. Хасановтың «Орта Азия мен Қазақстан республикаларындағы ұжымдастыру тарихы туралы аймақтық конференцияда» жасаған баяндамасынан (Алматы, 1988 жыл, қараша айы) алынды.</ref>. Ұжымдастыру ауыл экономикасына ауылдың өндіргіш күштерін, сондай-ақ қызмет істейтін құрылымдарын түбірімен жоқ қылған соңғы соққы болып тиді.

Дереккөздер

Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 4-том. – Алматы: «Атамұра», 2010, 752 бет, суретті, карталы. ISBN 978-601-282-055-3, т. 4 ISBN 978-601-282-026-3

Дереккөздер

<references/>