Маусымдық жырлар

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Маусымдық жырлар. Жаз шыға жайлауға, қыс түсе қыстауға қоныс аударып жүрген көшпендi халықтар табиғат аясына етене жақын ғана емес, оның құбылмалы өзгерiстерiне тәуелдi де болған. Бiр малы екеу болып, ауыздары аққа тиетiн көктем мен жазды қаншалықты зарыға күтсе, «қылышын сүйретiп келетiн қысқа» әркез ыждаһатпен дайындалған. Қазақ даласында көктем мен күз ұзақ болмайды. Сондықтан да қазақ ұғымында алты ай қыс, алты ай жаз» деп бүкiл жылды негiзiнен екi-ақ кезеңге бөлу салты да бар. Бұл туралы 1893 жылы «Оренбургский листок» (1893 № 2 газетiнде жазылған «Қазақ балаларының ойындары» «Игры киргизских детей») атты мақалада да «Көктем мен күз» өте қысқа, сондықтан ол жөнiнде айтып жатудың қажетi жоқ», – деп атап көрсетiлген. Сондықтан да қазақ балаларының маусымдық жырларын: 1. Көктем, жаз және 2. Күз бен қыс өлеңдерi деп екiге бөлген жөн. Мұндай жiктеудi бiз В.П.Аникин еңбегiнен де көремiз. Ол орыс балаларының маусымдық жырларын «Песни зимнего цикла», «Песни весенне-летнего цикла» деп екiге бөледi. Жылды екi мезгiлге (суық-жылы) бөлу әлеуметтiк дамудың түрлi кезеңдерiнде тұрған көптеген халықтардың күнтiзбелерiнде кездеседi. Мәселен, ертедегi германдықтар мен кельттерде б.д. дейiнгi екi мың жылдың көлемiнде Солтүстiк Кавказ халықтарында осындай түсiнiк болған. Мұндай бөлу тәсiлi неолит дәуiрiндегi славяндарда да болған. Жылды бұлайша екi мезгiлге бөлу финдер мен болгарларда да, албандықтар мен гректерде де бар. С.А.Токарев жыл мезгiлдерiн екiге бөлу төрт мезгiлге бөлуге қарағанда әлдеқайда ескi, көне деген тоқтам айтады. Бұл пiкiрiн ғалым мал бағумен айналысқан Еуропаның барлық бөлiгi өздерiнiң шаруашылық күнтiзбесiн малды қыс қыстауға, жаз жайлауға көшiруге байланысты кезеңдерге ыңғайластырады деген фактiлермен дәлелдейдi. Бiздiңше, осы пiкiр қазақ халқының дәстүрлi түсiнiгiне де орайласады. Қазақтар жаңа жылды наурыз айында қарсы алады. Ол тек жаңа жылдық мереке ғана емес, көктем мерекесi де болып саналады. Осыдан басталған көктемге байланысты әдет-ғұрып салттары бiрден-бiрге жалғаса бередi. Мысалы, алғаш күн күркiрегенде, алғаш жыл құсы келгенде, алғаш бие байлап, қымыз ашытқанда түрлi ырымдар жасалады. Мiне, осындай көктем, жаз, қыс, күз құбылыстары балалар өлеңдерiнен де өз орынын тапқан. Мәселен, балалар алғаш жыл құстарын көргенде: Самалық, самалық! Көк құс көзiн ашты ма? Аяғын жерге басты ма? Самалық, самалық! Самарқанның көк тасы, Жiбiдi ме, көрдiң бе? Қап тауының көк құсы Жүгiрдi ме көрдiң бе? Самалық, самалық! – деп айғайлайтын болған. Халық арасында Қап тауының көк құсы көзiн ашып, Самарқанның көк тасы «жiбiсе» жер қарайып, жаз шығады деген ұғым бар. Балалар өлеңiнiң мазмұны осы түсiнiктен елес бередi. Немесе: Балақай-ау, балақай, Жаз келедi-ау, алақай! Жалаң аяқ жүремiз, Балақты да түремiз, Көлден балық сүземiз. Жалтылдатып тiземiз Тау мен тасты кеземiз. Сан қызықты көремiз, Сайдан жидек теремiз, Тайға мiнiп желемiз, Алтыбақан тебемiз, – деген сияқты аса көркем өлеңнен қазақ баласына жаздың қаншалықты қымбат, қаншалықты қызғылықты екенiн айқын көремiз. Қысқа ғана өлеңнен балалардың бүкiл жазғы тiрлiгiн айқын көремiз. Қысқа ғана өлеңге балалардың бүкiл жазғы тiрлiгi айқын көшiрiлген. Көктем мен жазға арналған өлеңдерi қуанышты көңiл-күй әуендерiмен ерекшеленсе, күз бен қыс туралы өлеңдерде сүреңсiз суық күндер, ауылдың сұрқай тiршiлiгi басым бейнеленедi. Қай өлеңде болмасын халық тұрмысының алуан қыры, әдет-ғұрпы, салт-санасы терең ашылады. Мысалы, Күз: Жапалақ-жапалақ қар жауар, Жамбасына мұз тоңар, Лақ-тоқты қашады, Қойшы талқан асады, – деп сипатталса, Қысты: Ботаға жабу кидiрген, Бұзауды үйге сидiрген Аяз, сенi қайтейiк, Қыздың бетiн қызартқан, Мұздың мұрнын ұзартқан, Қызыл сенi қайтейiк, – деп бедерлейдi. Маусымдық жырлардың түп негiзiне назар аударсақ, олардан халықтың өте көне түсiнiгiне негiзделген анимистiк көзқарастардың iзiн терең аңғарамыз.

Дереккөздер: Кенжехан Ісләмжанұлы. Рухани уыз.-Алматы,2008.

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}