Малдың инвазиялық аурулары

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Малдың инвазиялық ауруларыэволюциялық даму барысында жануар денесінде паразиттік тіршілік етуге бейімделген бір клеткалы организмдер мен құрттар тудыратын аурулар. Бұл аурулардың 2 тобы бар: Бірінші тобы — гельминтоздар. Оларды трематода (сорғыш құрт), цестода (таспа құрт), нематода (жұмыр құрт) кластарына жататын құрттар тудырады. Мал арасында фасциолез, дикроцелиоз, ішек цестоздары, таспа құрт дернәсілдері тудыратын аурулар жиі кездеседі. Сиырдың, қой-ешкінің, түйенің жіті және созылмалы ауруы — фасциолез республиканың барлық өңірінде таралған. Аурудан арылу үшін ит пен малды алдын ала құрттан арылтады (дегельминтизация), батпақтарды құрғатып, жайылымдарды, суаттарды, олардың маңын тазартады. Дикроцелиоз— малдың бауыры мен өт жолдарын зақымдайтын созылмалы ауру. Республиканың барлық өңірінде, әсіресе оңтүстік мен оңтүстік-шығысында жиі кездеседі. Оны тудыратын дикроцелия құрты. Малға гексихол, гексохлор-параксилол, гетолин беріп (дегельминтизация жасап), құрттан арылтуға болады. Таспа құрт дернәсілдері тудыратын аурулар — эхинококкоз, ценуроз, цистицеркоз кезінде малдың бауыры, миы, өкпесі, сірі қабықтары зақымданады. Бұл аурулардан арылу жұмысы арнайы жоспар бойынша жүргізіледі.

Ішек цестодоздарын (мониезиоз, тизаниезиоз, т.б.) тудыратын құрттар да аралық (кейбір кенелер) және тұрақты иелердің қой, сиыр) арқылы өсіп, дамиды. Қоздырғыш малдың аш ішегін зақымдап, ішін өткізеді, ауру асқынса мал өледі. Емдеу, және аурудан сақтану үшін малға тотияйын мен ас тұзының қоспасы, фенасал, т.б. дәрілер ішкізіледі. Малдың инвазиялық ауруларының екінші тобы — тейлерия, пироплазма, қан паразиттері (бабезия), кокцидия (ішек қабырғасында тіршілік ететін бір клеткалы жануарлар), саркоциста (бұлшық етте болатын паразиттер), безноития (теріні зақымдайтын паразиттер) сияқты бір клеткалы паразиттер тудыратын протозойлық аурулар. Бұлардың көпшілігі ауру малдан сау малға кене, түрлі жәндіктер арқылы жұғады. Ауру жедел түрде өтеді, негізгі белгілері — малдың дене қызуы қатты көтеріліп, лимфа бездері үлкейеді, терінің сарғаюы, жүрек пен қан тамыры, ішек-қарын қызметінің нашарлауы байқалады. Протозойлық ауруларды емдеу үшін азидин, беренил, диамидин, т.б. препараттарын егеді. Мал токсоплазмозынан, саркоспоридиоз, безноитиоз, қотыр ауруларының эпизоотологиясы мен патогенезін зерттеп, анықтау әдістерін табу ісі республикада жүйелі жолға қойылған. <ref>«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VI том</ref>

Дереккөздер

<references/> {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}