Кітапхана ғимараттары

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Кітапхана ғимараттары баспа шығармаларын қоғамдық түрде пайдалануды ұйымдастыратын мәдени-ағарту және ғыл.-қосалқы мекемелердің кітапханаларына арналады. Түрлі міндеттеріне сәйкес кітапхана ғимараттары 2 негізгі: оқырмандарға қызмет ететін және қызметтік-өндірістік бөлікке бөлінеді. Оқырмандарға қызмет көрсететін бөлмелер негізінен зал түрінде салынады. Үлкен оқырман залы көбінесе ғимарат кіндігіне орналасып, қасбет құрылымымен үйлеседі. Негізгі кітап қоймалары ғимараттың не төменгі қабаттарында, не болмаса жоғары қарай бойлаған арнаулы бөлмелерде орналасады. Қазақстан территориясында кітапханалар кітап жиынтығы ретінде 19 ғасырдан белгілі. Бұл кезеңде Семейде, Керекуде, Қарқаралыда көпшілік кітапханалары салынды. ҚазССР-інде арнаулы кітапхана ғимараттары 1930 жылдардан бастап ірге көтерді. Көлемдерінің үлкендігі, әрі архитетектуралық шешімі жағынан Алматыдағы ҚазССР А. С. Пушкин атындағы мемлекеттік кітапханасы , Жамбылдағы Шоқан Уәлиханов атындағы, Қостанай мен Целиноградтағы облыстық кітапханалар көз тартады.

Дереккөздер

↑ .Қазақ ССР 4 томдық қысқаша энциклопедия./Бас редактор Р.Н. Нұрғалиев;Алматы; Қаз.Сов. Энциклопед. Бас. редак. 1989 ISBN 5-89 800-009-7