Кампучия өнері

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Кампучия өнері. Кампучия аумағында болған ең көне мемлекет — Фунань патшалығы. Оның орталығы Оңтүстік-Шығыс Кампучияда болды. Фунань мәдениеті Кампучияның оңтүстігі арқылы батысқа, Таиланд пен Бирма жеріне тарағаны белгілі. «Вьетнам мен Лаос өнері» деген тарауда бұл жөнінде толығырақ айтылады.

VI ғасырдың орта шенінде Фунаньның орнына солтүстікке қарай, Меконг ағысының орта тұсын және қазіргі Лаостың бірқатар аудандарын мекендеген Ченла мемлекеті пайда болды. Ченла бастапқы кезде Фунаньға вассалдық тәуелдікте болуы да мүмкін. Алайда, VI ғасырдың аяқ шенінде бұл мемлекет оңтүстік аймақтарды бағындырып, Фунаньның тарихи және мәдени дамуының мұрагері болды. Фунань халқының негізін кхмерлер құрады; Ченлада кейіннен Ангкор туындыларында өзіндік шыңына жеткен кхмер халқының мәдениеті өркендеді. Фунань деген атау қытайлардан шыққанын айтқан жөн. Ол көне кхмердің кытайланылған атауына айналған «пном» (тау) деген сөзінен шыққан. Орта ғасырларда бұл мемлекет Камбоджа деп аталса, жақында, 1975 жылғы Конституция бойынша, Демократиялық Кампучия деп аталатын болды.

Фунань өнерінен көп нәрсе сақталмаған. Ченла дәуірінде VI—VII ғасырларда тұңғыш рет әйгілі камбоджалық тастан жасалған ғимараттар мен мүсіндер пайда бола бастады. Кхмер өнерінің ангкорлыққа дейінгі кезеңі деп аталған кхмер өнері дәл осы кезден өркен жаяды. Пном да мекеніндегі көне, нашар сақталған, тұрқы шағын кішкене храм базальтты тақталардан салынған. Болжам бойынша, ол —VI ғасырдың туындысы. Бұл — екі метрлік целлаға орнатылған пирамидалы мұнара. Сыртына әсемдік берерліктей безендірулер жасау жағына мән берілмеген. Храмның жоспары мен жобасы Гупттар кезеңіндегі кейбір көне үнді ғимараттарын еске түсіреді.

Мұндай мұнаралардың көпшілік бөлегін Самбор Прей Куктен кездестіруге болады. Олар мұнда кірпіштен қаланған. Ченла мемлекетінің (оның санскрит бойынша аталуы — Ишанапура) жаңа астанасындағы храмдар сыртынан кірпішке салынған бедерлі суреттермен, бейнелік әшекейлермен, мәселен, қасиетті қаздар бейнелері салынған фриздермен безендірілген. Осындай қаздар бейнесі Маурьялар дәуіріндегі Ашока капительдерінен белгілі үнділік ұлгі — хамсаларды еріксіз еске салады. IX ғасырдың аяқ шеніне қарай кхмер храмдары құрылысының сырт пішіні өзгерді. Ролуоста (Харихаралая) бұл қасиетті мұнаралар арыстан мүсіндерімен жиектелген сатылы ортақ үлкен тұғыртабанға топтастырылған. Мұнда құрылыс материалдары ретінде әдетте кірпіш пен құмтас пайдаланылған. Мұнараның кіре беріс жақтағы қабырғасы сылақпен әрленіп, әсем безендірілген. Көлденең қима-белдеулер мұнараның бойымен жоғары қарай жіңішкере түсетінін көрсетерліктей етіп, сатыланып жасалған.

Банконг храмы — сол кездегі Ролуостағы онша ескі емес, тәптәуір сақталған храм-таулардың қатарына жатады. Бұл ғимарат Ченладан кейінгі кезеңге жатқанымен, мейлінше, көне дәуірмен байланысты болғандықтан алынып отыр. Мұндай храм-таулар кхмер сәулетінің барлық кезеңдеріне тән, сонымен бірге уақыт өткен сайын храмның және оның айналасындағы қосалқы құрылыстар көлемінің ұлғая түскендігі байқалады. Храмның сыртқы үлгісі мен табанының ұзындығы 65 метрлік, бес террасаға бөлінген, құмтастан жасалған жасанды төбе құрылысы мейлінше қарапайым. VIII ғасырда Ченланың бір бөлегін явалық Шайлендрлер әулетінің билеушісі біраз уақытқа басып алған сияқты. Алайда, мұндай оқиға орын алғанымен, көне кхмер өнерінің стильдік мұраларына әсер ете қоймады. Джаяварман II патшалық құруымен кхмерлік кезең басталады да, билеушілердің ролі де өзгере бастайды. Оған жоғарыда айтылған Ролуос ғимараттары куә бола алады. Билеуші өзін Девараджа (патша-құдай) немесе «Таулар патшасы» деп атайды. Соңғы атақты фунань билеушілері де пайдаланды. Индонезияның Шайлендра әулетінің де атауы («Индра — тау әміршісі») Оңтүстік-Шығыс Азияда патшалықты құдай әміршілері тұратын әлем орталығы тәрізді құдайлар тауымен теңестіру жайлы көне ұнділік танымның өріс алғандығын көрсетеді. Патшалардың құдайға табынушылығы сонымен бірге өздерінің құдайдың ізбасарымыз деген ұғымын туғызады. Соған орай табиғи және жасанды төбелердегі «храм-таулар» идеялары одан әрі дамып, көне камбоджа әміршілерінің сакральды-символдық резиденциясына айналды.

Сурет:Буддизм 026.jpg
Шива мен Парвати

Осындай танымдар Ертедегі Шығыста біздің дәуірімізге дейінгі III мыңжылдықтарда-ақ белгілі болды. Бұл жөнінде Ертедегі Месопотамиядағы зиккураттарды еске алсақ та жеткілікті.

Кхмер өнері кезеңінде, өкімет басына Джаяварман II (802—805) келуіне орай, Ангкор маңындағы таудың атымен аталатын кулен стилі басымдық алды. Оның ұшар басына , Шива құдайдың фаллос түріндегі белгісі салынды.

Лингаға табыну брахмандардың көмегімен үнділік үлгі бойынша енгізілді. Осыған байланысты кхмерлер өздерінің бұрынғы буддизмге ортақтас діні индуизмді жетекші дін дәрежесіне көтерді. Ченла кезеңіне (VI—VIII ғғ.) үнді құдайларын бейнелейтін кісі бойындай құмтастан құйылған бірқатар мүсіндер жатады. (Олардың кейбіреулерінің бұдан кейін, IX ғасырларда жасалғандығын білдіретін жазулары бар.) Осы мүсіндер арасында Вишну құдай мен Харихараның (Вишну мен Шиваның бөліктерінен құралған), әйел құдай Лакшмидің, сондай-ақ Вишнудің және бір бейнесі ретінде алынған, Үндістандағы сүйкімді құдай Кришнаның мұсіндері бар. Сонымен бірге олардың қатарына индуистік құдайлар мен қатар құмтастан құйылған түрегеп тұрған және отырған Будда мүсіндері де кіреді. Адам бейнесінің образдық-пластикалық шешімі Гупттар дәуіріндегі үнді стиліне ұқсас. Бірақ ұнділік нұсқаларға қарағанда камбоджалық мүсіндердің айқын байқалатын өзіндік айырмашылықтары бар. Мүсіндерді жақындап келіп, мұқият қарағанда олардың шын мәнісіндегі дөңгелек мүсіндер емес екендігі, қашалып жасалған тас блоктардың қырлары байқалады. Бұл, әсіресе, мүсіндерді алдынан қарағанда жақсы байқалады. Үнділік мүсіндерге қарағанда жергілікті этникалық топтарға жататын адамдардың бейнелері мүлде өзгеше, атап айтқанда, оларда өзіндік ерекшеліктері бар адам көздері, дүрдиген, қалың еріндері айқын да әрлі берілген. Адам денесі де мәнерлі бейнеленген. Мұнда адамның шын бейнесін дәл көрсету оншалық маңызды емес, мәселе оның көлемін, ішкі сезімін көрсете білуде жатыр.

Басқа материалдардан, мәселен, осы кездерде қоладан жасалған Майтрейя бодхисаттвасы бұл мүсіндерден басқаша. Бұлардың нәзік денелерінде үнділік белгілері бар. Олар Оңтүстік Үндістанның шығыс жағалауындағы Паллавтар кезеңіндегі солармен тұстас өнерге жақын. Бұл кезеңде мұндай ұқсастық кейде басым түсіп жатады. Сондықтан да осы кездегі сәулеттегі, басқа да көптеген бедерлі әшекейлердегі ұқсастық та тегін емес. Сол кездегі осы қуатты үнді мемлекеті мен алыстағы Камбоджа арасында сауда сияқты басқа да салалардағы тікелей қарым-қатынастардың болуы әбден мүмкін. Бұл екі ел арасында соғыс жанжалдары болған емес.

Фунаньға қарағанда кхмер патшалығының айырмашылығы — ол теңіз мемлекеті болған жоқ. Кхмер патшаларының маңызды міндеттерінің бірі суландыру жүйелерін салып, соларды күту болды. Тек орталықтандырылған күшті мемлекеттер ғана үлкен су қоймалары мен көптеген каналдар салу жүмыстарын жүрғізіп, оны қаржыландырып және бақылап отыра алады. Кулен кезеңінде Кулен тауының маңында шағын кұрылыстар пайда болды. Олар Тьямпа және Ява мемлекеттерінің мәдени әсерін күшейткен тьямдар салған құрылыстар болуы керек.

Туындыларын Ролуосте кездестірген Преах Ко кезеңі (X ғасырдың бірінші жартысы) деп аталатын келесі кезеңде сол кездегі астананың айналасында үлкен суландыру құрылыстары салынған. Солардың бірі — ұзындығы 3800 метр, ені 800 метр Лолей жасанды көлі. Бұл көл Ролуос тұрғындары қорек ететін күріштік алқаптарды суландыруға қызмет еткен. Осы жерде қазылған каналдар храмдық платформалар құрылысын салуда жол қатынасы ретінде де пайдаланылған. Индраварманның ұлы әрі мұрагері Яшовармен I (889—900) бұдан да үлкен, ұзындығы жеті шақырым, ені сегіз жүз метр су қоймасын салғызған. Ол астанасы Ролуостан Яшодхарапураға (Ангкор) көшірген. Оның әмірі бойынша, сол кездегі діни орталық Пном Бакхенганы, бес мұнарадан тұратын храм-тауды айналдыра алты шақырымдық канал салынған. Бұл құрылыстың сәулеті осыдан жүз жыл бұрын салынған явалық сәулет өнерінің ең ірі туындысы — Боробудурды еріксіз еске салады. Бұл кезеңдегі стиль бакхенгтік деген ат алды. Енді ғимараттар кірпіштен емес, көлемі жағынан кейініректегідей аса үлкен болмағанмен, сол кездегі кхмерлердің өзіндік, ангкор стиліне тән тастан салынатын болды. 921 жылы Кох Кер деген жерде Яшоварман I інісі Яшодхарапуру терістікке қарай жетпіс шақырым жерден жаңа астана салды. Ол ешкімге де тәуелсіз әмірші болып, өзін Джаяварман IV (921—941) деп атады. Осы жерде Кох Кер деп аталатын жаңа стиль де пайда болды. Оған алып ғимараттар мен ерекше еркіндікте жасалған мүсіндік формалар тән болды. Раджендраварман II (944—968) кезінде бұл стиль Ангкордағы құрылысқа әсер етіп, жаңа патша салдырған Шығыс Мебон мен Пре Рупа ірі құрылыстары мен храмтауында көрініс тапқан.

Кхмер өнерінің шын мәнісіндегі інжу-маржаны X ғасыр соңында Ангкордың солтүстік-шығысынан жиырма шақырым жерде салынған, бай да әсем мүсіндермен безендірілген Бантеай Срей храмы болып саналады. Ол патша әмірімен, брахман Яджнаварахидің бастамасы бойынша салынған. Бұл сәулет комплексінің негізгі бөлегі әр түрлі құрылыстармен айнала қоршалған ұш мұнара-храмнан тұрады. Ал әр түрлі құрылыстардың бір бөлегі кітапхана деп саналған. Қызғылт құмдауыттан салынған Бантеай Срей өте жақсы сақталған (аса ықтияттылықпен жүргізілген реставрациялық жұмыстардың арқасында) және сол кездегі кхмерлік құрылыстар қатарында өзінің әдемілігімен ерекшелене түседі.

Бантеай Срейде құдайлар мен киелі жануарларды бейнелейтін жекелеген мүсіндермен бірге көп бейнелі сюжетті, бедерлі суреттер де көз тартады. Іс-қимыл үстінде бейнеленген кейіпкерлер, табиғат өсімдіктері арасында айрықша әсер береді.

Ғимараттың бір-біріне сай мөлшерлері арқасында олардың кесек ірілігі де онша байқала бермейді. Сыртқы қабырғалардағы бедерлі суреттер ертегідегідей көз жауын алады, олар эр түрлі өсімдік өрнектерімен өзара әсем үйлесім тауып безенген ұзынша және көлбеу панельдерге өрлей жайылған. Осы ғимараттардың әрбір бөлігін көркемдік сапасы, техникалық орындалуы жағынан сараптар болсақ, кхмер шеберлерінің тамаша жетістігі деп бағалауға болады.

Көп ұзамай тақты кхмер патшалығы билігін Таиланд пен Лаос жерінег таратқан тым жылпос, шенқұмар Сурьяварман I басып алды. Мон өнерінің Лопбури деп аталатын стилімен жанасуы өзара ықпал етуші сипат алды. Кхмерлік әсер, әсіресе, тай мүсіндерінде басым көрінді. Тайлардың ертедегі бейнелеу өнері шығармаларын кхмерліктердікінен айыру қиынға түседі. Лопбуриде бұрынғы индуист патшалардың орнына махаяна буддизмін қолдаушы, кхмер патшасы Сурьяварман I әмірі жүретін болды. Құдай-патшаның саяси биліктегі индуистік концепциясына халық қарсы еді, оны қолдай қоймады. Тек кхмерлік биліктің соңына қарай буддизм ықпалы қайыра қанат жая бастады. Және ол, тіпті, қаталырақ оңтүстік тхверавада мектебі еді. Ал бұған дейінгі махаяна ықпалы жоққа айналып, басқару ісі халыққа жайлырақ бола түсті.

Ангкорда шамамен 1000 жылдары өнердің соңғы үлы даму кезеңі — сәулет өнерінің маңызды шығармаларын берген Бапхуон, Ангкор және Байон стильдері деп аталатын фазалармен сипатталатын кезең басталады. Бұл кезең Ангкор империясы өзінің құдай-патшаға табыну билік жүргізген дәуірдегі кхмер өнерімен бірге құлдыраған XIV ғасырға дейін жалғасты. Кхмер сәулет және мүсін өнерінің шын мәнісіндегі классикалық кезеңі екі жүз жылға созылды. Осы уақыт ішінде туындаған ғажайып шығармалар өзінің көлемі жағынан және іс жүзінде теңдесі жоқ әйгілілігімен Ангкорға даңқ әкелді.

Удайядитьяварман II (1050—1066) кезінде салынған Бапхуон храмтауы, өкінішке орай, өте нашар сақталған. Ал мұндай көлемді бұған дейін ешкім көріп-білмеген еді. Оның жоғарғы террасасының биіктігі 25 метрге жетеді. Ең биік мұнаралардың алғашқыдағы биіктігі 54 метрге жуық болған. Негізінен, Кришна құдайдың өмірін бейнелеуге арналған әсем, бай композициялы, бедерлі суреттер стильдік жағынан Бантеай Срейдегі бедерлі суреттерге сәйкес. Бапхуонмен бір уақытта дерлік ұзындығы 8 және ені 2,8 километрлік Батыс Барай деп аталатын ұлкен жасанды көл жасалған.

Тьям әскерлерінің Самбор Прей Кук ауданына дейін басып кіруі де осы кездерде болған.

1080 жылы үкімет басына өзін Джаяварман патшамын деп жариялаған провинциялар бірінің губернаторы келіп, өзінің жаңа әулетін бастады. Ол негізінен Камбоджаның солтүстігінде және Ангкорда емес, қазіргі Лаос территориясында құрылыс жұмыстарын жүргізе бастады. Оның мұрагері Сурьяварман II (1113—1150) 1145 жылы Тьямпаны басып алды. Оның әскерлері қазіргі Вьетнамның солтүстігіндегі Дайвьетаға және оңтүстік-батыста Малакка түбегіне дейін жетті. 1122 жылы ол Ангор Ват құрылысын бастауға жарлық береді. 1149 жылы Тьямпа өз тәуелсіздігін қалпына келтіреді. Ал 1150 жылы Дайвьетпен болған сәтсіз соғыста Сурьяварман II өледі. Алғашында талай жеңістерге ие болып, одан кейін сәтсіздіктерге ұшыраған бұл әмірші Ангкор Ват храмын салғызып, өзінің артында өшпес із қалдырды. Ангкор Ват классикалық жетілген кхмер өнерінің ұзақ жылғы дамудағы жетістіктерінің бәрін де бойына жиған. Қабырғалармен қоршалған, дәстүрлерге орай көп сатылы жасанды тауда бес храм-мұнара тұр. Жалпы жоспардан көп алыста, ішінде храмның өзі бар қосалқы ғимараттар мен берік құрылыстар орналасқан. Көлемі 1500X1300 метрлік төрт бұрышты жерді алып жатыр. Айналдыра ені екі жүз метрлік канал қазылған. Батыстан тоған арқылы шығатын қақпаға қарай ұзындығы 220 метрлік жол тартылған. Қақпаның артында аумағы 800Х1025 метр жерді алып жатқан храм бар. Жолдың екі жағын бойлай нагтар мен арыстандар бейнелері орнатылған. Храмның бірінші террасасының көлемі 197X215 метр, екінші терраса сияқты ол да әсем безендірілген галереялармен қоршалған. Үшінші террасада биіктігі 65 метр орталық мұнара бой көтерген. Мұнараны айнала 60 метрлік шаршы галерея қоршалған, оның ішінде галереялармен қоршалған төрт төртбұрышты аула бар. Ангкор Ватты салуға көне мысыр мұнарасы Хефренді салуға кеткендей тас жұмсалды деп есептелінеді. Егер Ангкор Ватқа жұмсалған осыншама тас тегістеліп қашалғанын, өнер туындыларымен әрленгенін ескерсек, әрі ол бір ғана патшаның тұсында орындалған болса, оған қаншама еңбек сіңіргені таң қаларлық дәрежеде болмақ.

Мүсіншілер атқарған бүкіл жұмыс көлемін көз алдыңа елестету де оңай емес. Бірінші террасаның бір галереясының өзінде биіктігі екі метр, ұзындығы бір шақырымға жететін бедерлі суреттер жасалған.

Мүсіндік жұмыстардың жалпы көлемі екі мың шаршы метр шамасындай, ал мұндай көлемді жұмыс әлемде жоқ та шығар. Тіпті, мұндағы әрбір мүсіннің өзі өз алдына дерлік творчестволық жетістік! Сюжеттер негізінен ұлы үнді поэмалары «Махабхарата» мен «Рамаянадан» алынған. Галереялардың кеңдігі сондай, оның ортасын бойлай жүрген көрермен жан-жағындағы бейнелеу өнерінің жеке туындыларын тұтас көріп қана қоймай, олардың асқан көркемдікпен жоспарланып, дәл есептелгенін қызықтауына да мүмкіндігі мол. Бедерлі суреттер біркелкі тегіс, әйткенмен ондағы бейнелердің мейлінше айқын әрі тығыз орналасуы себепті көрініс тереңдей түседі. Бедерлі суреттер әуел баста боялып, алтынмен апталған, ал бұл жай оның әсемдігін ерекше әрлей түскен. Әсіресе, Ангкор Ват мүсіндерінің арасынан толып жатқан апсаралардың — үнді аңызы бойынша аспан бишілері Индраның бейнелері ерекше көз тартады. Сырттай қарағанда негізгі кейіптері бір сияқты болғанымен, оның жеке ерекшеліктерінде бірін-бірі қайталау жок; ол Ангкор Ват қабырғаларында мыңдаған осындай апсаралар бейнеленген. Езуіне күлкі үйірілген, соншалықты жарқын бейнелер көрермендерге де ерекше сезім туғызады. Ангкор Ваттың бедерлі суреттерін көбінесе кескіндемемен, атап айтқанда, итальяндық Ренессанстың қабырғалық әйгілі суреттерімен салыстырады. Кхмерлік храмдар қабырғалары кескіндемемен де әшекейленгенімен, олардың да Ангкор Ват стиліндегі көптеген негізінен ірі мүсіндер сияқты біздің заманымызға дейін сақтала қоймағаны мәлім. Ал сақталғандарының дәрежесі сол кездегі бедерлі суреттерден төмен жатыр. Дегенмен, Ангкор Ватта алғашқы кездерде әсем безендірген дөңгеленген мүсіндер әйгілі туындылардың қатарына жатады. Ангкор Ват, негізінен алғанда, Камбоджа өнерін жоғары көтереді. Әлемде осындағыдай өзінің әсем байлығымен, жоғары сапалылығымен, көркемдік композициясының тартымдылығымен көзге түсетін басқалай шығарма жоқ деп айтуға әбден болады. Детальдарының көркемдік дәлдігі монументтік тұтастығына бір де қайшы келмейді. Қабырғалық бедерлі суреттер сәулетпен тығыз байланыста, тіпті, оның қырлы сымбатының өзі кескіндемелік, әсем гүлді әшекейлер ретінде пайдаланылады. Ангкор Ваттың мазмұны, стильдік бірлігі мен ұлылығы көркем бейнелік формаларда сол кездегі камбоджалық билеушілердің құдіреттілігі жайлы әсерлі ұғымдарды орнықтыруға көмектесті.

Сурьяварман II әмірімен Ангкордан тысқары жерлерде де аз ғимарат салынған жоқ. Мәселен, Ангкордың шығысына қарай қырық шақырым жердегі Бенг Меалеа храмын алайық. Онда тек индуистік қана емес, буддалық мазмұндағы бейнелер де кездеседі. Буддизм, сонымен бірге буддалық тақырыптар кейінгі кезеңдерде де өнерден кең орын алады. Ангкор Ват кхмер өнерінің жоғары жетістігі болумен бірге индуистік басым бағыттағы өнердің де соңғы кезеңі болды. Сөйтіп Ангкор Ват бұл өнердің көп жылғы дамуын аяқтаған, сонымен бірге енді қайтып қол жетпеген ең жоғары сатысы болды.

Сурьяварман II мұрагері оның немере інісі, Ангкордың буддалық билеушісі Дхараниндраварман II болды. Оның өлімінен кейін XII ғасырдың орта тұсында бұл жерді саяси дағдарыстар билеп алды. 1177 жылы үлкен флоты Меконгтен Ангкорға қарай жоғары өрлеп жеткен тьямдар шабуыл жасады. Қала толығымен тонауға ұшырады. Соның салдарынан қаншалықты өнер туындыларының құрып кеткенін айтып жеткізу қиын.

Елдің құтқарушысы Джаяварман VII болды. Ол елге басып кірген тьямдарды қуып шықты. Ірі соғыс қимылдары арқылы ол Тьямпаны қосып алып, Лаостың солтүстігіне, Вьентьян облысына дейін барады да, Тяо-Прайи алқабының бір бөлігін және Малакка түбегін басып алады. Махаяна буддизмінің қолдаушысы болған ол, алайда, «Құдай патшалығы» туралы ескі кхмерлік танымды ұстанды; бұл кезеңдегі өнер үшін ең басты индуистік нышандар да тән болды.

Джаяварман VII Ангкорды қалпына келтіруге көп күш салды. Оның әмірі бойынша көптеген монументтер Ангкордан тысқары жерлерде де орнатылды. Реставрациядан өткен Жаңа Ангкор, оны қазірде де солай атайды, Удайядитьяварман кезіндегі Ангкор Том жоспарынан өзгерген жоқ, ұзындығы төрт шақырым, ені бір шақырым жасанды су қоймасының есебінен кеңи түсті. Мықты, берік қала қабырғалары турғызылды, оның төрт жағынан қақпалар орнатылды, ал шығыс жақ қабырғадан тағы да қосымша бесінші қақпа жасалды. Ангкор Томның ішіндегі басты құрылыстар болып Байон ғимараты мен оның солтүстігіне қарай Джаяварман сарайы салынды. Патша өз тұсында салынған ғимараттардың каналдармен көмкерілген мұнаралармен, террасалармен безендірілген көшелермен қосуға жарлық берді, сол арқылы мұндағы ғимараттар биігіректегі сараймен бір биіктікте тұрғандай болып көрінеді. Солардың ішіндегі ең әйгілілері — Піл террасасы мен Алапес патшаның террасасы деп аталатындар. Бұлардың кейінгісінің осылай аталуы сонда табылған мүсіншеге байланысты болса керек. Бұл ретте әкесінің өлімінен кейін Джаяварманның оның тағына бірден отыруына кедергі жасаған кеселмен ауырғаны да себеп болуы мүмкін.

Байон храм-тауын айнала қоршай салынған алыптардың, аспан мен жер асты құдайларының, сондай-ақ нагтардың бейнелерімен көмкеріле безендірілген көшелері бар қала космос құрылымын паш етіп тұрғандай. Оған мұндағы: «Бұл патша (Джаяварман) дүниеге универсум әкелу үшін қымбат дүние-мүлкі, әсем безендірілген сарайы бар қаламен (Ангкор Том) некелескен» деген жазу да куә.

Ангкор Том орталығындағы Байон — аса үлкен, бірақ Ангкор Ватқа қарағанда кішіректеу храм-тау. Оның көлемінің үлкендігін қоршап тұрған ұзындығы 160, ені 140 метрлік галереялар аңғартады. Оның өне бойы халық өмірінен алынған көріністерді мәнерлемей, шынайы бейнелейтін бедерлі суреттермен әшекейленген. Оның көп көріністері Камбоджа өмірінен алынған, адамдардың, аңдар мен өсімдіктердің бейнелері бірін-бірі алмастырып отырады. Бедерлі суреттердің жалпы сипаты эпикалық тұрғыда, шыншыл детальдарға да бай. Халық өмірінен басқа мұнда тарихи оқиғалар да, мәселен, патша өмірі және оның тьямдарға қарсы жорығы бейнеленген. Бейнелі трактовкада суретшілер өздерін бұрын болмаған дәрежеде еркін ұстағандары байқалады, Джаяварман өзінің істерін ғана жария етумен тынып қалмай, сол кездердегі ең тамаша дөңгелек мүсіндер қатарынан орын алатын портреттер де салғызғанын айта кеткен жөн.

Ангкорға келген әрбір адам Байонның әрқайсысына төрт-төрттен адам бет пішіні ойылып салынған елу төрт мұнарасының қайталанбас ерекшеліктеріне еріксіз назар аударады. Байонға еліктеу нәтижесінде, кейініректе қала қабырғаларының бес қақпасына да төрт-төрттен адам кескіні бейнеленген. Байон мұнараларындағы әрбір адам кескінінің биіктігі екі метрге жуық. Мазмұнына қарай олар көп мағыналы әрі діни шыдамды дәріптейді. Мүмкін мұнда Джаяварман ерекше құрметтеген Локешвараға, бодхисаттваға құрмет білдірілетін болар. Бұл орайда,,Шива құдайдың бай бейнесі салынған мукхалингесі бар шивалық үлгілер жайлы да сөз ете кетуіміз керек.

Жоғарыда айтылғандай, Джаяварман буддист, махаянаны қолдаушы және өзіне Буддадан да жақынырақ, әлем мырзасы Локешвараға бас июші. Осы кездерде көптеген Будда бейнелері жасалды. Алайда, оларға өзіндік синкретизм тән. Буддалық мазмұн индуизм белгілерімен астасып жатады. Камбоджада кейіннен елдің басты дініне айналған, куні бұгінге дейін солай болып келе жатқан тхверавада буддизмі осы кезде тарай бастаған болуы мүмкін.

Джаяварманның өлімінен кейін Камбоджада Байонмен теңдес келетін бірде-бір ғимарат салынбады. Суландыру жүйесі мүлдем құлдырап кетті, көне храмдарды біртіндеп адам аяғы өтпес тоғайлар басып кетті. Санскрит XIV ғасырдың бас кезінде пайдаланудан қалып, оның орнын буддизмнің тхеравадалық оңтүстік мектебінің тілі — пали басты. Бір ғана XIV ғасырдың өзінде Камбоджаның батыс көршілестері тайлықтар үш рет жойқын шабуыл жасады. Мұның өзі өнер туындыларының тағы да қирауына, тоналуына әкеп соқты.

Мүсін өнерінде тастың орнын ағаш басты. Камбоджа өнерінің бұл кезеңі тайлықтардың ықпалына душар болды. Астана батыстағы кхмер жерінен, Ангкор маңынан Пномпеньге көшірілді.

Көне өнер орындары жыныс-тоғайдан арылтылып, қайыра ашылды. Бұл жұмысты жаңа кезеңде негізінен француз зерттеушілері жүзеге асырды.<ref>Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия өнері.— Алматы: Өнер, 1990. ISBN 5-89840-221-7</ref>

Дереккөздер

<references/>