Инемен емдеу

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Инемен Емдеу, акупунктура (лат. acus – ине және punctura – егу), чжень-цзю терапия, игнипунктура (лат. іgnus – от) – дененің жұмсақ тіндерінің белгілі бір нүктелеріне арнайы жасалған инелерді шаншу арқылы емдеу әдісі. Инемен емдеудің шығу тарихы Қытай, Корея, Жапония елдеріндегі ежелгі (дәстүрлі) медицинаның дамуымен тікелей байланысты. Акупунктураның перифериялық механизмдерін зерттеуде аса қиыншылықтар бар, ол “акупунктура нүктесі” түсінігінің өзінде нақты қабылданған дефинициясының (анықтамасы, түсіндірмесі) жоқтығы. Қытай медицинасында әсер ету нүктесі немесе акупунктуралық нүкте кун-сюэ терминімен анықталады, сөзбе-сөз аударғанда: кун – саңылау, сюэ – ін, үңгір, яғни рухани үңгір деген мағынаны білдіреді.