Ибраhим
Ибраhим, Ыбырайым, Авраам – пайғамбар, Құран Кәрім кейіпкері. Ең көп тараған есімі – Халил Алла (“Алланың досы”), оны Имам, Сыдық, Ханиф деп те атайды.
Құран Кәрімде Ибраһимнің өмірі мен қызметі туралы бірнеше рет егжей-тегжейлі баяндалған. Ол жастайынан-ақ өзінің тайпаластары мен әкесі Азар табынған пұтқа сенудің мәнсіздігін түсінеді. Ибраhим әуелі Күнге, Айға, Жұлдыздарға сенеді, сонан соң бір Аллаға деген сезімі оянады. Ибраhим өзінің сезімін әкесіне және халқына түсіндіре алмайды; сонан соң қасиетті орындарға кіріп, бірнеше пұтты зақымдайды да, келгендерге мұны ең басты пұт жасады дейді. Олардың өз сөзіне сенімсіздігін пұтқа сенімдерінің жалғандығынан деп түсіндіреді, бірақ Ибраhимның уағызын олар түсінбейді. Ибраhимді патшаларына алып барады, ол Ибраhимды өртеп жіберуге бұйырады. Алайда Алла өзінің пайғамбарын, оған сенген Лұтпен бірге құтқарып қалып, Палестинаға апарып қоныстандырады. Бірде Ибраhимге Лұт орныққан қаланың опасыз тұрғындарын жазалауға бара жатқан періштелер келеді. Олар Ибраhимге өзінің және әйелінің қартайғанына қарамастан ұлды болатынын хабарлайды. Ибраhим өзінің ұлы Исмаилмен бірге Меккедегі әл-Қағбаны салады. Ибраhим Алладан өзінің өліге жан бітіретін қасиетін көрсетуді сұрайды. Оған төрт құстың қалдығын төрт тауға апарып қою тапсырылады. Алла тағала шақырғанда әлгі төрт құсқа жан бітіп, ұшып келеді. Алла тағала Ибраhимді әр кез жебеп-желеп отырады, оның ұрпақтары арасынан бірнеше пайғамбар шыққан. Құран Кәрімнен кейін шыққан аңыздарда Ибраhимнің көп саяхаттағандығы, Мысырда да болғандығы, сонда перғауын оның әйелі Сараны тартып алмақ болғанда, Алланың құтқарып қалғандығы айтылады.
Ибраhимді Арабиямен байланыстырған аңыздар да көп тараған. Негізгі арқауы – оның арабтар мен еврейлердің атасы екендігі. Сара оның күңі Хаджарды (Ажарды) баласы Исмаилмен (Ысмайылмен) бірге қуып жіберген соң, Ибраhим оларды Меккеге әкеліп қоныстандырады. Өзі де жиі келіп тұрады. Бір келген сапарында ол Исмаилмен бірге тасқын қиратқан әл-Қағбаны қалпына келтіреді. Меккенің жанында Ибраhим өзінің ұлын құрбандыққа шалмақ болады. Бірақ Құран Кәрімде ұлының аты аталмайды, аңыздарда Исмаил делінеді. Алла Ибраhимнің ниетіне риза болып, ұлының орнына құрбандыққа шалуға көктен тоқты түсіреді. Содан бері Алла жолына құрбандыққа қой шалу дәстүрі орныққан. Құранда баяндалатын бұл оқиғалар (14-сүре, 41-аят; 37-сүре, 41-аят) Тауратта да кездеседі (Быт: 1-12, 22:2-12). Құран Кәрімдегі Ибраhимнің Таураттағы Авраамнан айырмашылығы – ол ұлын құрбандыққа шалу туралы Алланың бұйрығын түсінде көреді. Сондай-ақ, Тауратта ұлының аты айтылады, Құранда тұспалданады. Сонымен қатар, Құдайдың бұйрығын алған Авраам ұлы Исаакты оған ескертпестен құрбандыққа шалуға ниеттенсе, Құрандағы Ибраhим әуелі күдік келтіреді, алайда баласы Алланың бұйрығын ойланбастан орындау қажеттігін айтады. Барлық құрбандыққа шалу процесі Тауратта толық баяндалса, Құран Кәрімде оған аса назар аударылмаған. Ислам дінінде Қағбаға тәжім ету ғана емес, қажылықтың барлық рәсімі Ибраhим есімімен байланысты. Мысалы, Хаджардың сәбиі Исмаилға су іздеп ас-Сафа мен әл-Маруа төбелері арасын кезуі, Зәмзәм суын табуы, Ибраhимнің әл-Қағбаны қайта қалпына келтіруі, шайтанмен айқасы, құрбандыққа ұлының орнына тоқты союы т.б.
Аңыз бойынша, Ибраhим зираты Палестинадағы әл-Халилде делінеді. Қабірдің маңайы мұсылмандар ерекше құрмет тұтатын “киелі орын” болып саналады.
Сілтемелер
- «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IV том