Затаевичтің корреспонденттері

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Затаевичтің корреспонденттері – этнограф әрі музыка зерттеушісі А.В. Затаевичке қазақ музыкасының ел арасына кең тараған әсем де әуезді үлгілерін айтып, орындап беруші халық өнерпаздарының әнші-күйші, домбырашы, қобызшы және сыбызғышылар тобының ғылымдағы атауы.


“Қазақ халқының 1000 әні” мен “Қазақтың 500 ән-күйі” музыкалық-этнографиялық жинақтарындағы “Затаевичтің корреспонденттерінің” саны 500-ден асады. Олар – Қазақстанның барлық аймағының, атап айтқанда, Орынбор, Қостанай, Ақмола, Орал, Ақтөбе, Семей, Торғай, Түркістан аймақтарының тұрғындары.

Затаевичтің жинақтары

Затаевичтің 20 ғ-дың 20-жылдарындағы экспедициялық сапарлары кезінде оған халық ән-күйлерін орындап берушілер құрамы жас жағынан да, атқаратын қызметі жағынан да сан алуан болған. Мысалы, сол кездегі Қарқаралы уезінен Назымбек Майшекин (8 жаста), Семейден Молдай Төлебаев (14 жаста), Орынбордағы қазақ үлгілі мектебінің оқушысы Шәріп Медетов (13 жаста), Орынбордағы қазақ балалары коммунасында тәрбиеленген панасыз қыз Күлсім Меңдешова (12 жаста) мен Отар Мырзалин (12 жаста) сияқты қаршадай балалар мен қыздар Затаевичке ән-күйлер жаздырған. Затаевич осы жұмысы барысында қазақ халқының белгілі тұлғаларымен де, өнер иелерімен де, қарапайым ел адамдарымен де жүздесіп, олардың аузынан көптеген ән-күйлерді жазып алған. Олардың қатарында Қ.Сәтбаев, С.Сәдуақасов, Б.Қаратаев, Г.Мурзин, Қ.Айнабеков, М.Сералин, Б.Күлеев, С.Есова, М.Саматов, А.Оразбаева, О.Жандосов, М.Қойайдаров, т.б. есімдерін атауға болады. Осының өзі Затаевичтің жинақтарына енген халық ән-күйлерінің кездейсоқ кісілерден емес, ұлт жанашырларынан, қазақ мәдениетінің көрнекті тұлғаларынан жазылып алынғанын байқатады. Халық музыкасының жанашыры ретінде Затаевич қазақ даласын жаяу жүріп аралап, әр аймаққа тән ән-күйлерді сол жерлердің тұрғылықты иелерінің де аузынан жазып алған. Бұл ретте оған қол ұшын берген талант иелерінің бір шоғыры мыналар: И.Абдыханов, Б.Алманов, А.Бегішев, К.Бүркітов, Ф.Ғалиев, Е. Жұмағалиев, М.Жылқайдаров, С.Қалжанов, З.Кәрібаев, М.Қаратаев, Ә.Құрманов, А.Құлымбетов, Н.Манаев, Р.Мақатов, А.Молдыбаев, А.Наурызбаев, С.Найманбаев, Х.Нукин, Ә.Сәрсенбаев, И.Сабиров, Ә.Өтекин, К.Уразалиев, Н.Шанғалиева, т.б. Затаевич назарын “Қобыланды”, “Көрұғлы” секілді музыкалық шығарма үлгілері аударса да, оған қазақ халқының муз.-эпикалық дәстүрі, әсіресе, Сыр бойы мен Атырау өлкесіне тән жыраулық өнер үлгілері ұшыраса қоймаған. мысалы, Сыр бойында 20 ғ-дың 20-жылдары атағы шыққан Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Даңмұрын, т.б. жыр-термелерін Затаевичке жеткізген бірде-бір корреспондент болмаған. Затаевичтің өзі де, көбінесе, әншілік және күйшілік мұрамен ғана шектелген секілді. “Затаевичтің корреспонденттерінің” жеткізген мәліметтерінен халық ән-күйлерінің тууы, авторы, орындалу ерекшеліктері туралы да мағлұматтар табуға болады. “Затаевичтің корреспонденттерінің” негізгі бір тобы – бүкіл өмірін әнші-күйшілік, орындаушылық өнерге арнаған қазақ халқының кәсіби әнші-күйші орындаушылары (Әміре Қашаубаев, Ғ.Айтбаев, Ш.Қаратаев, Қ.Лекеров, Н.Бөкейханов пен М.Бөкейханов, Қ.Байжанов, Майра Шамсутдинова, Қ.Медетов, Сейтек Оразалин, Ғ.Мұхитов, т.б.) болған еді.

Затаевич этнограф ретінде

Затаевичтің этнограф ретіндегі ерекшелігі – жоғарыда аталған әнші-күйшілерге жай ғана орындаушы деп немқұрайлы қарамайды. Әрбір әншінің, күйшінің орындаушылық өнердегі ерекшелігіне, суреткерлігіне тәнті болады, әрбір орындаушыны кәсіби зерттеушінің көзқарасымен әділ бағалай отырып, оның өнердегі ерекшелігін дәлме-дәл суреттейді, қазақтың әнші-күйшілік дәстүрінен мол хабар береді. мысалы, ол М.Бөкейханов туралы “Қазақтың 500 ән-күйінде” “... асқан өнерпаз домбырашы, даңқы Бөкей даласына тараған, 1922 ж. қайтыс болған Мақар Жапаровтың ең дарынды шәкірттерінің бірінен саналады” (129-б.) – десе, Н.Бөкейханов туралы “...Егер Махамбеттің табиғи шабытына байланысты оның домбырашылық өнерінде асқақ пафос, тіпті күйгелектік байқалса, Науша, көбінесе, тыңдаушысын қазақ өмірінің қоңыржай поэзиясын ерекше жұмсақ, жайбарақат ғашықтықпен бейнелеуі арқылы таңдандырады” деп жазды (бұл да сонда, 253-б.). Затаевичтің Әміре Қашаубаев пен Майраның орындаушылық өнеріне байланысты ой тұжырымы мен пайымдаулары, музыкалық мінездемелері өнердің осы екі ірі өкілдері туралы күні бүгінге дейін аса қажетті материал болып табылады. Майраның өнерпаздығын Затаевич басқа әнші-орындаушылардың қайсысынан да үздік бағалайды, арнаулы музыкалық мектептен өтпесе де, Майра өзінің табиғи талантымен әншілік өнерді кәсіби дәрежеде толық меңгерген дарын иесі екеніне ерекше назар аударады.

Затаевич Жанкелдин туралы “қазақ интеллигенті – Торғай өлкесінің ескілікті әндерін көп білетін және оны өзгеше стильде мәнерлі орындайтын жап-жақсы әнші және домбырашы” деп жазса (“Қазақ халқының 1000 әні”, М., 1963, 508-б), Жансүгіровты Жетісу әндерін, Сейфуллин мен Мұқановтың Ақмола әндерін, Майлинның Қостанай әндерін, Жүргеновтың Сырдария әндерін, Сәтбаевтың Баянауыл әндерін терең түсінетін, қазақтың музыкалық халық шығармашылығын аса жоғары бағалайтын өнердің жанашырлары ретінде көрсетеді. Затаевичтің архивінде жарыққа шығарып үлгермеген қазақтың ән-күйлеріне арналған қолжазбаның 3 томы сақталған. Осы 3 томға кіруге тиісті ән-күйлердің біразын Қ.Байсейітов, Қ.Бабақов, Р.Елебаев, М.Ержанов, Ж.Елебеков, Қ.Жандарбеков және Д.Мықтыбаевтан жазып алған. “Қазақ халқының 1000 әні” жинағына жазған кіріспесінде Затаевич өзінің корреспонденттеріне зор алғыс айтқан болса, оның екінші жағында халық мұрасына деген қамқорлығы жатқаны анық. “Сіздермен бірге аштық, суық, індет жылдары жинаған еңбегімді, қадірлі менің дос-жігіттерім, өздеріңе қайтарам,” – деген сөздері соның куәсі.

Затаевичтің корреспонденттері

“Затаевичтің корреспонденттерінің” бірі – қазақ халқының аса көрнекті ақыны И.Байзақов. Этнограф оның өнерпаздығы туралы да дөп басып, оған өзінің әділ бағасын берді. “Затаевичтің корреспонденттерінің” көпшілігі 1920 – 30 ж. әр түрлі оқу орындарында білім алған қазақ жастары, курсанттар мен студенттер болса, енді бір тобы белгілі қоғам қайраткерлері (Ә.Жанкелдин, Т.Жүргенов, Ғ.Мұратбаев); қазақтың болашақ ғалымдары (Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, М.Фаризов); ақын-жазушылары (С.Сейфуллин, Б.Майлин, Қ.Жансүгіров, С.Мұқанов); өнер қайраткерлері (Е.Өмірзақов, Ж.Шанин, Ұ.Тұрдықұлова) және сол кездегі газет-журналда қызмет еткен журналистер. Бұлар “Затаевичтің корреспонденттері” болып қана қойған жоқ, сонымен бірге халық музыкасын жинауда оған ақыл-кеңес берген ең жақын ақылшылары да еді. Олар өздері туып-өскен өлкенің ән-күйлерінің ерекшеліктері туралы Затаевичке көп мағлұмат берді.<ref>Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8</ref>

Дереккөздер

<references/>

Үлгі:Stub: Қазақ мәдениеті {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}