Жікшілдік

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Жікшілдік<ref>Жантану атауларының түсіндірме сөздігі. — Алматы: "Сөздік-Словарь", 2006. - 384 бет. ISBN 9965-409-98-6</ref>, сепаратизм – 1) белгілі бір саяси топтардың өздері өмір сүріп отырған мемлекеттен жеке мемлекет ретінде бөлініп шығуға немесе сол мемлекетке тиесілі территорияны басқа бір мемлекетке қосуға ұмтылушылығы. Жікшілдік халықтың жаппай бұқаралық қозғалысы болмағандықтан оны ұлт-азаттық көтерілістердің қатарына жатқызуға болмайды. Жікшілдік, негізінен, мемлекет ішіндегі саяси тұрақсыздық пен алауыздық (ұлттық кемсітушілік, аз ұлттардың азаматтық құқықтарын шектеу, т.б.) жағдайында пайда болады. Сондай-ақ, өзге мемлекеттердің астыртын саясаты салдарынан да туындайды. Жікшілдік салдары мемлекет ішінде азамат соғысы басталу қаупін туғызады және мемлекеттік төңкеріс пен бөлініске дейін соқтыруы ықтимал. Жікшілдікке теориялық тұрғыдан анықтама берілгенімен, практикалық тұрғыдан, көбінесе, осы оқиғаға қатысты тараптардың мүдде қайшылығы оны айқын бағалауға мүмкіндік бермейді. Мысалы, Шешенстандағы (Ресей), Шыңжаң ұйғыр автономиясы ауданындағы (Қытай), Абхазиядағы (Грузия), Днестр бойындағы (Молдова), Таулы Қарабақтағы (Әзірбайжан) саяси шиеленістерге қатысушы тараптардың саяси мәлімдемелері екі түрлі. Бір жағы мұны өз тәуелсіздігі үшін күрес деп бағаласа, екінші жағы мұны жікшілдік іс-әрекеттердің қатарына жатқызады. Әлемдік саясатта салмағы басым мемлекеттер өз мүддесіне қайшы келетін осы тәріздес кез келген оқиғаларды жікшілдік деп атап, әлемдік қауымдастыққа өз көзқарасын мойындатуға тырысуы жиі кездеседі. Қазақстан Республикасы ұстанған салиқалы саясат нәтижесінде және оған тарихи территориялық, т.б. негіздердің болмауынан елде жікшілдік белгілері байқалған емес. Сонымен бірге болашақта қандай да бір жікшілдік әрекеттің алдын алу және болдырмаудың барлық саяси, заңдық механизмдері қарастырылған. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша жікшілдік әрекетпен іріткі салып, мемлекеттің тұтастығын бұзуға, қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге жол берілмейді;
2) саяси, діни, кәсіби, т.б. қоғамдық бірлестіктер ішіндегі алауыздық. Белгілі бір партия, ұйымдар, конфессиялардың ішіндегі жекелеген топтардың осы партия, ұйым, конфессия ұстанған бағытпен келіспей, оны қайта қарауға, өз бағдарларын өзгертуге шақыруынан бірлестік ішілік дау-жанжал туындайды. Ортақ пікірге келе алмай, көпшілік азшылықты қолдамаған жағдайда азшылық топтардың ол бірлестік қатарынан шығуы мүмкін. Осындай жікшілдік оқиғалар белең алған кезде мықты ұйымдасқан бірлестіктің өзі ыдырау процесін тоқтату мүмкіндігінен айрылады.<ref>“Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9</ref>

Дереккөздер

<references/> {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}} {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}