Жын

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Сурет:Жын-пері маскасы.tif
Жын-пері маскасы

Жын — (арабтық рухани, қазақ тілінде жын-пері, сайтан деп те айтылады) – мифологиялық бейне.

Табиғат заңынан тыс көзге көрінбейтін құпия жаратылысқа, жаман рухқа байланысты түсінік адамзат қоғамында өте ерте замандарда қалыптасқан. Ассириялықтар, вавилондықтар, мысырлықтар жынға сеніп, одан сақтанған. Ежелгі үнділер, қытайлар, гректер, парсылар сияқты көне түріктердің де "жаман рухтарға" сенгені мәлім. Дәстүрлі қазақ қоғамында қалыптасқан күл-қоқыс баспау, иесіз жұртқа түнемеу тәрізді, тағы басқа ырымдар ол орындарды "жындар жайлаған" деген сенімге байланысты туындаған. Есінен адасқан адамды "жын соқты", "сайтан шалды", "албасты басты" (Жынның бір түрі) деп есептеп, бақсы ойнатыпн, дұға оқытқан, ұшықтап емдеткен. Ақыл- есі дұрыс емес адамды "жынды" деп атаған.

Жын кейде адамдардың көзіне әр түрлі құбылыс (ешкі, ит, қыз, тағы басқа) кейпінде көрінеді депі санаған. Рухы биік адамдарға жынның шамасы келмейді делініп, әлсіз адамдар үшін өте қауіпті болып есептелген. Соған байланысты жыннан қорғану әдіс-тәсілдері мен ғұрыптар жиынтығы қалыптасқан. Бұл, әсіресе, қазақ ауыз әдебиетіндегі "қамшы" мен "қамшыгер" бейнесіне байланысты оқиғаларда көбірек көрініс тапқан. Сондай-ақ, қазақ ертегілері мен аңыздарында жындарға қатысты көптеген сюжеттер кездеседі. Қазақ мифологиясы бойынша, жындардың көптеген ерекшеліктері бар. Мысалы, алыс жерге бір сәтте барып келе алады. Адам баласы оларды көрмесе де олар адамдарды көріп қарап отыра алды.

Адам үшін тылсым құпия саналатын кейбір жайттарды біледі. Ұзақ өмір сүргендіктен тәжірибелері мол. Алайда жындар да ғайыпты біле алмайды. Жын түтінсіз оттан жаралғандықтан әр түрлі бейнеге ауысуға бейім. Әйтсе де ақыл-ой тұрғысынан адамнан кейін тұрады. Жындар ерікті және саналы тіршілік иесі, үйленіп ұрпақ жаяды. Адам жаратылмай тұрып, жер бетінің билеушілері солар болған. Жындар туралы Құран Кәрімде Алла тағаланың жындарды және адамзат баласын тек өзіне құлшылық ету үшін жаратқандығы айтылады. Сол үшін жындарға пайғамбарлар жіберілген. Сүлеймен пайғамбар жындарды бағындырып, олардың қабілетін пайдаланып, жұмысқа жекті, түрлі құрылыстар салғызды. Мұхаммед пайғамбар жындардың да пайғамбары. Жындардың бір тобы Мұхаммед пайғамбарды тындап, оған иманетті. Мұсылман және кәпір болып екіге бөлінетін жындардың гүл, ифрит сияқты бірнеше түрі бар. Ібілісте жындардың қатарына жатады. Сондай-ақ, жындардың арасында олардың көптеген көмекшілері бар.

Құран Кәрімде "жын-шайтандар" деп аталатын (әл-Әнғам сүресі, 112 аят) жындар адамдарды қорқытады, бойына үрей туғызып, көңіліне күдік ұялатады. Адамдарды адастырып, аздырып, иманның жолынан тайдыруға әрекет жасайды. Тың тыңдап, аспан әлемінен "сыр" ұрлап, естіген сөздерін жалғанмен араластырып, сиқыршылардың, балшы-бақсылардың және көріпкел тәуіптердің құлағына сыбырлайды. Мұндай жындар Құран оқылған жерден аулақ жүреді.<ref>Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010 жыл.ISBN 9965-26-096-6</ref><ref>Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2010 ISBN 9965-26-322-1</ref>

Дереккөздер

<references/>

Үлгі:Commons