Жусанды
Жусанды– Қызылқұм мен Сырдарияның қазіргі атырауы аралығында жатқан батпақты жазық. Қызылорда облысының Қармақшы аудан жерінде, Сырдарияның төменгі ағысының сол жағалауында, оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай 60 км-ге созылып жатыр. Абсолюттік биіктігі 102 м. Жазық беті сәл ғана тілімденген, Сырдарияның ежелгі Қуаңдария және Ескідария арналарын бойлай түзілген. Бетін жоғары антропогеннің құмды-батпақты аллювийлі шөгінділер жапқан. Жазықтың шөлді сұр, сұр қоңыр және тақыр келген сортаңды топырағында бұйырғын, тасбұйырғын, теріскен, күйреуік, т.б. сораң шөптер өседі. Қара сексеуіл шоғырлары өседі. Жер бедерінің ойпаңдау жерлерінде және Сырдария өзені бойында құрақ пен айрауық шалғындары кездеседі. Бұл жерлер шабындық саналады. Жусанның біраз бөлігі күріш өсіру үшін жыртылған.<ref name="source1">"Қазақ Энциклопедиясы"</ref>
Дереккөздер
<references/>