Жуан төбе қалашығы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Жуан төбе қалашығы - ерте - ортағасырлық заманда Шымкент-Арыс тас жолының Көлтоған (Мамаевка) ауылы маңындағы бұрылысынан басталған қалашық. Қаланың орны Арыс өзенінің сол жағалауынан оңтүстікке қарай 1 км жерде орналасқан. Ал одан бірнеше жүз метр жерде Арыстың сол террасасын бойлай Бөріжар қорымы (Жуан төбе зираты да) созылып жатыр. Қала цитаделі іргесінің шетін алған стратиграфиялық шурфтағы қазбаның нәтижесі бойынша ежелгі құрылысшылар ең алдымен жақсы пақса және күйдірілген кірпішті араластырып мықты жасанды платформа көтерген.Бұл деңгейдегі цитадельдің биіктігі 16 м, табаны бойынша өлшемі 165х130 м, бетіндегі солтүстіктен оңтүстікке (дәлірек айтсақ оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа) созылып жатқан тікбұрыш алаңның аумағы 85х75 м.Сонымен қатар, ертеортағасырлық қаланың өмір сүрген уақыты келесі кезеңдерді қамтиды: қала кейінгі кангюй кезеңінде бой көтерді, ал құлдырауы араб шапқыншылығына тұс келеді. Кейіннен көрші қала – Арсубаникет (Қараспан қалашығы) пен оның ұзын дуалмен қоршалған округі Кенджиденің гүлденуі самани әулетінің билігі тұсына сай келеді. Егер 1980-90 жылдардағы қазбалар Жуан төбе (Таяқсалды) қалашығының цитаделі мен рабадының хронологиялық межесі мен мәдени қабаттар ерекшелігін анықтауға бағытталса, онда 2004-06 жылдардағы қазбалар уақытты нақтылаумен қатар бұрын алынған тұрғын және қоғамдық ғимаратардың жобалануы жайлы мәліметтерді анықтады. Сондай-ақ қаланың саяси-әкімшілік міндетінен басқа да міндет атқарғаны анықталды. Қала ертеортағасырларда Арыс өзенін бойлап созылған жол бойындағы (ҮІІ ғ. жиі қолданылған) ірі салт-жоралғылық орталық болған.

Дереккөздер

http://www.madenimura.kz/kk/culture-legacy/region/south_kazakh_oblast/excavation/tobe