Жеткіншектер фольклоры

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Бес жаста безiп үйден тал ат мiнiп, Он жаста жарға ойнаған лақтайсың. Халық өлеңiнен

Халық ұғымында бала бес жастан бастап өзiнше дәурен кешедi. Бұл жастағы баланы «ойын баласы» дейдi, яғни бала өз тұрғыластарымен тiл табысып, ересектер өмiрiнен «азат» әлемге кiредi. «... Барша халық 5 пен 7 жас мөлшерiне ерекше мән бередi. Бұл кезеңде ата-аналар оларға кiшi балаларды бағып-қағуды, мал-жанға қарауды, басқа да үй iшiлiк жұмыстарды сенiп тапсыра бастаса, балалар бұл тараптағы мiндеттердi өз мойнына жауапкершiлiкпен алады... Бес, жетi жаста бала естияр болады деп есептеледi де, жаңа әлеуметтiк жүк арқалай алатындай орнықты мiнезге ие болады» – деп жазады И.С.Кон. Әрине, бұл жердегi баланың сәбилiк шақтан өтiп балалық кезеңге енуiнiң дәл бес жастан басталуы өте шартты ұғым. Ол бiртiндеп болатын, одан ертерек те басталып, кейде кешiрек те толысатын құбылыс. Яғни бала күн санап өскен сайын айтылатын жырдың мазмұны да өзгерiп күрделене түседi. Келе-келе ол өлеңдердi балалардың өздерi де жаттап алып айтып жүредi. Ал ересектер күнделiктi тұрмыста балаларға өз репертуарындағы күрделi фольклордың үлгiлерiн де үйретедi. Сондай-ақ түрлi әдет-ғұрып, жиын тойларға да балалар жай ғана тамашалаушы емес, шама-шарқынша белсене араласады. Сондықтан да ересектер фольклорындағы кейбiр жырлардың екi ортада қабат өмiр сүретiнiне таң қалуға болмайды. Бiр жағынан қарағанда балалар фольклоры деген терминнiң тым шартты көрiнетiн себебi де осында. Бұл орайда Э.С.Литвиннiң «Бiздiң ойымызша, балалар әдебиетiн кез-келген елдiң әдебиетiнiң тұтас даму процесiнен бөлiп қарай алмайтынымыз сияқты, балалар фольклорын да халықтың жалпы халық шығармашылығынан бөле-жара, оқшаулаудың жөнi жоқ. Балалар әдебиетiнiң классикасына айналған көптеген шығармалардың бастапқыда балаларға арналып жазылмағаны баршаға мәлiм. Пушкин ертегiлерiнiң, Свифт сатирасының, Диккенс пен Марк Твен романдарының тағдыры дәл осындай. Халық шығармашылығының өмiршең тәжiрибесi тек қана балалар аудиториясына әдейi арналып айтылатын шығармалардың ғана орасан көркемдiк әсерге ие емес екендiгiн көз жеткiзе дәлелдеп келедi, – деген дұрыс тұжырымына ден қоюға тура келедi. Әрине, үлкендер жырларының барлығын балалар өз репертуарына қабылдай бермейтiнi сөзсiз. Халық шығармашылығы тарихына барлай қарасақ, түрлi жырлардың балалар репертуарына өту процесiнде үлкен танымдық екшеудiң, таңдаудың болатындығын байқаймыз. Балалар поэзиясына тек олардың бала табиғатына, психикасына сай, халық педогогикасының талаптарына сәйкес келетiндерi ғана ауысып сол ортаға сай өзгерiстерге ұшырап өмiр сүретiнiн көремiз. Балалар ана тiлiнiң нәрiн түсiнiп, толық игере бастаған, ересектердiң басшылығымен күнделiктi шаруаға, түрлi әдет-ғұрыптарды атқаруға араласа бастаған сәттен бастап халық фольклорының да сырына ден қойып, игере бастайды. Алғашында олар жәй ғана тамашалаушылар ғана болса, бiрте-бiрте оның кейбiр үзiндiлерiн жаттап, ұққан-бiлгендерiн қабiлетiнiң жеткен жерiне дейiн бiр-бiрiне айтып, күнделiктi ойын үстiнде қайталап отырады. Мағжан сөзiмен айтсақ, «Айналасындағы тұрмыста ненi көрсе, соны iстейдi». Мәселен, үйленуге байланысты жиын-тойларда көрген-бiлгендерiн балалар өзiнше ойынға айналдырып, бiреулерi жар-жардан үзiндiлер айтса, ендi бiреулерi ұзатылған қыздың сыңсуын келтiрiп, ойын-күлкiге айналдырып жүретiндерi бар. Сол сияқты балалардың әр жиын-тойда болатын айтысқа да қатты елiктейтiнiн байқауға болады. Сондықтан да арғы дәуiрдегi айтыс ақындарынан Жамбылға дейiнгi жыр дүлдiлдерiнiң барлығы да айтыскерлiк жолдарын тым ерте, 9-10 жастарында бастағанын көремiз. Мұның барлығы да балалар шығармашылығы күнделiктi өмiрмен өте тығыз байланыста жатқандығының дәлелi. Бұл орайда балалардың қандай шығармаларға ден қоятынына М.Жұмабаев та көңiл аударды. Демек, жеткіншектер фольклорының қатарына жас балалардың репертуарына әбден сіңісіп кеткен Наурыз жырын, Жарапазанды, Маусымдық өлең-жырларды, Арнау- тілек өлеңдерді, Тақпақтар мен Сұрамақты, Қызықтаманы, Өтірік өлеңді, Мазақтаманы жатқызуға болады.

Дереккөздер: Кенжехан Ісләмжанұлы Рухани уыз. -Алматы, 2008.

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}