Жанқожа Нұрмұхамедұлы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Жанқожа Нұрмұхамедұлы (1795 - 1859) - қазақ батыры. Сыр бойы қазақтарының Хиуа, Қоқан хандықтарының езгісіне және Ресей отаршылдарына қарсы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы.

Хиуа және Қоқан хандықтарымен күрес

19-ғасырдың 20-жылдарынан бастап Сыр бойы мен Арал теңізінің шығыс жағалауын қоныстанған қазақтарға өз үстемдігін жүргізе бастаған Хиуа, Қоқан хандықтары 1830-1840 жылдары жергілікті халыққа өктемдігін одан әрі күшейтті. Хиуа хандығы Жаңадария, Қуаңдария, Қызылқұмнан өтіп, Қосқорған, Арал теңізіне дейінгі аралықтағы Сыр бойындағы қазақтарға шапқыншылықтар жасап, малдарын барымталап, әйел, бала-шағаларын тұтқынға алып кетіп отырды. Қоқандықтар шекара бекітіп, әкімшілік құрып, 1817 жылдан бастап салына бастаған бекіністерінен әркез жасақтар шығарып, бейбіт елді шауып, алым-салық жинап кетіп тұрды.<ref>“Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9</ref>

Осындай зорлық–зомбылықтан жапа шеккен қазақтар, жастайынан әділдігімен, батырлығымен елге танымал болған Жанқожаның төңірегіне топтасты. Жанқожа 17 жасында Кіші жүз құрамындағы Әлімұлы тайпасының жергілікті рулары сайлап алған Қылышбай ханның Хиуа бекінісіне жасаған жорығы кезінде жасаққа елеусіз еріп барып, ешкімге дес бермей тұрған қарақалпақ батыры Тықыны жекпе-жекте өлтіреді.
Осы жорықта әділетсіздігі үшін Қылышбай ханның өзіне де қол жұмсайды.

Бұл кездерде Жанқожа ауылы Қарақұмды жайлап; Ырғызды қыстаған. Қоқан хандығының Созақ бекінісіне орналасқан әкімдерінің жергілікті халыққа салынатын алым-салықтан тыс көрсеткен зорлықтары қазақтардың бас біріктіріп, бұл қамалға шабуыл жасауына себепкер болды. И. В. Аничковтың мәліметі бойынша, Қоқан әкімі Дәурен Созақ қаласының бектері Отыншы, Cушымен бірігіп Сарман биді өлтіреді. Созақта тұратын Құрман би араша түсуді өтініп, Жанқожаға арнайы хабар жібереді. Жанқожа елден қол жинап, Созаққа жорыққа аттанып, жолда Жаңақорған, Желек бекіністеріндегі қоқандықтарды қуады.

1830 жылдың күзінде Созақ бекінісін қоршауға алып, көмекке келген қоқандық Таған палуанды жекпе-жекте қолға түсіреді. Одан соң Жанқожа жасақтарымен бекіністің дарбазасын бұзып кіріп, Созақты басып алды. Қоқан бектері Отыншы мен Сушыны қолға түсіріп, баласын өлтіргені үшін Құрман биге тапсырады. Кейбір деректерге қарағанда, Жанқожа Қоқан хандығының Шымқорған, Қосқорған, Күмісқорған тәрізді бекіністерін де талқандайды. Хиуа хандығы Аллақұл ханның тұсында 1835 жылы Қуандарияның батысындағы Құртөбе деген жерге бекініс салып, онда 200 әскер ұстайды. Жанқожаға арқа сүйеп, алым-салық төлеуден бас тартып, Хиуа бегі Бабажанның озбырлығына көнбей жүрген сырдың төменгі сағасындағы қазақтарды тәртіпке келтіру үшін түрікмен Аймұхамед палуанды жасақтарымен жіберді. 1836 жылы Ақирек деген жерде елге тізесі батқан осы Аймұхамед палуанды Жанқожа жекпе-жекте өлтіреді. Басшысы мерт болған палуанның жасақтары бас сауғалап қашуға мәжбүр болды. Жанқожа бұдан кейін де Сыр бойындағы қазақтарды хиуалықтардың езгісінен құтқару үшін, олардың бекіністеріне жиі-жиі шабуыл жасап отырды. Оның бұл жорықтары нәтижелі болып, Хиуа бекіністері көп шығынға ұшырады.

Жанқожа Қоқан хандығының Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы Жаңақорған, Күмісқорған, Шымқорған және Қосқорған сияқты әскери бекіністеріне де шабуыл жасады. Ол Кенесары Қасымұлының әскери жасақтарымен белсенді байланыс жасап тұрды. 1845 жылы Жанқожа батыр Кенесары ханның өтініші бойынша Созақ әскери бекінісін басып алуға қатысты. Кейінірек Жанқожа батырдың Қоқан хандығымен көп жылға созылған тартысты оқиғалары басталды. Қоқандықтар 1851 жылы қазақтардың көп малын күшпен айдап алып кетті. Жанқожа батыр Ақмешітке дейін жорық жасады, қоқандықтардың әскери жасағын талқандады, Қосқорған бекініс-қамалын басып алды. Жергілікті қазақтар Қоқан езгісінен азат етілді.

1845 жылды көктемінде Хиуа хандығы Сыр бойындағы қираған бекіністерін қалпына келтіру үшін 200 жасақ аттандырады. Жанқожаның жігіттері олармен ұрыс салып, кері қайтарады. 1847 жылы көктемде Хиуа бегі Уайыс-Нияздың әскері Атанбас, Ақирек, Қамыстыбасты жайлап отырған қазақтарға шабуыл жасап, 1400 үйді ойрандап, тонап кетеді.

Осы жылдың тамыз айында Хиуа бегі Қожанияз бастап, қазақ сұлтандары Жанғазы Шерғазиев пен Елікей (Ермұхамед) Қасымов қоштаған шапқыншылар қазақ ауылдарын тағы да тонауға ұшыратады. Хиуалықтардың мұндай шапқыншылығы бір жылда бірнеше рет қайталанады. Тонауға ұшыраған елін қорғауға Жанқожа 700 сарбазымен қарсы шығады. Құрамында екі мың әскері бар хиуалықтар Жаңақала бекінісінің төңірегіне шоғырланады.

Хиуа хандарының шапқыншылық езгісінен әбден қалжыраған Сыр қазақтары амалсыздан патша үкіметін іс жүзінде танып, хиуалық бектерге қарсы күресте олардан жәрдем күтті. Жанқожа батыр орыс әскерлерінің келуін алғашында үлкен үміт, достық сезіммен қарсы алды. 1847 жылы Райымға келіп, бекініс сала бастаған Ресей әскерлеріне Жанқожа қарсылық көрсетпеді. Сол кездегі Орынбор генерал-губернаторы В. Обручевпен жолығып сөйлескен Жанқожа онымен орыс әскері жергілікті халықтың тыныштығын бұзбайтындығына және хиуалықтардың шапқыншылығынан қорғайтындығына келіседі. Жанқожаға Ресейдің Райым бекінісінің бастығы Ерофив бастаған отряд көмекке келіп хиуалықтарды бірге талқандайды. 1847 жылдың тамыз айында біріккен орыс-қазақ жасақтары Сырдың сол жағасында салынған Хиуа қамалы Жанақаланы қиратады.<ref>И.В.Аничков. Қазақ батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлы. А.,1991.</ref> Осы соғыста жауды өкшелей қуып, ерлік көрсеткен Жанқожа сарбаздары жалпы саны 3 мың түйе, 500 жылқы, 2 мың ірі қара, 50 мың қойды қайтарып, тұтқындарды босатады. Бұл соғыста қазақтар мен орыс әскерлерінің арасында «достықтың» алғашқы көрінісі байқалғандай болды. Сондықтан да қазақтар Сыр бойына келген орыс әскерлері мен қоныс аударушыларды шын достық пейілмен қарсы алды. Бірақ та бұл «достық пейіл» ұзаққа созылмады.<ref>Х.Маданов. Ұлы дала тарихы. А.,1993.</ref>

Патша өкіметіне қарсы көтеріліс

Патша өкіметі Сыр өңірінде реакциялық ішкі саясат жүргізіп, отарлық езгіні күшейте түсті. Қазақтардың саяси тәуелсіздігін жоюмен бір уақытта жақсы құнарлы жерлерін тартып алып, оған Орынбор әскерінің казактарын орналастыру жоспарлы әрі тиянақты түрде жүргізілді. Оның үстіне 1837 жылы Ресей өкіметі тарапынан бағынышты ел ретінде қазақтардан әр шаңырақтан 1 сом 50 тиындық жаңа салық енгізілді.<ref>Х.Маданов. Ұлы дала тарихы. А.,1993.</ref> Алайда кейініректе салық мөлшері екі есе көбейтілді. Бұл салық тарихта «түтін салығы», «шаңырақ салығы» деген атаулармен белгілі. Салық тең дәрежеде, халықтың әлеуметтік жағдайына қарамастан, яғни қатардағы жеркепе, лашық иелерінен де және ауқатты отбасыларынан да бірдей көлемде жылына бір рет жиналды. Салыққа ақша бере алмағандардың малы тартып алынды. Сонымен қатар Сырдария шекаралық өкімет ұйымдары қазақтарды Райымның және №1 форттың (Қазалы) әскери бекіністерін салуға мәжбүрлеу тәртібімен жұмылдырды. Бұл форпостарды салу үшін мыңдаған кедейлер айдап әкелінді. Мәжбүрлеу жұмыстарының салдарынан малшылар, егіншілер, балықшылар өздерінің жеке шаруашылықтарымен айналыса алмады. Суландыру жүйелері дер кезінде тазартылмады, сөйтіп егіншілер су тапшылығына ұшырады, адам қолы жетіспегендіктен аз егіннің өзін уақытылы жинай алмады. Ал 1849 жылы Райым бекінісіне Орынбор казак – орыстарының алғашқы жиырма алты отбасы қоныстандырылды. Олар бірте – бірте қазақтарды отырған жерлерінен ығыстырып шығарып, Сырдария жағасындағы шұрайлы және жақсы суландырылатын жерлерге орналастырылды. Соның салдарынан Сырдарияның егінші қазақтары пайдаланылмай жатқан құнарсыз жерлерді игеруге мәжбүр болды, ал кейбіреулеріне қоныс аударушылар мен шенеуніктердің қожалықтарында жалданып жұмыс істеуге тура келді.

Патша шенеуіктері мен әскерлері ауық-ауық елдің тыныштығын бұзып, бұл кезде егде тартып отырған Жанқожаға да маза бермейді. Орынбор шекаралық комиссиясының Сырдария жүйесі бойынша өкілі И. Осмаловскийдің көмекшісі болып есептелінетін тілмаш Мұхамедхасан Ахмеров пара жинауға шабармандарын Жанқожа ауылына жұмсайды. Жанқожа оларды «орыс заңында мұндай салық мүлде жоқ» деп қуып жібереді. Хиуалықтарға және қоқандықтарға қарсы күресте Жанқожа батыр ресейліктермен уақытша одақ құруға мәжбүр болған еді. Жанқожа батырдың 1847 жылы Хиуаға қарсы күресін пайдаланып қалуға тырысқан патша үкіметі оны өз жағына тартуға күш салып бақты. Осы мақсатпен оған Шекара комиссиясының есебінен жыл сайын 200 сом мөлшерінде жалақы төлеп тұру белгіленді. Оған Қарақұм мен Сырдария жағасындағы Борсыққұм қазақтарының басқарушысы деген лауазымды қызмет те ұсынылды. Ресей жоғарғы өкімет билігінің атынан батырға жасауыл деген атақ та берілді. Бірақ Жанқожа батыр патша үкіметі ұсынған барлық атақ, жалақы, қымбат бағалы сыйлықтардан да біржолата үзілді-кесілді бас тартты. Патша үкіметі Жанқожа батырды Кіші жүздің билеуші-сұлтандарына бағынышты етуге де тырысып көрді. Бұл қитұрқы әрекеттер батырдың патша үкіметінен іргені аулақ салуына себеп болды. Өйткені оның патшаның қолшоқпар шенеуніктеріне айналған сұлтандарға бағынуы тіпті түсіне де кірмейтін жиіркенішті нәрсе болатын. Мұндай келеңсіз құбылыстарға ашуланған Жанқожа көтеріліске шығуға мәжбүр болады.

1856 жылы желтоқсанда Сыр бойы қазақтарының Ресейге қарсы қарулы көтерілісі басталды. Бұған түрткі болған себеп ресейлік солдаттардың жергілікті үш қазақты кірпіш зауытының пешіне тірідей жағың жіберуі еді. Көтерілістің орталығы бұрынғы хан ордасы орналасқан Жаңақала болды. Көтерілісшілердің басым көпшілік бөлігі жаяу адамдар еді. Олардың қару-жарағы жер өңдейтін кетпен мен ұзын сапты шот, сойыл, садақ, найзалардан құралды. Оқ ататын аз ғана мылтықтары бар еді. Жанқожа батыр жедел қимыл жасай алатын бірнеше топ құрды. Олардың әрқайсысының қатары 150— 200 адамнан тұрды. Көтерілісшілер жасағы Қазалы маңына, Перовск бекінісіне таяу жерлерге орналастырылды да, белгі берілген кезде күтпеген жерден бірден лап қойып, шекара шебіне шабуылға шықты. Дұшпанның адам күші елеулі шығынға ұшырады.

1856 жылғы желтоқсан айының аяқ кезінде Қазалы қамалы қоршауға алынды. Қаратөбе манындағы Л.Булатовтың отрядына бірнеше рет шабуыл жасады. Көтерілістің бас кезінде Жанқожаның 1500-ден аса сарбазы болса, 1857 жылы қаңтарда олардың саны 5000-ға жетті. Жағдай Орынбор генерал-губернаторы В.А.Перовскийді қатты алаңдатты. Ол генерал-майор Фитингофт бастаған 300 атты казак, 320 жаяу әскер, 1 зеңбірек, 250 гусарь әскерімен қоса сұлтан Елікей Қасымов бастаған бірнеше жүз казак жасағы бар жазалау отрядын аттандырады. Жазалаушы әскер мен көтерілісшілер арасындағы шешуші шайқас 1857 жылғы 9 қаңтарда Арықбалық шатқалында өтті. Шайқас кезінде ақ туды Жанқожа батырдың өзі көтеріп тұрды. Бірақ батырдың нашар қаруланған жасағы от шашқаң зеңбіректің снарядына және мылтықтың калың оғына төтеп бере алмады. Жазалаушы отряд көтерілісшілерді ығыстырып, жолда кездескен қазақ ауылдарын шауып, тонаушылыққа ұшыратты. Фитингофт бастаған жазалаушы отряд ақпан-наурыз айларында көтерілісші халыққа қарсы тағы бірнеше рет жорыққа шығып, қазақ ауылдарына адам айтқысыз жауыздықтар жасады. 1856-1857 жылы қазақтардан тартып алынып есептелмей, талан-таражға түскенді қоспағанда, 79567 сомның малы сатылды. Көтерілісшілер қосыны басып алынды, мал-мүлкі талан-таражға түсті. 20 мың бастан астам малы айдап әкетілді. Көтерілісшілердің бытыраңқы топтары Қуаңдарияға қарай шегініп кетті, одан әрі Бұхара мен Хиуа асуға мәжбүр болды. Жанқожамен бірге 20 шақты қазақ ауылдары көшіп кетті. Жанқожа мұнда Хиуа, Бұқара немесе Қоқан хандары тарапынан өзіне одақтастар табуға әрекеттенді. Бірақ бұл саясатынан ештеме шықпады. Қазақтардың Жанқожа Нұрмұхамедұлы қолбасшылық еткен көтерілісі осылай аяқталды.

Патша үкіметінің әскери әкімшілігі Жанқожа Нұрмұхамедұлының көзін жою үшін Елікей Қасымов бастаған арнаулы жазалаушы әскер жіберді. <ref>Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010 жыл.ISBN 9965-26-096-6</ref> 1860 жылы жазалаушы әскер Қызылқұмның ішіндегі Жанқара көлінің басында отырған Жанқожа батырдың ауылын қоршауға алды. Қанды шайқастың барысында 80-нен асқан Жанқожа батыр жазалаушылардың оғынан қаза тапты. Батырдың өмірден өтер кездегі соңғы сәтін Л. Мейер былай деп суреттейді: «Қарт батыр оқ өтпейтін сауытын киіп, қару-жарағын асынып, үйінен шығып үлгерді. Бірақ аты жоқ екен. Ажалымның жеткен жері осы екен деп, ол бір төмпешіктің үстіне аспай-саспай шығып алды да, өз иманын өзі үйіріп, дұға оқи бастады... зулаған оқтар... көпке дейін оның сауытынан өтпей, тайқып ұшып, кері түсіп жатты. Ақырында бір оқ оның мойнына дәл тиіп, қарт батырдың өмірін қиып кетті».

Тағы қараңыз

Сыртқы сілтемелер

Дереккөздер

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}Үлгі:Bio-stub