Жанкент шаһары

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Жанкент қорғаны - республикалық сипаттағы археологиялық ескерткіш. Қазалы ауданы территориясындағы Өркендеу ауылдық округінің орталығына іргелес жатқан биік төбе сияқты топырақ басқан қорғанның орнында VІІ - ХІV ғасырларда Жанкент, Янгикент қаласы өмір сүрген. Түрікмен тарихшысы Абұлғазы Баһадүрдің айтуынша, оғыз еліне жүздеген жыл астана болып келген, Сыр өзенінің аяғында тұратын ұлы мұра - Жанкент қаласы еді. Оғыздар осы жерді ерте заманнан мекендеп, патшалары астана қала - Жанкентте отырған. Жанкент шаһары Сыр өзенінің сол жақ бетінде, Қазалы қаласынан 15 шақырым жерде жатыр.

Нақты деректер

Қорғанның аты - Жанкент.

Орналасқан жері - Қазалы ауданы, Өркендеу ауылынан 15 шақырым жерде. Хронологиялық шегі - ҮІІ - ХІҮ ғасырлар аралығы. Мекендеген халқы - Оғыздар мемлекеті. Негізгі зерттеу жұмыстары:'

Ең алғаш рет П. И. Лерх 1867 жылы зерттеу жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, Жанкентті С. П. Толстов, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті мен Әлкей Марғұлан атындағы археология институты және Мәскеудегі И. Н. Миклухо - Маклай атындағы этнология және антропология институтының ғалымдары зерттеді. Сондай-ақ, аудан көлемінде осы Жанкент шаһарына қатысты көптеген халықаралық конференциялар болды.

Тарихы

Тарих - біздің кешегі өткеніміз. Бүгінгі күн - кешегінің жалғасы. Өлке тарихы - туған жердің тарихы. Жердің тарихын білу - елдің тарихын білу. Тарих еш бұрмалаусыз, қоспасыз, шындыққа сай болғанда ғана тарих. Әрбір жердің өзіне тән тарихы болады. Ал әр жердің өзіндік атауы - бұл тек өзіндік тарих. Аңыз бойынша Жанкентті билеп тұрған қатыгез Санжар хан Қарабура Әзім әулиенің қаһарына ұшырап, 1153 жылы қарауындағы халқымен бірге опат болады, сақталған жазба деректерге сүйенсек, 1219 жылы күзде Жанкент қаласына моңғолдар шабуыл жасайды. Халықты қырып, қаланы өртеп жібереді. Отқа оранған қаланың үстімен қаһарлы Жошы хан шауып өтеді.

Жанкент шаһарының пайда болу тарихы негізінен алғанда «Бегім Ана» аңызының тарихымен пара-пар. Міне, осыдан соң, ондаған жылдардан кейін ғана қала халқы өздерінің сауда мен қолөнер кәсіпшіліктеріне қайта кіріседі. Қала ХІҮ ғасырда бұрынғы қалпына келеді. Енді жаңа Жанкент араб - мұсылман мәдениетінің орталығы саналады. Осылайша «мың өліп, мың тірілген» Жанкент тағы бір ғасыр өткен соң мәңгілікке жойылады. Яғни, ХҮ ғасырдан бері қаланың көне тарихтың куәсіндей томпиып орны ғана жатыр.

Қаланың жойылуына не себепші?

Бұл жайлы тарихи деректер былайша түсіндіреді. Жанкент Азия мен Еуропаны байланыстырған Ұлы Жібек жолының бо-йындағы қала болатын. Кейін құрлық арқылы өтетін дүние жүзілік керуен жолдары қысқара бастайды. Жанкент арқылы Сырдарияны кесіп өтетін үлкен жолдың да ғұмыры аяқталады. Сырдария мен Жаңадария, Қуаңдария бойындағы Жент, Жанкент, Күйіккескен, Күйік қаланы мекендеген халық осындай себептен және моңғол, жоңғар, қалмақ шапқыншылығының кесірінен күйзеліске түскендіктен атамекенді амалсыз тастап, бірте-бірте осы күнгі өзбек жеріне - Ташкент, Бұхара, Самархан, Хорезм маңына қоныс аударады.

Зерттеу жұмыстары

Зерттеушілердің пайымдауынша, Жанкент Ұлы Жібек жо-лында жатқан сауда - саттықтың үлкен қаласы болған. Мұнда хан сарайлары салынған. Жанкент әдемі кілем шығарудың, тұскиіз жасаудың, ат сайманын, садақ жебе жасаудың, көзе - сауыт шығарудың орталығы болған.

Жанкент қаласының орнын бірінші рет қазып, зерттеген орыс ғалымы П. И. Лерх. Ол көрген кезде қаланың ескі қабырғалары, кейбір архитектурасы, көшелерінің ізі әлі жоғала қоймаған. Сыртынан қарағанда, Жанкент қаласының түрі үлкен төбе сияқты үйінді болып жатқан. Оның аумағы төрт бұрышты, жан-жағы тұтасымен биік қыш қамалмен қоршалған. Қамал қабырғасының қалыңдығы 6 метрдей. Ең жақсы сақталғаны: оңтүстік қабырғасы. Онда қатар - қатар тізбектеліп, бірнеше биік мұнаралар, оқ ататын тесік көздер сақталған. Ең биік мұнара оңтүстік батысында болған. Қаланың ортасында жан-жағын қоршаған ескі сарайдың орны. Онда ел басқарушылары тұрған.

Үйлердің орнын, қабырғасын аршып көргенде, одан көптеген архитектура үлгісі, қабырғаға түсірілген суреттер, күйдірілген кірпіштер, көк, қызғылт шынымен жапқан көзе тақталар, терракоталар, ғаншпен жасалған өрнектер, көзе сынықтары, араб жазуымен әшекейленген сауыттар, тағы сол сияқты өнер өрнектері табылған.

Жанкент қаласын қазғанда табылған өзгеше нәрсенің бірі – сол ескі дәуірлерде әдемі дүние жасайтын шеберхананың орны. Оны қазғанда ішінен кірпіш күйдіретін, көзе сауыт күйдіретін, әдемі глазурь шыныларының шеберхана орындары табылған. Олардың барлығында сол кезде өндірісте істеген жұмыстардың қалдығы көп табылған. Соның бірі - араб харпімен жазылған кірпіш. Шеберханада табылған қызық нәрсенің бірі - глазурь қорытатын пештің қалдығы. Оның үстінде шойын қазан сақталған, оның іші қатып қалған глазурьдің ізі. Олардың бірталайы ХІІІ - ХІҮ ғасырдағы Алтын Орда (Дешті Қыпшақ) заманы мәдениетінен хабар береді. Жанкентте мыстан, күмістен жасалған ХІІІ - ХІҮ ғасырлардың теңгеліктері табылған.

Совет үкіметі кезінде Жанкентті зерттеп, одан осы сияқты көп заттар тапқан ғалым - С.П.Толстов. Әйтсе де, Жанкент шаһары толық зерттелді деп айта алмаймыз. Соңғы жылдан бері Қазалы ауданына келіп, Жанкентті зерттеуді қолға алған Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті мен Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының және Мәскеудегі Н. Н. Миклухо - Маклай атындағы этнология және антропология институтының ғалымдарының жұмысы әлі жалғасуда. 2007 жылы 26 қыркүйекте Қазалы қаласында аудан әкімі Айтбай Көшербайдың бастамасымен өткізілген Жанкент шаһарына байланысты халықаралық конференцияда Жанкент туралы, бұл шаһарды түпкілікті зерттеу, қала орнын ашық аспан астындағы музей ретінде туристік саяхаттың маршрутына енгізу жайлы мәселелер көрсетілді. Жанкент қаласы нақты қай ғасырда салынған, нендей себептермен жойылып кеткен деген сияқты сауалдарға толықтай жауап алатын уақыт әлі жете қойған жоқ.

Әзірше осы кезге дейін жинақталғагн мәліметтерге сүйенер болсақ, Жанкент шаһарының дәуірлеу кезі оғыз мемлекетімен тығыз байланысты болған. Олай болса, оғыздар дегеніміз кімдер? Осыған қысқаша тоқталып өтсек. Әрі сол оғыздардан шыққан атақтылар қатарына кімдер жатады?

Оғыздар. Қорқыт ата мен Әл - Фараби

Ұлы ғалым академик Әлкей Марғұланның жазуынша, «Қазақтар өзінің шежіресі бойынша, арғы тегін ууз елінен, үш оқ тайпасынан шығарып, осы себептен үш жүз атандық» дейді. Сол шежіре бойынша олар өзін ту баста түрікменмен туыс болғанбыз деп есептейді. «Қыпшақ шежіресі» деген кітапта: «Алашаханның екі баласының біреуін Сейілхан, одан сегіз арыс түрікмен, екіншісі Жайылхан, одан қыпшақ, кейін қазақ пен қарақалпақ шыққан, түрікмендер боз оқтан, қазақтар үш оқтан тараған» делінеді.

Ихсан Шайқ Дана ата «Оғыз-наме» атты шығармасында «Сейілханды» түрікмен елінің аты болып кеткен көзі дейді. «Оғыз-намені» жазғанда, оны барлық Сейілханға «бізден яд-гар болсын» деп тарту етіп ұсынады.

Ихсан Шаиқтың байқауынша, Оғыз хан Орта Азия мен Қазақстандағы барлық тайпаларды біріктірген алып кісі болса, Сейілхан - тек түрікмен елінің аты. Жырда да айтылады:

«Оғыз ханнан айырылсам, Күллі Сейілхан елтіміз»...

Жанкент қаласы Мауереннаһр жерін Еуропамен, Индиямен, Иранмен байланыстыратын ұлы керуен жолында жатқан. Жан-кент қазіргі Арал теңізі өңірінен шыққан ас тұзын шет елдерге саудаға шығарған. Еуропа елдері осыдан мың жыл бұрын ас тұзын осы Жанкент шаһарынан алдыртқан, оған дейін еуропалықтар тамақты тұз салмай пайдаланған екен. Жанкент қаласын, барша оғыздардың даңқын әлемге паш еткен Қорқыт Ата еді. Ғұлама ғалым Әлкей Марғұланның айтуынша, Қорқыт ҮІІ - Х ғасырларда Сыр бойын мекендеген Қаңлы ұлысының бір табы - Оғыз руы - Қияттардан шыққан. Ол кезде бұрынғы қаңлылар енді «Қаңлы - Қыпшақ» немесе «Оғыз - Қыпшақ» аталып, олардың астанасы Сырдарияның жағасындағы «Жанкент» қаласы болған.

Қорқыттың туып - өскен қаласы осы - Жанкент, қазіргі Қазалының күн шығыс жағында. Қорқытты бірінші рет таң қаларлық әдемі сөзбен ғылым жүзіне келтірген арабтың географы Истахри. Ол кісі Хорезмді, Сырдың бойын аралап жүріп, түріктер арасынан бұрын өткен екі данышпан ойшыл туралы әфсаналар естиді.

Бүгінде тарихи заманның биік ойшылы Қорқыт жырау туралы түрлі тілде байтақ көп мәліметтер жиналған. Оның көбі ескі түркі, парсы, араб жазуларынан алынған. Солардың ішінде көзге ерекше түсетін ең ғажабы орта ғасырдың асқан ғалымы, атақты тарихшы Рашид - ад - Диннің Қорқыт, Оғыз, олардың ұрпақтары туралы жазып кеткен «Жами - ат - тауарих» шығармасының бір бөлімінде әдемілеп суреттейді.

Күншығыс әдебиетіне белгілі болған атақты күйші - музыкант Әбу Наср әл - Фараби, әдебиет, тарих, этнология, археология ғылымдарының теңдесі жоқ білгірі корифей ғалым, академик Әлкей Марғұланның анықтауы бойынша, Қорқыт тәрізді ол да осы айтқан Жанкентте туып, Отырарда өскен. Сондықтан кейін атақты ғалым өзінің лақап атын Фраби не әл-Фараби деп атаған.

Әбу Наср әл - Фарабидің Қорқыт тәрізді атақты күйші болғаны Х ғасырдағы Византия жазушыларына да белгілі болады. Араб тілінде жазылған кітаптардың айтуынша, Фараби 870 жылы туып, 950 жылы сексен жасында қазіргі Сирия мемлекетінің Дамаск қаласында қайтыс болған.

Сөйтіп, қобызымен ескі дүниені күңіренткен Әбу Наср әл - Фараби Қорқыт күйшінің ізін ала шыққан, соның шәкірттерінің бірі. Арун - Рашид заманында әл - Фараби күйшіні Жанкенттен Бағдатқа алдырып, Бағдат халқы Фарабидің сұлу күйін тыңдайды. Бағдатқа барған соң Фараби араб, грек фәлсафасын үйренеді. Бір кітабында Фараби: «Мен Арситотель шәкірттерінің ішіндегі халыққа ең белгілісі едім, музыка өнеріне маһир едім» дейді.

Бұған қарағанда, Әл - Фараби Қорқыт күйін музыканың ең сұлу түріне жеткізіп, екінші жағынан Аристотельдің поэзия, музыка туралы жазғандарын оқыған, ол кездегі данышпан адамның бірі екенін көрсетеді.

Қорытынды

Жанкент туралы қазіргі кезге дейін жинақталған мәліметтер реті осындай. Біздің бұлардан түйетініміз: Жанкент - біршама ұлы ғалымдардың шыққан мекені, әрі бірнеше тайпа - мемлекеттерді әлемге паш еткен орын. Осыған орай, Жанкентті зерттеу алдағы жылдарда аудан халқы үшін маңызды мақсат болмақшы. Жанкентті зерттеу тек ауданға ғана тән емес, оны Республика ғалымдары толығымен қарастыруда.

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}