Жамбылтану
Жамбылтану – қазақ әдебиеттану ғылымының Жамбыл Жабаев шығармаларын жинау, жариялау және зерттеумен айналысатын саласы.
Жамбыл 14 жасынан бастап өлең айтып, 15 жасында Сүйінбай ақыннан бата алған, оның импровизаторлық мектебінен үйренген. 19 ғ-дың 60–70-жылдарынан бастап, Жамбыл Айкүміспен, Сары ақынмен, Бөлтірікпен, Майкөтпен, Сарыбаспен, Құлманбетпен, Досмағанбетпен айтысқаны, бәрін жеңгені туралы әдеби деректерді Жамбылдың ақын-шәкірттері Үмбетәлі Кәрібаев, Жартыбай Елікбайұлы, Шүкітай Әбдікәрімұлы, Кенен Әзірбаев, Өмірзақ Қорғабайұлы берген. Олардың қолжазбалары Қазақстан Білім және ғылыми министірлігінің Орталық ғылыми кітапханасының сирек қолжазбалар қорында сақталған. Жамбылдың айтыскер ақын екендігі туралы бұл деректер Жамбалтануғаға жол ашқан мәліметтер.
1913 ж. бұрынғы Верный, қазіргі Алматы қаласында Жетісудың ауыл шаруашылық-өндірістік көрмесі ұйымдастырылған. Жамбыл «Үйсін, Найман саңлағы, өстепкеде жиналдық» деген сатиралық өлеңін осы көрмеге байланысты шығарған. Орыс фотосуретшісі П.А.Лейбин көрмеден 139 фотосурет түсірген. Жамбылдың шығарм. өмірбаяны туралы жазбаша деректер 20 ғ-дың 20-жылдарынан басталады.
1925 ж. Ташкентте араб әрпімен «Терме» деген әдеби жинақ шыққан. Сонда Ш.Х.Сарыбаевтың «Халық әдебиеті және жинау жолдары» деген мақаласы жарияланған. Сол мақалада Жамбыл туралы мынадай деректер айтылады: «Жабайұлы Жамбыл – Жетісудың атақты, арқалы ақыны, жасы – 68-де, жылы – қоян, сауаты жоқ, тұратын жері – Ұзынқарғалы болысы, №4 ауыл. Жамбылдың жатқа білетін өлеңдері «Көрұғлы» дастаны, «Ерназар мен Бекет», «Сүйінбай мен Қатағанның айтысқаны», «Садыр патша мен Жамбыл патшаның заманы», «Сүйінбай мен Тезек төре», «Жамбыл мен Құлманбеттің айтысы», «Шалтабай» дастаны және шежірелер мен терме өлеңдері». Кезінде Жамбылдың бұл айтылған жыр-дастандарының көпшілігі әр жылдарда жарыққа шыққан кітаптарында жарияланды. Ал «Ерназар-Бекет», «Садыр патша мен Жамбыл патша» және «Шалтабай» дастандарының жазбаша нұсқасы сақталмағандықтан, баспасөз бетінде жарияланған жоқ.
1931 ж. жарыққа шыққан С.Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті нұсқалары» деген фольклорлық жинағында және 1932 ж. жарияланған «Қазақ әдебиеті» деген кітабында Жамбыл мен Құлманбет айтысының қысқаша нұсқасы берілген.Жамбылтану ғылымының іргетасын қалаған – М.О.Әуезов. Ұлы ғалымның Жамбыл туралы алғашқы мақаласы «Әдебиет майданы» журналының 1938 ж. №5 санында «Ардақты Жәке!» деген атпен жарияланған. Сонда «Сіздің жырыңыз – заманымыздың асыл ескерткіші» деген бағалы сөздер айтылған.
1948 ж. «Қазақ әдебиеті тарихы» (1-том, фольклор) жарыққа шықты. Сонда Әуезовтің «Айтыс өлеңдері» деген зерттеу мақаласы басылды. Автор қазақ айтыс өнерінің жарық жұлдыздары қатарында Сүйінбайды, Шөжені, Кемпірбайды, Жанақты және Жамбылды атайды. Жамбылдың ақындық күші – оның жүйелі сөзі мен логикалық ойларында деп таниды.
1946 ж. Жамбылдың 100 жылдық торқалы тойы дүние жүзі көлемінде салтанатпен аталып өтті. Аталған салтанатты мерекеде Әуезов «Жамбылдың айтыстағы өнері» деген тақырыпта баяндама жасады. Сонда халық ақыны Жамбылдың ел өнерінің алтын бесігінде өскендігі, Сүйінбайдың ұстаздық мектебі, Жамбылдың ақындық айналасы, Құлманбетпен, Досмағанбетпен айтысқаны, оларды зор халықшылдық қасиетпен жеңгендігі және «Өтеген», «Сұраншы», «Саурық батыр» жырларының тарихи негіздері, ақынның өмірдегі әр алуан құбылысты шапшаң айтып тастайтын, мысқыл, сын-сықақтары зерделенген.
Жамбылтану ғылымына қосқан еңбегі үшін 1996 ж. Садырбаевқа Жамбыл атындағы халықаралық сыйлық 1-дәрежелі лауреаты деген құрметті атақ берілді. Н.Төреқұловтың «Жамбыл және Кенен» (1978), «Жүз жасаған бәйтерек» (1982),«Алатау асқарынан жыр асырған» (1996), т.б. ғыл. еңбектері бар. Онда Жамбыл мен Кененнің шығарм. байланысы, Жамбылдың айтыстары мен дастандары және Дина Нұрпейісова, Сейфуллин, Әуезов, М.Ғабдуллиндермен Жамбылдың кездесулері туралы естеліктер жарияланған. Белгілі ғалым М.Жолдасбеков 20 ғ-дың 70-жылдары Жамбыл туралы бірнеше мақалалар жариялады. Олар: «Жүз жыл жырлаған жүрек» («Жалын», 1976), «Жыр алыбы» («Соц. Қазақстан», 1976, 29 ақпан), т.б. Жолдасбеков «Жамбыл және оның ақындық мектебі» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. 1993 ж. «Жүз жасаған жүрек» деген кітабы мен 1996 ж. «Асыл сөздің атасы» деген монографиясы жарияланды. Бұл аталған еңбектерде Жамбылдың ақындық мектебі, дәстүрі және өлеңдерінің көркемдік шеберлігі терең талданған. Жамбылдың шығарм. туралы бірнеше мақалалар жазған ғалымдар мен жазушылар: Ғабдуллин, Қ.Жұмалиев, Ә.Тәжібаев, М.Қ.Қаратаев, З.Ахметов, С.С.Қирабаев, М.Базарбаев, Н.Т.Сауранбаев, Ш.Қ.Сәтбаева, Ә.К.Нұрпейісов, С.Бегалин, Т.Жароков, Ғ.Орманов, Б.Уақатов, М.Хакімжанова, Р.Г.Сыздықова, О.Ә.Нұрмағамбетова, М.К.Хамраев, С.А.Қасқабасов, К.Сейдаханов, С.Негимов, т.б. Жамбылдың өмірі мен шығарм. туралы орыс оқымыстылары да көптеген мақалалар мен монографиялар жазған. Олар К.Л.Зелинский, К.Н.Алтайский, З.С.Кедрина, П.Н.Кузнецов, М.И.Ритман-Фетисов, М.С.Сильченко, Н.С.Смирнова, Н.С.Тихонов, Л.С.Соболев, В.Б.Шкловский, М.А.Шолохов, т.б.