Есеней Естемесұлы

Қазақ Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет
Мұнда ауысу: шарлау, іздеу

Есеней Естемесұлы (1798, Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы — 1870/71, сонда) — аға сұлтан, би. Орта жүз құрамындағы керей тайпасынан шыққан. Жастайынан ел ісіне араласып, шешендігімен, әділдігімен көзге түскен Есенейді Батыс Сібір губернаторлығының басқармасы керей-сыбан ауылдарының биі, старшина етіп тағайындайды. Есеней 1832 ж. 10 желтоқсанда керей болысының старшындары Т.Барлыбаев және Қ.Мамашевтармен бірге Батыс Сібір губернаторлығының басқармасына арызхат жолдайды. Бұл хатта шептік казак-орыстардың керей болысы қазақтарына жасаған қысымшылығы халықтың наразылығын туғызып отырғаны айтылып, мұндай істерге тыйым салынуын және қазақтарға қалааралық базарлар мен жәрмеңкелерде еркін сауда-саттық жүргізуге рұқсат беруін талап етті. 1834 жылы Аманқарағай дуанына қазы болып сайланған Есеней, көп ұзамай “тынышсыз мінезі” үшін бұл қызметінен босатылды (1836). 1842 ж. 18 тамызда ол керей-сыбан болысына болыс болып сайланып, 10 жылға жуық уақыт қызмет атқарады. 1852 ж. шілдеде Есеней Құсмұрын дуанының аға сұлтаны болып сайланып, 3 жылдың орнына 7 жыл қызмет етеді. 1859 ж. 12 мамырда Құсмұрын дуаны таратылып, Атбасар дуанының құрылуына байланысты Есеней Сібір қазақтары облысы басқармасының кеңесшісі болып тағайындалды. Есеней өмірінің соңғы жылдары селкілдек ауруына ұшырап, сол аурудан қайтыс болады. Есенейдің әйелі Ұлпан — Ғ. Мүсіреповтің “Ұлпан” романының басты кейіпкері. Есеней мен Ұлпанның бейіті Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Жаңажол аулынан солтүстікке қарай 4 шақырым жердегі Бай ауылы аталатын Есенейдің өз қыстауында.

Сілтемелер

Қазақ энциклопедиясы III том 12 тарау

Үлгі:Wikify

Үлгі:Суретсіз мақалаҮлгі:Stub