Ер Жәнібек Төлекұлы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Жәнiбек – ХVІІ ғасырдың бiрiншi жартысында өмiр сүрген қазақ батыры, әкесiнiң аты – Төлек, iнiсiнiң есiмi – Қантай. Қантай – бұл күндегi Қантай Керейдiң түп атасы. Жәнiбек жағасында дүниеге келген Қайранкөл оның өз атымен күнi бүгiнге дейiн «Жәнiбектiң Қайранкөлi» деп аталады. Жәнiбек жасында ауыл молдасынан оқып, хадимше хат танып, дiни бiлiм алыпты. Жәнiбектiң елi – Орта жүз Керей, оның iшiнде – Ашамайлы Керей, оның iшiнде – Тарышы Керей. Тарышы мерген Алтын орда ханы Өзбектiң бас ақылшысы әрi қырық уәзiрiнiң бiрi болған Танаш батыр Фархадұлының ең кiшi ұлы екен. Жәнiбек он жетi жасынан бастап батыр болып, көзге түсiп, жұрттан алғыс алған екен. Ол өзiне елдес Толыбай сыншы Дәулен батыр ұлы 1625­1668 жылдар аралығында әскерiн басқарып, Харақұла, Батар хонтайжылар басқарған жоңғар­қалмақ басқыншыларынан мұсылман елдерiнiң жер­суын, халқын қорғаған кезiндегi қазақ­қалмақ соғысына қатысқан екен. Дұшпандармен соғыста талай ерлiктер көрсетiп, жекпе­жекте қалмақтың бiрнеше батырын жер жастандырыпты. Жәнiбек заманында Салқам Жәңгiр, Шығай хандардың, ордабасы Толыбай сыншының оң қолы болған екен. Ол өз тұсында Ер Жәнiбек, Жәнiбек баһадүр, Сынықшы Жәнiбек, Жәнiбек сардар деген құрметтi атпен мұсылман қауымына мәшһүр болыпты. Ол туралы шығарған Қожаберген жыраудың «Ер Жәнiбек» атты, Дәстем салдың «Сынықшы Жәнiбек» деген тарихи дастандары болған екен. Бiр өкiнiштiсi сол, дастандарды жатқа бiлетiн ақсақалдардың соңы 1970 жылға дейiн өмiр сүрсе де, ешкiм осы аталмыш мұраларды жазып алған жоқ. Жәнiбек батырдан ұрпақтар бар. Олар Солтүстiк Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Архангелка, Үлгi ауыл­дарында, облыс орталығы Қызылжар (Петропавловск) шаһарында өмiр сүрiп жатыр. 1916 жылы «Прием» атты тарихи әрi өмiрбаяндық дастан шығарған әйгiлi ақын Бiржан Берденұлы (1890­1921) осы Ер Жәнiбектiң сегiзiншi ұрпағы екендiгi де Солтүстiк Қазақстан облысындағы мұсылмандарға мәлiм. Ұлы Отан соғысының ардагерi, Социалистiк Еңбек Ерi Есiм Шайкеұлы да осы Ер Жәнiбектiң тоғызыншы ұрпағы. Шоқанның өлiмiн Шыңғысқа, Зейнепке естiртушi екi адамның бiрi әрi Шыңғысқа бас көтерткен атақты Жолан батыр Сармантайұлы (1811­1898) да осы Ер Жәнiбектiң алтыншы ұрпағы екен.

Дереккөздер

  1. Айбын. Энциклопедия.
  2. Тарихи тұлғалар. Танымдық - көпшілік басылым.