Дәрі арша
Дәрі арша (Junіperus sіbіrіca) – кипарис тұқымдасы, арша туысына жататын мәңгі жасыл қылқан жапырақты бұта. Қазақстанда Алтай, Тарбағатай таулары мен Кетпен жотасында, Теріскей, Жетісу (Жоңғар) және Іле Алатауларында, Батыс Тянь-Шаньда кездеседі. Альпілік және субальпілік белдеулерде, кейде олардан төменірек орналасқан шыршалы ормандарда өседі. Биікт. 30 – 100 см-ге жетеді. Жапырағы имек ине тәрізді, ұзындығы 4 – 8 мм. Бүрі жеміс сияқты болады. Маусым – тамызда жеміс береді, жемісі етжең, түсі қара шар тәрізді. Тұқымы үш қырлы, оның құрамында эфир майы, қант, алма, құмырсқа қышқылдары, сары пигмент юниперин бар. Дәрі арша медицинада, тамақ және парфюмерия өнеркәсібінде пайдаланылады. Алматы, Алтай ботаника бақтарында қолдан да өсіріледі.<ref>Қазақ Энциклопедиясы</ref>
Дереккөздер
<references/>
“Қазақ Энциклопедиясы”, 5-том