Дүйсенбі Смайылов

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Дүйсенбі Смайылов - (1932 жыл, Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Отаршыл ауылы — 19.05.1975 жыл) — ақын, журналист, партия қызметкері.

Дүйсенбі Смайылов 1932 жылы Шиелі ауданына қарасты «Ортақшыл» ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Жеті жылдық мектепті осы ауылда бітіріп, Қызылорда педагогикалық училищесін, С.М.Киров атындағы Қазақтың мемлекеттік университетінің журналистика бөлімін бітірген. Еңбек жолын «Ортақшыл» жетіжылдық мектебінде мұғалімдіктен бастап университетті бітіргеннен кейін Шиелі аудандық комсомол комитетінің мектептер бөлімінің меңгерушісі, Шиелі аудандық «Стахановшы» газеті редакциясының жауапты хатшысы, «Коммунизм жолы» газеті редакторының орынбасары, Қызылорда облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, облыстық «Ленин жолы» газеті (қазіргі «Сыр бойы» газеті) редакциясының жауапты хатшысы, жаңадан ашылған Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінің редакторы, Шиелі аудандық партия комитетінің хатшысы, облыстық «Ленин жолы» газеті редакторының орынбасары қызметтерін атқарды. Дүйсенбі Смайылов басқарған жылдары аудандық «Өскен өңір» газеті республикада жүлделі III орынды иеленді. Сондай-ақ, ауданның мәдени өмірінің жаңғырып, жастар арасындағы тәрбие жұмысының жақсарып, түрлі бағыттағы іс-шаралардың өтуі Дүйсенбі Смайылов есімімен сабақтасып жатыр. Мәселен, «Жас дәурен» ән-би ансамблі халық аспаптар оркестрі, Қалмахан Әбдіқадыров атындағы әдеби бірлестік, «Халықтар достығы» клубы, спорт секцияларын құрып, аудан өміріндегі жастардың мәдени өміріне атсалысты. Дүйсенбі Смайылов КСРО-ның бірнеше орден, медальдарымен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 1975 жылдары облыстық «Ленин жолы» газеті редакторының орынбасары қызметіне тағайындалғандықтан алғашқы кезде аудан орталығынан қатынап жұмыс жасап жүрген. Сол жылдың 19 мамыр айында белгісіз жағдайда пойыздан құлап қайтыс болады.

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер

Сыртқы сілтемелер