Дала зонасы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Дала зонасы 77 млн га жерге тараған Қазақстанның біраз аумағын, дәлірек айтқанда, 27%-ынан астамын алып жатыр. Дала зонасы орманды дала зонасының оңтүстігінен басталып, батыстан шығысқа қарай 2200 км-ге созылған кең алқапты камтиды, шамамен 54°-50° с.е. аралығында орналасқан. Дала зонасына Батыс Сібір жазығының оңтүстік шеті, Торғай үстіртінің солтүстігі, Мұғалжар тауы түгелдей дерлік, Жалпы Сырт сілемдері, Каспий маңы ойпатының солтүстік жартысы, Орал етегі, Жем үстірті, Сарыарқаның солтүстігі мен орталық аудандары жатады. Дала климаты континентті, жазы ыстык әрі құрғак, жиі-жиі аңызак желі соғып тұрады. Ал қысы қатаң, қары жұқа болады. Қаңтардың орташа температурасы -16°-18°С, шілде айында солтүстігінде 18°С-тан, оңтүстігінде 23°С-қа дейін жетеді. Жылына 220-310 мм-ге дейін жауын-шашын жауады, бірақ мұның мөлшері солтүстіктен оңтүстікке қарай азая түседі. Климат жағдайлары егін шаруашылығымен шұғылдануға толық мүмкіндік береді.

Өзендері

Дала зонасы өзендерінің деңгейі төмен. Зонаны Ертіс, Есіл, Тобыл, Жайық, Нұра, Торғай, Шар, Ырғыз және бірнеше шағын өзендер кесіп өтеді. Олардың жылдық ағысының 80 %-ы көктемгі су тасу кезеңіне келеді. Егін шаруашылығы мен өнеркәсібі дамыған бұл аудандарда, су әлі де болса жеткіліксіз. Сондықтан да бөгендерде су жинап, оны су құбырлары мен каналдар (Ертіс-Қарағанды) арқылы пайдаланады.

Топырағы

Дала зонасының топырағы қара және қызыл қоңыр топырақ типіне жатады. Зонаның солтүстігінің топырақ қабатында жоғары өнім жинауға жеткілікті 6%-ға жуық шірінді бар. Оңтүстікке қарай топырақтағы шірінді кеми түседі де, бірте-бірте куаң далаға тән қызғылт күрең топырақка айналады. Бұл арада сортаң топырақты жерлер көбірек кездеседі, олар арнаулы тыңайтқыштар мен ерекше күтімді кажет етеді. Қызғылт күрең топырақтың құнарлы жерлері егін шаруашылығы үшін жарамды.

Өсімдіктері

Дала зонасы шөптесін өсімдіктерге бай. Мұнда боз, бетеге, атқонақ, еркекиіөп, кермек, қаңбақ басым өседі. Ойпаң және ылғалды жерлерде, әсіресе өзен жайылымдарында шалғынды өсімдіктер тараған. Шалғынды өсімдіктерден бидайық, қылқансыз арпабас, шалғынды қоңырбас басым, аса ылғалды жерлерде қияқ пен құрақ өседі. Бидайық шалғындарынан мол пішен алынады. Даланың оңтүстік бөлігінде негізгі өсімдіктермен қатар жусанның кейбір түрлері өседі. Кей жерлерде бұлар тұтас үлескілерді алып жатады. Дала өсімдіктерінің арасында дәрі-дәрмектік өсімдіктер де бар. Мысалы, жанаргүл, шайшөп, итмурын, дәрілік валериан кездеседі. Жаз бойы даланың түрі үнемі өзгеріп отырады. Дала көктемде ғана қысқа мерзімде алуан түрге бөленіп құлпырады. Шілдеде шөп қурап, сарғайып кетеді.

Жануарлары

Ашық дала кеңістігінде тіршілік етуге бейімделген көптеген түрлі жануарлар кездеседі. Қоршаған ортасының түсіне ұқсас келетін, жылдам жүгіретін әрі тез ұшатын, жылдың колайсыз мезгілдерінде де ұзақ ұйқыға кететін жануарлардың да түрлері бар. Дала сүткоректілеріне саршұнақ,қосаяқ, дала тышқандары, дала алақоржыныжатады. Бұлар егінге көп зиян келтіреді. Мұнда саршұнақ тұқымдасынан ірі суырлар (салмағы 10 кг-ға дейін) болады. Суырлар мен саршұнақтар ін қазып, топырағын сыртқа шығарып, үйіп тастайды. Қосаяқтар, саршұнақтар, дала тышқандары тіршілік ететін жерлерде жыртқыштардан күзен, аққіс, түлкі кездеседі. Олар терісі бағалы кәсіптік жануарлар қатарына жатады. Даланың оңтүстік аудандарында түлкі тұқымдасынан қарсақ кездеседі. Ол інінен тек түнде ғана шығып, жортады. Даланың барлық жерінде осы зонаның негізгі жануары қасқыр көп болады. Далада ақбөкендер кездеседі. Бөкеннің басы үлкен, қошкар тұмсық, денесі ықшам, аяғы жіңішке келеді. Бөкеннің жүгіргеніне көз ілеспейді. Бұдан едәуір бұрын далада үйір-үйір болып жүретін бөкендер қазір халықтың жиі қоныстануына байланысты біртіндеп шөлейт және шөл зоналарына қарай ауды. Далада құстардан дуадақ бар, бұлардың кейбіреулерінің салмағы 16 кг- ға жетеді. Одан басқа безгелдек, тырна, балықшы, бозторғай кездеседі, әсіресе қараторғайлар көп. Жыртқыш құстардан дала бүркіті дала құладыны, кезқұйрық бар. Далада көлдер көп, әдетте олар терең болмайды, жағалары жазық, жайпақ келеді. Көп көлдердің жағалауларында қамыс-құрақ пен ұсақ бұталар өседі. Онда суда және батпақта тіршілік ететін құстар көп кездеседі. Бұлар - қаз, үйрек, тырна, шағала, балықшы, қамыс торғайлары, аққұтан. Сарыарқаның ұсақ шоқылар арасындағы бытыраңқы орналасқан көлдерде суда жақсы жүзетін құстар - сүңгуір, гагара, крохалб, турпан болады.

Тыңайған жерлері

Қазан төңкерісіне дейін дала зонасы ғасырлар бойы көшпелі мал жайылымы ретінде пайдаланылып келді. Тың және тыңайған жерлерді игеру жылдарында (1954-59 ж.) дала зонасының 28 млн га жері жыртылды.<ref>Қазақстанньң физикалық географиясы, Алматы: Атамұра, 2008. ISBN 9965-34-809-Х</ref>

Дереккөздер

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}Үлгі:Geo-stub