Гистология

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Гистология — (грек. hіstos – тін және logos – ілім) – адамның және көп клеткалы жануарлардың тіндерін зерттейтін ғылым; Г-ның міндеті – тін эволюциясын анықтау, оның организмде дамуын (гистогенез), хим. қасиеттерін (гистохимия), клеткаларының құрылысын, атқаратын қызметін (гистофизиология) зерттеу. Жеке ғылым саласы болып Гистология 19 ғ-дың басында микроскоппен зерттеудің дамуына байланысты қалыптасты. Жалпы Гистология – тіннің дамуын, құрылысын және атқаратын қызметін зерттесе, жеке Гистология – адам және көп клеткалы жануарлар органдарының микроскопиялық құрылымын зерттейді. Кейде бұны «микроскопиялық анатомия» деп те атайды. «Гистология» терминін ғылымға неміс ғалымы К.Майер енгізген (1819ж.). Қазақстанда Гистология саласындағы жүйелі зерттеулер Алматы зоотех.-малдәрігерлік институты (1929ж., қазіргі Қазақ ұлттық агр. университеті) мен Қазақ мед. институтының (1932ж., қазіргі Қазақ ұлттық мед. университеті) гистология және эмбриология кафедраларында басталды. 1930–1960 ж. омыртқалы жануарлардың тіндері, олардың құрылымындағы ерекшеліктер тін филогенезі мен тін айналасындағы жағдайларға байланысты зерттелді. 1970 жылдан бері кейбір жалпақ құрттар мен жұмыр құрттардың жүйке жүйесі, ас қорыту органдары, сондай-ақ, малдың еті мен өкпесі, жүрегі мен қан тамырлары, терісі гистология тұрғыдан айқындалды. Тамақтану, ғарышқа ұшу жағдайларының адам мен жануарлар тініне тигізетін әсері анықталды. Жүйке талшықтарының адам органдарында тарамдану тәртібі зерттелді. Адам мен жануар тіндерінде ауырған кезде болатын гистол. өзгерістер сипатталды. Қазақстанда Гистология саласының дамуына үлес қосқан ғалымдар: Ф.Мұхамедғалиев, А.Зорина, Б.Шайкенов, І.Шағыров, З.Слободин, т.б. Қазіргі кезде Г-лық зерттеулермен Қазақстан Білім және ғыл. министрлігінің Зоология институты, «Биоген» жабық акцион. қоғамы, Қазақ ұлттық мед. ун-ті, т.б. жоғары оқу орындарының арнайы кафедралары шұғылданады.

Тағы қараңыз

Дереккөздер

  • Т. Мұсақұлов, ОРЫСША-ҚАЗАҚША ТҮСІНДІРМЕЛІ БИОЛОГИЯЛЫҚ СӨЗДІК І-том ҚАЗАҚМЕМЛЕКЕТБАСПАСЫ, Алматы — 1959, Редакциясын басқарған: Биология ғылымының докторы профессор Т. Дарқанбаев