Вильям Теккерей

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Үлгі:Infobox writer Вильям Теккерей (William Makepeace Thackeray, 1811-1864) ағылшын әдебиетіндегі «Мансапқорлар жәрмеңкесі», «Генри Эсмонд», «Ньюком» атты реалистік романдардың авторы.

Теккерей – ағылшынның ірі реалист жазушыларының бірі, Диккенстің замандасы. Ол Үндістанның Калькутта қаласында 1811 жылы дүниеге келді. Оның әкесі Ост-Үндістан компаниясының қызметкері, нақтырақ айтқанда британдық әкімшілік қызметтің шенеунігі болды. Алты жасында жетім қалғандықтан бала Уильямның тәрбиесіне майор Кармайкл-Смит жауапты болады, ол әрі өгей әкесі болып саналды. Теккерей әрбір «ағылшындық джентльменге лайық» білім алу үшін Англияға келіп, әуелі Чартерхаустағы мектепте, одан соң екі жыл Кембридж университетінде оқыды. Бірақ Уильям Кембридждегі оқуын аяқтамай шығып кетеді.<ref>Зарубежная литература. С.В.Тураев, И.Б.Дюшен, Г.А.Могилевская, А.А.Тахо-Годи. Москва, Просвещение, 1975</ref> 1832 жылдың жазында ол сол уақытта филологиялық ғылымдардың дамуымен аты шыққан Германияға келеді. Веймар университетінде, басқа да неміс қалаларында болып, Гетемен, бірқатар неміс жазушыларымен танысады. Әкесінің мұрагері болғандықтан, Теккерейге жастайынан әдебиетпен, живописьпен айналысуына мүмкіндік туды. Бірақ әкесінің бар байлығы сақталып тұрған банк банкротқа ұшырап, аяқасты кедейленіп қалған Теккерейге ақша табу үшін журналист, суретші-карикатурист болуға тура келді. Содан кейін ғана ол әдеби еңбекпен айналысты. Бірақ суретшілік өнерін де тастамады, көптеген шығармаларына өзі иллюстрация салды. Өзінің әдеби қызметін Теккерей 1840 жылдардың І жартысында журналист ретінде бастады. Өгей әкесі майор Кармайкл-Смит «Ұлт ұраны» атты радикалдық газет ашып, оның бар жұмысын Уильямға тапсырады. Жас Уильям бұл газетте шетелдік корреспондент ретінде жұмыс істеп, еңбек жолының алғашқы этабын бастайды. Бірақ «Ұлт ұраны» газеті аз уақыттың ішінде өз жұмысын тоқтатып, Теккерей шетелдік корреспондент ретінде өгей әкесінің «Конституционалист» (1836-1837) газетінде жұмысын жалғастырады. 1837 жылдан бастап «Фрэзер журналына» кіреді. Ол қоғамның саяси өміріне арналған көптеген очерктер мен заметкалардың, пародиялар мен шымшыма карикатуралардың авторы болды. Сондай-ақ Теккерейдің туындылары ең танымал юморлық апталық «Панчта» жарияланып отырды. Ол ішкі және халықаралық саясатқа араласып, британдық милитаризмді сынады, Ирландияның езілген, қаналған халқын қорғауға дауыс берді, Луи-Филипп монархиясын және елде тұрақты, қалыпты жағдайды жасай, сақтай алмай отырған ағылшын парламентінің виг және торилер партиясын өлтіре әшкерелеп, сынға алды. Теккерей әртүрлі көптеген пародиялар тудырып, реакциялық романтизм мен эпигон жазушылардың өмір шындығынан мүлде алшақ жатқан шығармаларын сынға алды, буржуазиялық тарихшылардың еңбектерін пародиялады.<ref>Тоқшылықова Г.Б. Шетел әдебиетінің тарихы. Алматы, 2010</ref> Теккерей – көптеген әңгімелердің, сатиралық повестердің, Англия өміріне арналған романдардың авторы. Жазушының дүниетанымы Англиядағы чартистік қозғалыс кезінде 1830-1840 жылдары қалыптасты. Оның ең әйгілі романдарында Англиядағы жұмысшылар көтерілісі, жағдайы, көңіл-күйі баяндалды. Теккерей – сатирик жазушы. Оның сатирасы буржуазиялық қоғамның әділетсіздігіне, озбырлығына негізделген. Теккерей Диккенс секілді революциялық қозғалыстың жақтаушысы болмаса да, халық толқуының әділдігі мен заңдылығын түсінді. Диккенс шығармалары секілді Теккерей романдары кең ауқымды емес, ол тек қоғамның жоғарғы класының мүшелері туралы, солардың өмірі, іс-әрекеті туралы жазды. Оның туындыларында халық өмірі, қарапайым халық арасынан шыққан образдар жоқтың қасы.

1848 жылғы еуропа революциясы кезінде жазылған «Мансапқорлар жәрмеңкесінде» де, «Көрсеқызарлар кітабында» да автор қоғамдағы әлеуметтік тәртіпті өткір сынға алады. Теккерей өзін фантазия, қиял әлемінде еркін қанат қағатын жазушылар санатына жатқызбайды. Ол үшін романның «бақытпен аяқталуы» оңай шешіле салатын нәрсе емес. Мысалы, «Мансапқорлар жәрмеңкесіндегі» капитан Доббин Эмилияны қалтқысыз сүйді және оны көптеген жылдар үмітін үзбей, төзімділікпен күтуінің арқасында, оған үйленді. Бірақ капитан армандаған бақытына жете алмады. Әрбір оқырман шығарманы оқып біткенде, ондағы кейіпкердің жеткен жетістігін немесе шыққан биігін емес, керісінше, сол жолда олардың басынан кешірген қиындықтарын, қасіретін, азабын ойлап, толғанады, жүрегі ауырады. Әлем әдебиетінің тарихына Теккерей ең алдымен ағылшын сыншыл реализмінің тамаша туындыларының бірі «Мансапқорлар жәрмеңкесінің» авторы ретінде енді.<ref>История зарубежной литературы ХІХ века. Под ред. Н.А.Соловьевой. Москва, Высшая школа, 2000</ref>

Дереккөздер

<references/>