Бұқтырма бөгені

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Бұқтырма бөгені (Үлгі:Lang-ru) - Ертіс өзенінде, Шығыс Қазақстан облысы аумағында, Қалба, Нарын, Күршім жоталары аралығында орналасқан Қазақстандағы ең ірі бөген.

Гидрологиясы

Су айдыны 5940 км2, ұзындығы 600 км, ені 40 км, ең терең жері 80 м. Суының көлемі 49,6 км3. Бөгеннің құрамына Қара Ертіс өзенінің атырауы, Зайсан көлі, Ақ Ертіс өзенінің бір бөлігі (бастауынан Серебрянск қаласына дейін), Бұқтырма, Нарын өзендерінің төменгі ағысы кіреді. Су деңгейі мамыр айының бас кезінде көтеріле бастайды да, тамызда ең жоғарғы биіктігіне жетеді. Қыркүйек айынан сәуірге дейінгі мерзімде су деңгейінің көп жылдық ауытқуы 5,0 м-ге жетсе, маусымдық тербелісі – 1,3 – 3,8 м аралығында болады. Суы тұщы. Минералдылығы 0,05 – 0,14 г/л, жұмсақ, химиялық құрамы – гидрокарбонатты кальцийлі.

Тарихы

Бұқтырма бөгенін толтыру 1960 жылдың сәуір айында басталып, 1962 жылы Ертіс өзенінің суы Зайсан көлімен қосылған соң біртұтас су айдынына айналды.

Морфометриялық ерекшеліктері

Бұқтырма бөгенін су түбінің морфометриялық ерекшеліктеріне байланысты шартты түрде үшке бөлінеді: жоғарғы (көлдік), орта (таулы-аңғарлық) және төменгі (таулық) бөліктер.

Шаруашылықтағы маңызы

Бөгенде фитопланктонның 280, зоопланктонның 260 түрі кездеседі. Сазан, Табан балық, көксерке, түрке балық (омуль), шармай, ақ амур, бақтақ, т.б. балықтар өседі. Жылына орта есеппен 8 – 9 мың т балық ауланады. Бұқтырма бөгеніндегі Өскемен, Бұқтырма су электр станциялары Шығыс Қазақстан облысының аудандарын электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Көктемде бөгеннен жіберілген су Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарының жүздеген мың га егісі мен шабындықтарын суландырады.<ref>Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі. Су шарушылығы. – Алматы, Мектеп, 2002.</ref> <ref name="source1">Қазақ Энциклопедиясы</ref>

Бұқтырма бөгенінің төменгі таулық бөлігінің көріністері

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер